Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 48,4 гектар аумаққа бірінші кезекте салынуы тиіс 13 нысанға жер телімдері толығымен босатылып, облыстық әкімдік пен басқармалар және департаменттерге арналған ғимараттар салынуда. Сондай-ақ Түркістан қаласының рухани-мәдени аймағында «Самұрық қазына» ҰӘҚ АҚ тапсырысымен Қожа Ахмет Ясауи мұражайының, 7000 орынға шақталған стадионның құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Ұлы дала елі» орталығында және көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысында да жұмыс қызу. Құрылысшылар нысандарды мерзімінде аяқтау мақсатында бүгінде екі ауысымдық, яғни 12 сағаттық жұмыс жүйесіне көшкен. Сондай-ақ барлық салада Елбасы тарапынан берілген тапсырмалар мен жүктелген міндеттерді орындауда жауапкершілік артқан.
Тағы бір оң өзгеріс қалаға келушілер саны көбейе түскен. Өткен жылы туристер мен зияратшыларға көрсетілген түрлі қызметтерден 3 млрд 974 млн теңге қаржы түсіп, ІЖӨ-нің 5,3%-ын құрауы сөзімізге дәлел. Нақтырақ айтсақ, 2017 жылы 1 144 мың турист келген болса, өткен жылы келген туристердің саны 1 495 мыңға жеткен. Оның ішінде алыс-жақын шетелден келген туристер саны – 40 мың. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 30,7%-ға артып отыр. Осы орайда қаладағы 21 қонақүйдің қатарына туристерге заманауи үлгіде қызмет көрсететін «Роял Гранд Отел» қонақүй кешені қосылды. Жалпы қалада 978 орынды 22 қонақ үй қызмет көрсетуде. Сонымен қатар сервистік қызметтің сапасын арттыру мақсатында бес жұлдызды «Риксос-Түркістан» қонақүй кешенінің құрылысы басталса, алдағы уақытта Малайзия, Түркия мемлекеттері тарапынан жоғары санаттағы қонақүйлер салумен қатар арнайы кәсіби мамандар дайындайтын «Туризм колледжін» ашу жоспарланып отыр. «Келушілерге ыңғайлы жағдай жасау арқылы тұрақты табыс көзін қалыптастыру басты мақсат. Бұл тек қала көлеміндегі мәселе емес. Түркістанды туристік өңірге айналдыру мақсатында республика көлемінде және облыс әкімдігінің ықпалымен кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, соңғы 5-6 жылда қала аумағында туризм саласын жетілдіру үшін 10-ға тарта нысан бой көтерді. Оның ішінде, өңіріміздегі қасиетті орындарға баратын жолдар салынып, инфрақұрылымдары қалыптастырылды», дейді Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев.
Қала әкімінің халық алдындағы есеп беру жиынында келтірген мәліметтеріне қарағанда, барлық салада ілгерілеу бар. Мысалы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағыты бойынша «Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасындағы» құны 9 млрд 770 млн теңгенi құрайтын 12 жоба iске қосылып, 774 жұмыс орны ашылған. Биыл құрылыс материалдарын өндіретін 4 жоба және постерминал өндіретін 1 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Қосымша 295 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы арқылы жұмыспен қамтылғандардың саны 25 428-ге жетті. Сондай-ақ Елбасының «Turkistan» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлығына сәйкес, 400 гектар жер телімінде арнайы экономикалық аймақ құру жоспарлануда. Еліміздің Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жезқазған сияқты 6 өңірінің тауарларға деген сұранысын қамтамасыз етіп отырған тоғыз жолдың торабындағы Түркістанда сауда логистикасын дамытуға толық мүмкіндік бар. Осыған байланысты қалада 20 гектар жерге сауда-логистикалық орталығына инфрақұрылым жүргізілген. Қала әкімінің мәлімдеуінше, өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция 28 млрд 313 млн теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 133 пайыз болған. Ал ауыл шаруашылығы саласында 6 млрд теңгенiң өнiмi өндiрiлiп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 26,6 пайызға артық орындалған. Осылайша Түркістан қаласы ауылшаруашылық саласындағы көрсеткіштер бойынша басқа аудан, қалалардың ішінде бірінші орынды иеленіп отыр. Қала тұрғындарының қосымша табыс табуына мүмкіндік беретін үй іргелік жерде жылыжай салу жұмысы жақсы жолға қойылған. Өткен жылы жалпы көлемі 7,7 гектарды құрайтын 73 жылыжайдан 245 тонна өнім жиналған.
Қала тұрғындарының саны арта түскен және алдағы уақытта көбейетіні мәлім. Бүгінгі таңға тұрғын үй кезегінде 2160 бюджеттік сала қызметкері, 6525 әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтар, барлығы 8685 адам тұр екен. «Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы «Отырар» мөлтек ауданында бой көтерген 1536 пәтерлі 26 үйді биыл кезең кезеңімен ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Яғни, 11 үй бірінші жартыжылдықта, 9 үй екінші жартыжылдықта үй кезегіндегі азаматтарға берілетін болады. Ал 336 пәтерлі 6 көпқабатты үй «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» басымдық берілген «7-20-25» бағдарламасы аясында 2019 жылдың маусым айында пайдалануға беріледі», деді қала әкімі. Сондай-ақ Ә.Өсербаев биыл Түркістан тұрғындарының 60 пайызға жуығы табиғи газбен қамтылатынын атап өтті. Қаланы газбен қамту 3 кезеңмен жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңнің жұмыстары бойынша 10518 абонентке газ құбыры жүргізіліп, 42918-ден астам қала тұрғынына табиғи газ берілді. Бүгінде ІІ-ІІІ кезеңнің құны
20 млрд 271 млн теңгені құрайтын 11 жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталған. «Биыл осы мақсатқа 4 545 млн теңге бөлініп, халықты табиғи газбен қамту көрсеткішін 58 пайызға жеткізу жоспарлануда. Ал 2020 жылы қала 100% табиғи газбен қамтылатын болады», деді қала әкімі.
Түркістан қаласында өнеркәсiп және кәсiпкерлiк саласында жұмыс істейтін 39 кәсіпорын өткен жылы 12 млрд 467 млн теңгенің өнімін өндірген. Жалпы өңiрлiк өнiм 74 млрд 803 млн теңге болып, оның көлемі жан басына шаққанда 452 мың теңгені құраған. Жалпы өңірлік өнім көлемінде өзіндік үлесі бар өнеркәсіп саласы – 16,7%, ауылшаруашылық саласы – 8,0%, орындалған құрылыс жұмыстары – 16,8%, ал сауда-саттық саласы мен шағын бизнесі дамыған Түркістандағы тауар айналымы мен қызметтерді өткізу көлемінің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 58,5 пайызға жеткен.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы