Руханият • 19 Ақпан, 2019

Ұстаз туралы сыр

1103 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұстаз дегенде... Мектепте алғаш әріп үйретіп, білім жолымен жетелеген адамдардың барлығы бізге ұстаз. Біз олардың берген білімін, тәлім-тәрбиесін өз кәдемізге жаратып, болашақ мамандығымызды меңгеруге жол ашамыз. Сонымен қатар шәкірт оқыту мен білім беруді кәсіп тұтпаса да, өзінің бүкіл болмысы, жүріс-тұрысы, ұстанымы, өмірге деген көзқарасы, айтқан ақылы арқылы саған ешбір оқу ордасы оқыта алмайтын өмірлік сабақ беретін адамдар да болады. Олар – өмірдегі ұстаздарың. Осындай ұстаздардың бірі Сәрсенбаев Есенәлі аға еді. 

Ұстаз туралы сыр

Мен өткен ғасырдың 70-ші жыл­да­ры­н­ың соңы 80-ші жылдарының басында бұрынғы КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары милиция мектебінде тыңдаушы болдым. Ол кезде бұл мектепте оқу оңай болған жоқ. Мен мысалы, осы оқу орнына орта мектепті бітіре сала 16 жасымда түстім. Біздің арамызда мектеп қабырғасынан келіп түскен балалар көп болды. Сонымен қатар әскери борышын өтеген, өмір көріп, тіс қаққан жігіттер де баршылық еді. Оқуға түскендердің едәуір бөлігін милиционер қызметін атқарып, иықтарына сержант, старшина погондарын тағып келгендер құрады. Олардың ішінде отбасын құрған, бала-шағалы азаматтар да болды. Солармен салыстырғанда 16 жастағы біз – бұғанасы бекімеген, қабырғасы қатпаған, бір сөзбен айтқанда, «сарыауыз балапан» едік. Соған қарамастан, топтағы сақа жігіттер арасында қатал әскери тәртіпке шыдамай, оқуын орта жолдан тастап кеткендер аз болған жоқ. 

Ол кезде Қарағанды жоғары милиция мектебінде тек қана жігіттер оқитын. Қыз­дарды оқуға қабылдау тек 90-шы жылдар­дан бастап қана жүзеге асырыла бастады. Оқу орнындағы тәртіптің қат­тылығына, бәлкім, бұл да әсер еткен болар. Дегенмен, сол шақта Қарағанды жоғар­ы милиция мектебі бүкіл Одаққа өзі­нің темірдей тәртібімен ғана емес, білім үлгерімімен, аса білікті ұстаздарымен де белгілі болды. Оқу орнының басшысы генерал-майор Б.Бейсенов осы оқу ордасының іргесін қалап, қабырғасын нығайтып қана қоймай, оны мықты ұстаз-ғалымдармен де толықтыра білді. Олардың әрбірі үлкен тұлға болатын. Кеңес өкіметі кезінде Қазақстандағы заңгерлер үшін ең алдыңғы қатарлы кітапхана да осы оқу орнында болды.
Әйгілі қолбасшы, біртуар батыр Бау­кең «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп айтпақшы, Қара­ған­ды жоғары милиция мектебі мен оның барлық түлектерінің бүкіл жетістігі осы тәртіп пен тәрбиені, білім мен біліктілікті шебер ұштастыра білуде болса керек.

Шынында да тәртіп өте қатаң болды, оның қатаңдығы сонша, сәл ғана тәр­тіп бұзушылық үшін оқудан шығарып жібе­ре­тін. Тыңдаушылардың бәрі әрдайым сап түзеп жүретін. Таңертең міндетті түрде денешынықтыру жасайтынбыз. Жеке құрамның бәрі төрт жыл бойы казармада тұрды.

Арамыздағы бірен-саран отбасылы адамдар ғана қалада тұруға рұқсат алды.

Сол тәртіпке шыдап, бағынып, сапалы білім алған шәкірттер ғана болашақ қыз­метке жоғары дайындықпен келді. Осын­дай түлектерден нағыз білікті маман­дар шықты. Ал оларды оқыту, тәрбие­леу ісінде курс офицерлерінің, курс басшыларының рөлі жоғары болды. Олар тыңдаушылардың не істеп, не қойып жатқанын ғана емес, не ойлап, нені мақсат тұтып, не армандап жүр­ге­н­ін де білуге тиіс еді. Курстың басшысы курстағы 200 баланың әрбірі үшін басшылық алдында, олардың ата-аналары алдында жауап берді. Сондықтан да ол әрбір тыңдаушының оқуын, тәрбиесін күн сайын қадағалап, біліп, қажет болса тиісті шаралар қабылдап жүрді. Бір сөзбен айтқанда, оның бүкіл жұмысы осы курс­пен толық байланысты болды. Мұндай курс басшылары арасында бұрыннан келе жатқан, милиция жұмысында әбден ысылған, тәжірибесі мол офицерлер де, оқуын енді аяқтап, жұмысын жаңадан бас­тап жатқан адамдар да болды. Солардың ішінде Есенәлі аға өзінің білімімен, біліктілігімен, беделімен ерекше көзге түсті. Ол кісі 1963 жылы Орджоникидзе қала­сында (қазіргі – Владикавказ)С.М.Киров атындағы әскери училищені үздік бітір­ген 1977 жылы Қарағанды жоғары мили­ция мектебі басшылығының арнайы шақыр­уымен әскери басшылық лауазымынан ауысып келген еді. 

Есенәлі аға нағыз әскери адам еді, ол нық дауыспен, басы артық сөзсіз, нақты әрі анық сөйлейтін. Оның дене бітімі де, бет-ажары да келісті, денесі тығыршықтай, сүйегі ірі, орта бойлы адам болды. Көп адам ол кісінің командирлік даусынан, жүріс-тұрысынан қаймығатын. Біз де басқа жұрт қатарлы ол кісі­ден қаймығып тұратынбыз. Есенәлі аға бізден бір жыл бұрын бітірген кур­с­тың басшысы болды. Мен оқу орнын 1982 жылы бітірген болсам, ол 1981 жылы бітірген тыңдаушылар курсын басқарды. Осы курс түлектері арасынан қазіргі күні елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, генералдар шықты. Олардың арасынан А.Н.Ақпанов, Т.К.Аким­жанов, А.В.Глушков, Г.Б.Жәші­бе­ков, Т.А.Құлыбаев, С.Оспа­нов, Н.А.Рақымберлин, О.И.Суваналиев, тағы басқа­­ларды атап өту­ге болады.

Бұл курстың ерекшелігі – онда спортшылар, спорттың алуан түрінен спорт шеберлері көп-тұғын. Олар бүкілодақтық жарыстарға қатысып, ылғи жеңімпаз атанып, жүлделі орындармен оралып жүрді. Нағыз сен тұр мен атайын деген, сайдың тасындай қабілетті жігіттерден құралған, беделі зор курс болды. Осындай тыңдаушыларды бір қолға бағындырып, ұстай білу оңай шаруа емес. Оларды басқару үшін курс басшысының білімі де, беделі де зор болуға тиіс. Ал Есенәлі аға мінезі қатаң болса да, дәл сондай, әділдігімен де, адалдығымен де барша жұртты мойындатқан, білікті басшы болды. Оны курстағылар қатты сыйлап, құрметтейтін. 

Жоғары милиция мектебінде әскери тәртіп болса да бірлі-жарым тәртіп бұзушылық болып тұрады. Мыса­лы, қалаға рұхсат сұрамай кетіп қалу, не болмаса, рұхсат сұрап шықса да, сол жолда біреумен ілінісіп қалу, не кешігіп келу, оқуда үлгермеу деген сияқты. Есенәлі аға осындай тәртіп бұзушыларды ешкімге айтпай, жоғары жаққа мәлімдемей, оқудан шығарып жібер­ейік не басқа да жаза қолданайық дем­ей, бәрін өз қолымен жөнге салатын. Тәртіп бұзушыларды қалың омбы қармен жүгіртіп, не қар күретіп, қара жұмысқа салу арқылы тәрбиелейтін. Тәртіп бұзудың салдары не болатынын сол арқылы жете ұғындыратын.

Есенәлі аға парасат-пайымы жоғары, үлкендігін де, басшылығын да өз орнымен қолданатын, қажет жерде ақыл-кеңесін аямай, қолынан келгенше көмек қолын да созатын кісі еді. Қарағанды жоғары милиция мектебін бітіріп, сол жерде оқытушылық жұмысқа кіріскен кезімде бір шаруамен Есенәлі ағаға барғаным есімде. Сол кезде ол менің барған мәселеммен ғана шектелмей, жұмысқа орналасуыммен құттықтап, батасын беріп, жай-жағдайымды сұрап, біраз әңгімелескен-ді. Бұл да мен секілді жас маманға қанат бітірген үлкен қолдау, үлкен көмек болды. 
Есенәлі ағаның адамгершілік, азамат­тық қырларын оның жеке көмекшісі, хатшы­сы болып, жақын араласқан, заң ғылымдарының докторы, профессор Арыс­тан Нөкешұлы Ақпанов та жиі айтатын.

Есенәлі ағаның жұбайы Тілеулес Жұман­байқызы да өте мейірімді, қара­пай­ым, көпшіл, барынша аңқылдаған, ақ­көңіл, жүзі жарқын адам болды. Ол адам­дарға ақ ниетпен, жатырқамай, жақ­­сы көріп қарайтын. Есенәлі аға мен Тілеу­­лес Жұманбайқызын да осындай ас­­ыл мінездері бір-бірімен қауыштырған бол­са керек.

Заманымыздың заңғар жазушысы Ғ. Мүсірепов айтқандай, «Қазақ әйелін жан жолдасым дейді. Бұл үлкен сөз». Сол айтпақшы, Тілеулес апамыз да Есен­әлі ағамызбен жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамдай болды. Ол өзінің еңбек жолын қарапайым тракторист-механизатор болып бастады. Сол кезде жас тракторшы қыздың еңбек жетіс­тік­тері мен даңқы бүкіл Ереймен­тау ауданына белгілі болған. Оның фото­су­реті аудандық Құрмет тақтасынан түс­пе­ген. Осы таңғажайып қыз өзінің туған сов­хозында да үлкен беделге ие болып, стажы көп механизаторлардың өздері ақыл сұрау үшін үздік тракторшы қызға жүгінген екен.

Тілеулес апамыздың еңбегі сол заман­ның үлгісіне сай бағаланған. Әйгілі тракторшы қыз Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, Коммунистік партия қатарына қабылданған. КПСС XXII съезіне делегат болып, 1961 жылы Қазақстанның бірінші әйелдер съезіне Целинный өңірінен қатысқан ең жас өкілдердің бірі болған. Жергілікті және орталық баспасөз де ол туралы зор құрметпен жиі жазатын. 
Қазақстанның белгілі мүсіншісі Лия Коло­тилина атақты тракторшы болған қара­пайым қазақ қызы Тілеулес Жұман­бай­қызының бейнесін мәңгі есте қал­ды­ру үшін мүсінін керемет сомдады. Қазіргі кезде қоладан жасалған сол «Дала қызы» атты мүсін ерен еңбектің еңселі ескерткіші ретінде Алматы қаласында Әбілхан Қастеев атындағы музейдің төрін­де тұр.

Тілеулес апа 1961 жылы агроном болу үшін ауыл шаруашылығы техникумының сырттай оқу бөліміне түскен. Жетпісінші жылдары ол Қазақ ұлттық университетінің биология факультетін бітіріп, кейін көп жылдар бойы Қарағанды университетінде оқытушылық қызмет атқарды. Өмірдегі орны мен бақытын тың игеру жерінен тапқан асыл ана отбасылық өмірде Талғат, Алмагүл, Марат, Болат сынды ұл-қыздарын дүниеге әкеліп, Есенәлі аға­мен бірге оларға тағылымды тәрбие берді, на­ғыз азамат болып өсіп-жетілуіне өз ықпалын тигізді.

Соның ішінде өзімізге жақсы таныс Талғат Есенәліұлы тергеу саласында біраз жыл жұмыс істеп, оның қыр-сырын жете меңгерген кәнігі маман болып шықты. Практиканы теориямен ұштастырып, РФ ІІМ Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институтының адъюнктурасын бітірді, заң ғылымдарының докторы, профессор атанды. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде, Парламент Сенатының аппаратында, тағы да басқа органдарда жауапты жұмыстар атқарды. Қазір де Қазақстан Республикасы Прем­ьер-Министрі Кеңсесі басшысының орын­басары – Қазақстан Республикасы Үкі­ме­тінің Парламенттегі Өкілі қызметін абы­рой­мен атқарып жүр. Осының өзі Тал­ғат Есенәліұлының бойына ата-ана­сы­­ның жақсы қасиеттері толық дары­ға­­н­ын көрсетеді. Қыздары Алмагүл − мате­ма­тика ғылымдарының кандидаты, Мәскеуде Д.И.Менделеев атындағы Хи­мия-технология академиясында ғы­лыми қызметкер. Ұлы Марат – темір жол саласында Жолаушылар тасымалдау АҚ Астана учаскесінің басшысы. Әулеттің кен­жесі Болат – әке жолымен әскери салада, егемен еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүр.

* * *

Шәкірттің – жақсы ұстазы, отбасының – өнегелі басшысы, балаларының – үлгілі ата-анасы болу әркімнің қолынан келе бер­мейтін ауқымды міндет. Есенәлі аға­­мыз бен Тілеулес апамыз осы абы­рой­­лы міндеттің үдесінен шығып, артына лайықты із қалдыра білді. Шәкірттердің де, айнала ортасының да жадында жақсы ісімен, абзал атымен қалған осындай асыл жандарды, жақсы ұстаздарды қалай ұмытуға болады. Есенәлі аға мен Тілеулес апамыздай ел игілігі жолында еңбек еткен абзал адамдар көбейе берсін! 

Нұрлан ӘБДІРОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы,
заң ғылымдарының докторы, профессор