16 Ақпан, 2019

Бүгін Болгариядағы турнирде Қазақстан боксшылары алғашқы жекпе-жектерін өткізеді

445 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бокстан Қазақстан құрамасы Болгарияда өтіп жатқан «Страндж» халықаралық турнирінде бүгін, 16 ақпанда алғашқы жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Болгариядағы турнирде Қазақстан боксшылары алғашқы жекпе-жектерін өткізеді

Аталмыш турнир 14 ақпан күні басталды. Оған әлемнің 40-тан астам мемлекетінен былғары қолғап шеберлері келді. Жігіттер -10, қыздар 8 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.

Қазақстан бокс федерациясы мәліметіне сүйенсек, бұл турнирге біздің құрама сапында Теміртас Жүсіпов (49 келі), Әнуар Мұзаппаров (52 келі), Қайрат Ерәлиев (56 келі), Закир Сафиуллин (60 келі), Санатәлі Төлтаев (64 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Ерік Әлжанов (75 келі), Бек Нұрмағанбет (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) қатысады. Боксшы Әбілхан Аманқұлдың жарақат алып қалуына байланысты оны 75 келі салмақта әріптесі Ерік Әлжанов алмастырып отыр.

Аталмыш турнирге біздің боксшылар бұдан бұрын да қатысқан. Былтыр қазақстандық былғары қолғап шеберлері 1 алтын, 4 қола медаль алып қайтқан еді.

Бүгінгі жекпе-жекте біздің жігіттер өз қарсыластарын анықтады. Әнуар Мұзаппаров Абрахам Перес (АҚШ) және Гаурав Соланки (Үндістан) жұбының жеңімпазымен кездессе, Қайрат Ерәлиев болгариялық Боян Асеновпен қолғап түйістіреді. Ал Закир Сафиуллиннің қарсыласы италиялық Франческо болса, Санатәлі Төлтаев Венсан Киркоров (Болгария) пен Максимилиано Одди (Италия) жұбының жеңімпазымен шаршы алаңға шығады. Ал Бек Нұрмағанбет - Атиф Оберлтон-кіші (АҚШ), Василий Левит - Санжар Тұрсынов (Өзбекстан) жұптары арасында бәсеке көрігі қызбақ. Ал ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев түрік жігіті Мусахит Ілиястың осал тұсын табуға тырысады.