Аймақтар • 16 Ақпан, 2019

Павлодарда «Инвесторлар үйі» ашылады

368 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл жайында өңір халқының алдында есеп берген облыс әкімі Болат Бақауов айтып өтті.

Павлодарда «Инвесторлар үйі» ашылады

Болат Бақауовтың айтуынша, «Инвесторлар үйі» бұрынғы «ҚазТрансОйл» АҚ филиалы орналасқан ғимаратта ашылады.Мұнда Оңтүстік Корея, Жапония және Грузияның тәжірибесі бойынша әрбір инвестор «Бір терезе» қағидасымен өз жобасына қатысты қызметтердің барлық түрін ала алады.

- Облыс инвестиция бойынша өз жоспарын орындауда. Өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция 474 млрд теңгеден асқан. Бұл көрсеткіш соңғы 3 жылда 1,4 триллион теңгені құраған. Сонымен қатар, шағын және орта бизнеске 100 млрд теңге инвестиция тартылды.

Болат Бақауов кәсіпкерлік секторында бүгінде 131 мыңнан астам адам қамтылған 44 мың нысан бар екенін атап өтті. Аталған сектордан түсетін салық 6 пайызға өсіп, 63 млрд теңгені құрайды.

- Бизнесті қолдау және жұмысты белсенді етуде мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланудамыз, - деді өңір басшысы. – «Бизнестің жол картасы» аясында кәсіпкерліктің 450 субъектісі 2,6 млрд теңгеге қолдау тапты.

Жалпы, еліміздегі әлеуметтік бастама және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несие жүйесімен берілетін қаржы 1,5 есеге өсті.Нәтижесінде жұмысын жаңадан бастаған 450 кәсіпкер жеке кәсібін айналымға енгізуге мүмкіндік алды. Оның дені-ауыл тұрғындары. Есептік кездесуде Болат Бақауов жергілікті басшылар халықтың жағдайына баса назар аудару керектігін атап өтті.

Фарида БЫҚАЙ, 

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы

Суретті түсірген Валерий Бугаев