Бизнес • 18 Ақпан, 2019

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша қабылданған шаралар талқыланды

559 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрлігі Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кәсіпкерлікті дамыту бойынша қабылданған шараларды талқылады.

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша қабылданған шаралар талқыланды

2019 жылғы 14 ақпанда «Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің «Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданудың тиімділігі» тақырыбындағы отырысы өткізілді. Онда бизнесті тексеру, есептілікті азайту, негізсіз реттеуді шектеу және басқа да мәселелер талқыланды.

Кеңес жұмысына мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «ҚазАгро» ҰБХ және қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

2018 жылғы мамырда бизнес үшін айрықша оқиға болған кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру жөніндегі заң қабылданды. Бұл заңның басты реформаларының бірі мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесінің түбегейлі өзгерісі болып табылады. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Департамент директоры Асланбек Жақыпов өз баяндамасында республикада қабылданған кәсіпкерлікті дамыту шаралары туралы айтты.

Атап айтқанда, 2019 жылдың басынан бастап ішінара тексерістердің орнына жаңа «алдын-ала бақылау» институты енгізілді.

А. Жақыпов атап өткендей, қазірде бақылаудың мақсаты кәсіпкердің жазалау емес, оған көмек пен кеңес беру.

Бизнеспен ашық диалог құру үшін тиісті Министрлік бизнеске арналған қоғамдық қабылдаулар, яғни «ашық диалог терезесін» өткізеді. Бұл кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін қорғауға арналған өзіндік бір алаң болмақ.

Аталған қабылдаулар ҰЭМ өткізген бизнес субъектілерінің құқығын қорғау жөніндегі бақылау шараларының шеңберінде 3 күн бойы жұмыс істейді. Бірінші қоғамдық қабылдау 2019 жылғы 20-22 ақпанда Алматы қаласында өткізіледі.

Экономикалық саясат жөніндегі кеңес мүшесі, депутат Альберт Рау отырысқа қатысушылардың назарын кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететін кредит, субсидия мәселелеріне және басқа да механизмдерға аударды.

Фракция Кеңесінің Төрағасы, депутат Бейбіт Мамыраев отырысты қорытындылай келіп, жалпы Кәсіпкерлік кодексті қолдану бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Дегенмен, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа Заңның іс жүзінде қаншалықты жәрдемдесетінін айту қиын. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес Кодекстің «тіршілік қарекетіне» жүйелі түрде мониторинг жасауды ұсынады. Себебі ел экономикасының дамуы мен әрбір азаматтың әл-ауқаты тікелей осы Заңға байланысты.

Сонымен бірге Ұлттық экономика министрлігі «Нұр Отан» партиясының фракция депутаттарымен бірге Қазақстан Республикасында бизнес жүргізуге және экономикалық өсуге қолайлы жағдай туғызу жұмысын жалғастырады.