19 Ақпан, 2019

Батыр бала екі бүлдіршінді құтқарып қалды

1151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкенттік 13 жасар бала екі баланы өрттен құтқарып қалды. Көршісінің кішкентай қызы Арайдың жанұшыра көмек сұраған даусын естіген бойда бала батыр Бақытжан сынған қолына қарамай қызыл жалын шарпыған үйден екі баланы сыртқа алып шыққан. 

Батыр бала екі бүлдіршінді құтқарып қалды

«Арайдың даусын естіген бойда үйге кіріп бардым. Қою түтін аралас өрт ішінде бір бұрышта көршімнің 6 жа­сар қызы мен 3 жасар ұлы қат­­ты қорқып жүре алмай отыр екен. Жарақат алған қо­лы­­ма қарамастан дереу бі­реуін көтеріп, екіншісін же­тек­­теп қауіпсіз аймаққа алып шық­тым. Су беріп, құтқа­ру шарал­арын жасадым. Қай­ғы­лы жағ­дайдың алдын алуы­ма мектеп қабырғасында өрт қауіпсіздігі туралы оқып-­үйренгендігімнің пайдасы тиді», дейді Бақытжан Құдай­құлұлы.

Батыр бала анасына 101 же­лісіне хабарласуын ескерткен. Алайда, өрт сөндіру қыз­мет­­керлері жеткенше үйді лау­ла­ған өрт құшағына алып үлгерген.
16 ақпанда Абай ауда­ны­ның Құрсай шағын ауда­нын­дағы үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама сағат 16.39-да келіп түс­ті. Өрт сөндіру қыз­ме­тінің 14 адам­нан құрал­ған тобы Жаңа­құрылыс көшесіндегі уақыт­ша салынған үйдегі (времянка) 60 шаршы метрді шар­­пыған өртті 2 сағатта сөн­дірді.

Төтенше жағдай қызметі таратқан ақпарат бойынша өрт салдарынан адам шығыны орын алған жоқ. Бұған басты себепкер – құтқарушы бала», дейді мамандар.

Осылайша айдың-күннің аманында көрші баланың ер­жү­рек­тігінің арқасында екі бүл­­діршін ата-анасымен қай­та қауышты. «Балалардың қат­ты қорыққаны болмаса, жағ­дайлары жақсы. Өрт болған кезде үйде ата-анасы болған жоқ. Мамандар өрт­тің себебін анық­тауда», дейді Тө­тенше жағ­дайлар департамен­тінің өкілі Мадияр Елеусізұлы. 

Бақытжанның сынып же­­текшісі Бақытгүл Лекеро­ваның айтуынша, батыр бала төрт ағайын­ды баланың кен­жесі екен. Сы­ныпта тек белсен­ділігі­мен көзге түсіп жүретіндігін жеткізді.

«Оқушымыздың бұл әре­кеті өз қатарластарына үл­кен өнеге болары анық. Се­бе­бі, жанып тұр­ған отқа жас бала түгіл үл­кен­­­дердің өзде­рі тіксінбей кіруі мүм­кін емес. Сыныпта айнала­­­сына мейі­рім шуағын шашып жүре­тін Бақытжанның тәрбие са­ғаттарына қатысуы да бел­сен­ді. Білім ұясы осындай батыр перзенттермен мақтана алады», дейді сынып жетекшісі.

Қалалық ТЖД басшысы Нұр­болат Дербісов батыр ұл­ды ар­найы Алғыс xатпен марапаттады, сондай-ақ «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау үшін елі­міз­дің ІІМ атына және арнайы алғыс xатпен марапаттау үшін қалалық әкімдікке ұсыныс жолдады.

Департамент басшысы ер­жүрек баланың бұл әрекеті біз­ге үлкен көмек болды дей­ді. «Бо­­лашақта дайын құтқа­ру­шы бо­луға сұранып тұр. Са­­лалық жо­ғары оқу орын­дар­­ына түсуіне кеңес береміз әрі қол­­даймыз», дейді Н.Дер­бісов.

Өрттің неден туындағаны да кейіннен анықталды. Негі­зінде үйдегі алты жасар қыз бен үш жасар ұл оттықпен ой­нап отырып, артынша өртке ұласқан. Өздері өшірмек болған өрт ұлғая түскен.

Төтенше жағдайлар депар­та­­ментінің қызметкерлері Кұр­сай шағын ауданында бір­неше рет рейдтік іс-шаралар өткізген. Шаһардың шағын аудандарында өрт апаттарының жиі орын алатынының себебі, көптеген үйді жылыту үшін қатты отын пайдаланылады.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

ШЫМКЕНТ