Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

Исламдық қаржы жүйесінің тиімділігі зор

439 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда «Астана» халықаралық қаржы орталығының Үздіксіз кәсіби білім беру бюросы қаржы саласы бо­йынша арнайы курстар өткізіп, сынақтан сүрінбей өткендерге тиісті сертификат тапсырған болатын. Қаржы орталығы сертификатының беделі өте жоғары саналады, себебі ол халықаралық деңгейдегі білікті маман атануға жол ашады.

Исламдық қаржы жүйесінің тиімділігі зор

АХҚО академиялық қар­жы саласының түрлі ба­ғыт­тары бойынша 215 грант бөл­ген екен. Осы грантқа қол жет­кіз­ген талапты жастардың бірі – алматылық Әділбек Рысқұлов. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­теті­нің механика-математика факультетінің түлегі, қаржы саласына да маманданып, Ұлттық банктің магистратурасын тәмамдаған. 

– «Алматы» өңірлік қар­жы орталығында ислам­дық қаржыны дамыту басқар­масында жұ­мыс істеп жүріп, үшінші мамандық ретін­де Пәкістандағы Al-Huda Center of Islamic Banking and Finance университетін тәмамда­­дым. Мамандығыма қатыс­­­ты негізгі кәсіби жолым осыдан кейін басталды, – дейді қаржыгер.

Түрлі банктер мен сақтан­дыру мекемелерінде еңбек еткен жас маман – қазіргі таңда «Al-Sakr Finance» АҚ исламдық қаржы компаниясында департамент бастығы. Әділбек басқаратын департамент тәуекел менеджменті мен шариғат талаптарының сақталу мәселелеріне жауап береді. 

Қаржы саласында біраз тәжірибе жинаған, сарапшы ретінде де танылып қалған маманның халықара­лық сертификатқа не үшін қызығушылық танытқанын сұраған едік. 

– Ұлттық банк магис­тра­ту­расының түлегі бол­ған­дық­тан, халықаралық кәсі­би сертификат­тардың қан­ша­лық­ты маңызды екенін жақ­сы білемін. Былтыр АХҚО бюро­сы жайлы естіп, ойланбастан оқу­ға өтінім жаз­дым. Қазір 2 бағдар­ламаны: Ислам қар­жысының тиімділігі (IFQ) мен Қаржылық тәуе­­кел­дер менеджментін (FRM) тәмам­дадым, – дейді. 

Айтуынша, алғашқы бағ­дарламаның емтиханында балдың 80 пайызын жинапты. Бұл ретте ислами қаржы саласына қатысты білімі мен 8 жылдық еңбек өтілінің көп көмегі тиіпті. FRM емтиханы біршама қиынға түскен. 

– Бос уақытымның бәрін дайындықпен өткіздім. Тіпті, күнделікті тұрмыс-тіршілікті жиып қойдым десем болады. Отбасылы адам үшін бұдан асқан қиын дүние жоқ. Демалыс күндері, тіпті 8 сағаттан артық уақытты емтиханға арнадым. Егер жалпылай есептесек, апта сайын 40 сағаттан артық уақыт кетті, – дейді бұл туралы ол.

Қаржыгер Ислам банк­тері­нің барлық принцип­тері шариғатқа сай келетінін ай­та­ды. Онда бірінші кезек­те өсім­қор­лыққа тыйым салынған. 

– Шариғатта кез келген қарыздың міндетте­мелері оған қатысы бар талаптар тарапынан то­лық орындалуы тиіс. Егер клиенттердің бірі қан­дай да бір себеппен берешегін өтей алмаса, ислам компаниялары оның жағдайына түсіністікпен қарауға міндетті. Алай­да, клиент жағдайы бола тұрып несиені өтемесе, бас сау­ғалауға тырысса, алаяқтық әрекеттер жасаса, онда компания сол елдегі заңнамалар мен шариғаттың негізінде сотқа жүгінуге, берешекті толы­ғымен қайтарып алуға құ­қылы. Тағы бір айта кетер­лігі, басқа банктер клиент­тер­ге салынатын айы­п­пұл­дың неғұрлым көлем­дірек бол­ға­нына мүдделі, себебі оны табыс­тың бір көзі ретін­де қа­рас­тырады. Ал ислам банк­­тері үшін айыппұл салу қарапайым тәртіптік шара саналады, оны банк қайы­­рым­дылық мақсатқа жұм­сауға міндетті, – дейді қаржыгер. 

Әділбектің пайымдауынша, адамның табыс­қа жетуі­нің кілті – өзіне жоғары та­лап қою және мақсатқа ұм­т­ы­лу. Онсыз қандай да бір та­быс­­қа жету мүмкін емес. Ол алдағы уақытта Бюро­ның исламдық қаржы саласына қатысты бағдар­ламаларын оқуды одан әрі жалғастыруға ниетті.

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»