Қазір бұл бағытта аймақта нақты шаралар қабылданып, іске асып жатыр. Мәселен, Алматы облысындағы 43 503 кәсіпорындағы 79,4 мың жұмысшының төмен жалақы алатыны анықталған еді. Биылдан бастап олардың жалақы мөлшері көбейтілді. Қазір кәсіпорындардағы еңбек өтеуі едәуір жоғарылады. Нақты есеп бойынша 14 мың жұмыс беруші 32 мың жұмыскердің жалақысын көтерген. Сондай-ақ облыста бюджеттік ұйымдарда қызмет атқаратын 41 мың адамның жалақысы орта есеппен 35 пайызға көбейді. Жалпы, облыс бойынша 2018 жылы орташа айлық жалақы 5 пайызға өсіп, табыс мөлшері 114 мың теңгені құрапты. Мұнан бөлек, салық жүктемесін төмендетуге орай 133,5 мың адамның жалақысы қайта қаралған екен.
Елбасының төменгі жалақыны көтеру туралы тапсырмасына сәйкес Талғар ауданында да нақты шаралар қолға алынған. Аудан әкімі Рыскелді Сатбаевтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдің дамуы оң көрсеткіштермен толыққан. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын 24 жоба қаржылай қолдау тауыпты. Бұл өз кезегінде аудандағы 1716 кәсіпорындағы жұмысты жандандырып, 1405 нысандағы жұмысшылардың жалақысын өсіруге мүмкіндік берді. Яғни, аудан бойынша биылғы 1 қаңтардан бастап 3903 жұмысшының айлығы көбейіп, жалақы қоры 230 млн теңгеге артыпты.
Мұнан бөлек, аймақтағы ірі кәсіпорындарда ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру жолға қойылды. Бұл бастамаға алдымен қосылғандар ішінде «Алматы бояулары» ЖШС (директорлар кеңесінің төрайымы Римма Салықова) бар. Ал Іле ауданындағы «Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС бас директоры Зиятхан Гасановтың айтуынша, кәсіпорындағы ең төменгі еңбекақы мөлшері қазір 120 000 теңге болса, орташа жалақы 353 000 теңгеге жеткен. Осы қатарда «Жаркент крахмал-сірне зауыты» серіктестігі де бар. Басқарма төрағасы Зәкіржан Кузиев өндірісте 1200 жұмысшы бар екенін, олардың орташа жалақы мөлшері өскенін, қазір 311 қызметкердің орташа еңбекақысы 127 000 теңгені, ал төменгі айлық 80 000 теңгені құрайтынын айтты.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы