Ескірген атаулар өзгертіліп жатыр
Қарағайлар көмкерген, тамылжыған табиғаты бар Бесқарағай ауданы облыстағы ономастикалық мәселесі толық шешімін таппаған аудандардың қатарынан саналады. Аудандағы 10 ауылдық округтің үшеуінің (Глуховка, Канонерка, Кіші Владимировка), 28 елді мекеннің (Черемушка, Мостик, Лесной, Грачи, Кривинка, Старая Крепость, Стеклянка, Белокаменка) 8-інің әлі күнге дейін орысша аталып келе жатқаны баспасөз бетінде жиі сын садағына ілініп жүр. Десек те, аудан әкімдігі бұл тарапта тиісті жұмыстарды қолға алып жатқандықтарын айтады. Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 7 жылда аудандағы ауылдар мен көшелердің атаулары қазақшаланып, Бесқарағай, Жетіжар, Ерназар, Қарағайлы, Қарабас ауылдары бұрынғы тарихи атауларына ие болыпты. «Ауданымыздағы 28 елді мекеннің 18-і – қазақша. 2018 жылы Беген, Кривинка, Қара-Мырза, Қарабас, Өндіріс, Қарағайлы ауылдарындағы көше атаулары өзгертілді. Былтыр идеологиялық тұрғыдан ескірген 30 көшенің 10-ына жаңа атау берілді. Тағы да 12 көшенің атын ауыстыру бойынша құжаттар облыстық ономастикалық комиссияның қарауына жіберілді. 8 көшені қайта атау бойынша тиісті жұмыстар халық санағынан кейін жүргізіледі. Аудандағы 21 мектептің 8-і қазақша, 13-і орысша аталады. Қазіргі уақытта Борас орта мектеп-балабақшасына, Үлкен Владимировка, Семияр және Сосновка орта мектептеріне ат беру жөнінде тиісті жұмыстар қолға алынуда», дейді бөлім басшысы Әсемгүл Қалтаева.
Аудандық «Бесқарағай тынысы» газетінің бас редакторы, журналист Асылбек Қожахметов Бесқарағай ауданының 90 жылдығына орай шығарылған «Жемісті жылдар» атты кітабында жоғарыда біз келтірген Белокаменка ауылы кезінде Ақтас, Черемушка − Қиық, Мостик − Көпір, Канонерка − Қанайыр (Теңіз) деп аталғанын сөз етеді. «Канонерка деген атаудың түп-төркіні Қанайыр батыр есімінен шығатын секілді. Қанайыр ұрпақтары Қыдыралы, Шерхан, Баймұрын, Ерсайын Борсықбаевтардың атымен аталатын елді мекендер округте қазір де бар. Сондықтан келімсектер Қанайыр қорығын өздерінің тіліне ыңғайлы болған соң Канонер деп атауы да мүмкін. Ал Уақ Қанайыр батырдың кезінде болған Қос құдық, Қызылағаш деген жер атаулары әлі де бар. Қос құдықты қаздырған да – Қанайыр батыр. Екі құдықтан шыққан су бой бермей ақыры қосылып, қалың ойпатты толтырып, Теңіз аталғанын бүгінгі орта буындағылар біледі» деп жазады А.Қожахметов. Ендеше, Черемушка, Мостик, Белокаменка, Канонерка атауларын осы деректерге сүйене отырып, неге қалпына келтірмеске?!
«Әкімдер жиі ауыспаса екен»
Редакцияға жолдаған хатында бесқарағайлық ақсақалдар ауданда соңғы 5 жылда 4 әкім ауысқанын, олар небәрі екі жылға жетер-жетпес уақытта басқа ауданға әкім болып кетіп, өз жоспарларын толық жүзеге асыра алмай қалатынын, мұның жергілікті халыққа да өз әсерін тигізетініне алаңдаушылығын білдіріпті. Бесқарағайға барған сапарымызда Башкөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бексұлтан Жексенаевпен жолыққанымызда осы жайтты алға тартты. «Бесқарағай – табиғаты тамылжыған, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, туризмді өркендетуге қолайлы аудан ғой. Бәлкім, содан ба екен, аудан басшылары жиі ауысады. Қазіргі аудан әкімі Дәулет Батырбаев 2017 жылдың желтоқсан айында бізге әкім болып тағайындалды. Қолынан келгенше аудан игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Былтыр ауданымыздың 90 жылдығын ойдағыдай атап өттік. Мерейтойға Ресейдің көршілес Михайловка, Павлодар облысының Лебяжі аудандарының делегациялары шақырылып, ғылыми конференцияға облыс әкімінің орынбасары Ә.Нүсіпова қатысты. Шара аясында 1932-1933 жылдары ашаршылықта қасірет шеккен, 1937-1938 жылдары репрессияға ұшыраған, Ұлы Отан соғысында өз өмірлерін қиған және елге оралып туған жерлерінің дамуына үлестерін қосқан майдангерлер, тыл және еңбек ардагерлеріне құран бағышталып, аудан кәсіпкерлерінің көмегімен күрделі жөндеуден өткен мешіт ашылды», дейді ақсақал.
Жұмыс демекші, бүгінде Бесқарағай ауданында түйіні тарқамаған, аудан әкімінің тікелей араласуын күтіп отырған өзекті мәселелер де жоқ емес. Орталық су жүйесінің жоқтығы, автобекеттің қажеттігі, жұмыссыздық секілді бұл мәселелерді аудан тұрғындары жақында облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен аудан әкімі Д.Батырбаевтың есепті кездесуінде айтқан болатын. Аймақ басшысы орталық су жүйесін орнату үшін әуелі жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу керектігін, тиісті қаржы содан кейін бөлінетіндігін тілге тиек етіп, 2019 жылы ауданға 500 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылатынын жеткізген-ді. Нақтырақ айтсақ, 250 миллион теңге жатақхана құрылысын салуға, 80 миллион теңге жолдарды жөндеуге, 50 миллион теңге аудан орталығын абаттандыруға және жолдарды асфальттауға, 120 миллион теңге жергілікті колледжді жабдықтауға жұмсалмақ.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы