Қазақстан • 19 Ақпан, 2019

ШҚО-да 7 күнде 1200 көпбалалы отбасы медициналық тексеруден өтті

517 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірде «Саламатты Ана мен Бала» айлық-акциясы жалғасуда. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 күн ішінде 1200 көпбалалы отбасы (мыңға жуығы - ана, 2999-і – бала) тексеруден өтіп, дәрігерден кеңес алыпты. 

ШҚО-да 7 күнде 1200 көпбалалы отбасы медициналық тексеруден өтті

Айлық аясында медбикелер, әлеуметтік қызметкерлер мен медициналық ұйымдардың психологтары үйді-үйді аралап, көпбалалы отбасылардың денсаулықтарын тексеруде. «Әйелдің бір міндеті – өмірге ұрпақ әкелу. Бірақ дүниеге бала әкелу оңай ма? Көп күш-жігер жұмсаймыз, денсаулығымыз әлсірейді. Бала-бала деп жүріп кейде өзіміздің денсаулығымызды қарауға уақытымыздың болмай кететіні рас. Дәрігерлер біздің үйге де кеп балаларды көріп кетті, өзім емханаға бардым», - дейді Көкпекті ауылының тұрғыны, 7 баланың анасы Айнұр Нұрпейісова.

Акция аясындағы бір аптада 1 мың анадан 375 тыныс алу органдары мен гинекологиялық дерт белгілері анықталыпты. Балалар арасында тыныс органдары аурулары 52 процентті құрапты. Оларға амбулаторлық және стационарлық ем тағайындалыпты.

Естеріңізге сала кетейік, «Саламатты Ана мен Бала» айлық-акциясы облыста 12 ақпанда басталған болатын. 12 наурызға дейін жалғасатын акция аясында төрт және одан көп балалары бар отбасылардың мүшелері тұрғылықты жерлері бойынша диспансерлік және алдын алу тексерулерінен өтіп, консультациялық көмектер алады.

  Азамат ҚАСЫМ,

 «Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы