18 Ақпан, 2019

Құтқарушым жылан болғаны ма?

1142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мезгіл жаз айы. Шіліңгір шілде. Күн ысып тұр. Жайық пен Шаған өзендерінің қиылысқан жерінде суға шомылушылар көп. Бұл тұстың асты да, жағасы құмайт. Ағысы бәсең. Жағажайы да үлкен-кішінің түсуіне ыңғайлы. Бірден ағызып әкетпейді. Қиылыстың арғы жағы мен бергі жағы көкке бой созған зәулім бәйтеректер. Шіліктер мен жейделер. Сол демалушылардың бірі едім. Суға бір құлаштап жүзіп келдім де, жағажайға шығып, күнге сәл қыздырынып алғанды жөн көрдім. Ет бетімнен жатқан күйімде қалғып кетіппі. Бір кезде өз-өзімнен селк ете түсіп, басымды көтеріп отыра қалдым да шілік жаққа көз тастадым.

Құтқарушым жылан болғаны ма?

О, тоба, жуандығы бас бармақтың үлкендігіндей, ұзындығы екі елі нән қара бас жылан тілін сүйректетіп тұп-тура маған қарай ирелеңдеп келеді екен. Жалма-жан ұшып түрегелдім. Осы сәтте арамызда бір метрдей ғана жер қалыпты. Жылан қалт тұра қалды да санаулы секунтардың ішінде басын күрт кері бұрып, жорғалай жөнелді. Артынан қумадым. Тиіспедім. Кім біледі, дәл сол арада аяқ астынан тас пен таяқ табыла қалғанда кесектер ме едім, қақ басынан сілейтіп ұрар ма едім.

Ойланып қалдым, апырмай жылан адамдарға өздігінен тиіспейді, уы мен зәрін шашпайды демейтін бе еді. Бұл тіршілік иелері өздеріне адамдар қауіп төндіргенде ғана қорғаныс амалына көшіп, оны шағып алуға әрекеттенуі басқа амалының жоқтығынан дегенді де естігенбіз. Сонда қалай болғаны?

Мен жыланға өздігімнен тиіскен жоқпын ғой. Жылан кері кеткен соң жатқан жерімнің бір жақ жанынан улы жәндік –бүйенің құм бетіне тырмысып жатқанын көзім шалып қалды. Сонда қалай, жылан менің құтқарушым болғаны ма? Жоқ, әлде қарабас жылан қалғып кеткен кезімді пайдаланып, қойныма жайғасып тілінің бізін сұққысы келді ме екен? Әлде бауырымен жорғалаушы бүйені нысанаға алды ма екен?бұған әлі күнге дейін көзім анық жетпейді.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ