Кино • 19 Ақпан, 2019

Уақыт сомдаған кейіпкерлер

1068 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ кино өнерінің даму жолында айрықша аталып өтетін тоқсаныншы жылдардағы қазақ киносы бір шоғыр жаңа есімдерді жарыққа шығарды. Режиссуралық қолтаңба, жаңа кейіпкер, шынайы қоғам көрінісі қазақ кино тарихында орын алған «жаңа толқын» режиссерларының мектебінде шығармашылық ілгерілеу пайда болды.

Уақыт сомдаған кейіпкерлер

«Жаңа толқын» режиссерларының фильмдерінде көрініс алатын өмір суреттері негізінен күнделікті үйреншікті тіршілік ортасынан алынған. Шындық әсіреленбейді, кейіпкер ойдан шығарылмайды. Кейінгі буын режиссерларының шығармаларында қазіргі кезең сипаты реалистік тұрғыдан бейнеленіп, халықтың тұрмыс-тіршілігі, дүние танымы, жаңа кейіпкер психологиясы басқаша көрініс тапқан. Бұл көз жұмып қарайтын шындықты дәл суреттей білген жас режиссерлардың көзқарасын танытатын ұлттық кинематографияның жаңаша бастамасы болып табылады» дейді белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербек. Міне, шығармашылығы шынайы етене жақын сондай режиссерлердің бірі – Серік Апрымов. Ауыл өміріндегі жақсылық пен жамандықты қатар суреттеу арқылы қоғамдық психологияны бейнелеудің өзінше бір өрнегін жасады. Оның шығармашылығы  еркіндікпен ерекшеленеді. Бұған біз режиссердің «Қиян», «Ақсуат», «Ағайынды үшеу», «Аңшы», «Бауыр» фильмдері арқылы анық көз жеткіздік десек болады. Режиссер қарапайым ауыл өмірінің атмосферасын жеткізуде ерекше форманы қалыптастырды. Сөзіміздің тұздығы ретінде бірнеше фильміне талдау жасап көрелік.

 1989 жылы жарық көрген «Қиян» фильміндегі кейіпкерлер, түсіру стилі арқылы сол уақыттағы ауылдың құлдырай бастаған жағдайын дәл көрсеткен. Фильмде басты кейіпкер Еркіннің психологиясы арқылы ауылдың жағдайын салыстырмалы түрде оңтайлы суреттеген. Еркіннің жалпы оқиғаға бақылаушы ретіндегі көзқарасы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері арқылы өткен шақтың кейіпкер бейнесінен даралап-ақ тұр. Ішкі жан-күйзелісі, өзін-өзі жоғалтып алу, сенімсіздік, күйзеліске әкеп соқтырды... Уақытты таспасын артқа қарай айналдырар болсақ, қазақ киносындағы кейіпкер бейнесі көбінесе «Амангелді», «Бейбарыс», «Батыр Баян» секілді батырлар мен ұлы тұлғаларды, ағартушылар мен мәдениеттің жаршыларын бейнелейтін. Ал, тоқсаныншы жылдардан бері қарай, тәуелсіздіктің ықпалынан жаңа тыныс ала бастады.

Осы тұста айта кеткен жөн болар, Талғат пен Мұрат – жаңа өзгеріске бейімделуге талпына алмайтын, жаңашылдықты қабылдамайтын, болашағын бұлыңғыр көретін кейіпкерлер. Ал, Арман – жарқын болашаққа батыл қадамы бар, ілгері ұмтылуға құлшынысы мол кейіпкер. Замандастарының ортасында қалған Еркіннің жағдайын екі жаққа да жатқыза алмаймыз. Басты кейіпкер болғанымен де, Еркіннің іс-әрекеті оның психологиясы арқылы фильмнің айтар ойын толығымен көруге мүмкіндік жасаған. Оқиғаны тікелей басты кейіпкер арқылы қабылдау режиссерлық қабылеттің оңтайлы шешімі. Барлық сюжеттің шиеленісі, өрбуі Еркіннің қабылдауымен берілді. Жарықтың аз берілуі – дағдарыстың, ішкі тоқыраудың атмосферасын сезіндірді. Ауылдағы  қыз-жігіттердің қарапайым кейпіндегі ойын жасандылықтан ада диалогтары көрермен көз алдына шынайы көріністі әкелді.

Режиссердың кинокартиналары тақырыптық жағынан ұқсас келеді. Бір фильм келесі фильмі жалғастырып алып кететіндей қабылданады. Шығармашылығының басты ерекшеліктерін көрермен оңай жүйелей алады.  Жапондық кинокомпаниямен бірігіп түсірген фильмі  «Ақсуатта» ауылдың нағыз тіршілігі бар, кейде сол өмірге сынмен қарайтындай көрінеді. «Ақсуат» пен «Қиянды» түсіруіне әсер еткен ауылға деген шексіз махаббат бар. Режиссердің өнеріндегі идеясы – өмірмен алысуы. Әдебиет үшін де, кино үшін де ауыл тақырыбын қозғау тың дүние емес. Жаңа толқындағы жаңа есімнің киногерлігі шебер, таза киноэлементтері арқылы көрсету мен көру арқылы ғана түсіндірілетін оқиғалар мен сюжеттері – басқадан даралайтын қолтаңбасы.

«Бауыр» мен «Әкеге қоңырау шалу» фильмдерінің ортақ ұқсастығы –баланың жалғыздығы. Басты кейіпкер ерте есейген Еркіннің еркіндікке ұмтылысы. Фильмде әуесқой актерлердің бой көрсетуі Серік Апрымовтың автор ретіндегі көзқарасы мен талабы. Көздің жауын алып, еріксіз баурап алатын бейнелер режиссердың кейіпкерлеріне сай дүние емес. Тартымды келбеттен алыс қарапайым бейне маңыздырақ. «Бауырдағы» Еркіннің психологиясы мен келбеті де жоғарыда аталып өткен негізге сүйенген. 

Режиссер жаңа ғасыр басында берген бір сұхбатында: «Біз қазақ киносының «жаңа толқыны» кезеңінде адамның қандай болмауы керектігін көрсеттік, ендігі кезекте біз адамның қандай болуға лайық екендігін көрсетуіміз қажет» деген екен. Ол оны шығармашылық тұрғыда дәлелдегендей. Бұл жайында кинотанушы Баубек Нөгербектің: «Біз «Әкеге қоңырау шалу» фильмінде өзгерген кейіпкерді көреміз. Серік Апрымовтың бұған дейінгі «Бауыр» фильмі туралы да әртүрлі пікірлер айтылды. Алайда сол фильмдегі айналасына тек қана көмек көрсеткісі келетін қаршадай бала арқылы режиссер қазақ қоғамына ізгілену жайлы авторлық көзқарасын аллегориялық тұрғыда айтқысы келгенін аңғаруға болады. Бұл тұрғыда  режиссер заманауи қоғам болмысына өз тарапынан нақты бағасын беріп жатыр» деген сөзін мысалға алсақ сөзіміз тұздықтала түсер еді. «Әкеге қоңырау шалу» фильмі шынайылығынан алыстаған емес. Түсірілім тобының, сценарийдің жұмысын жалғыз режиссердың атқарғаны бір жағынан фильмнің сапасына кері әсер еткендей болғанын да жасырмаймыз. Десе де кейіпкердің психологиялық өзгерісі режиссер шығармашылығына жаңа тыныс алып келді.

Шығармашылық жолын авторлық кинодан бастаған, «жаңа толқынның» жарқын өкілі – Серік Апрымовтың қазақ кинематографиясына қосқан үлесі орасан. «Қияннан» «Әкеге қоңырау шалуға» дейінгі фильмографиясы қажырлы еңбекті талап етті. Авторлық кинодан экспериментті фильмге де барып көрді. Фильмдерінде кадрдың ұзақтығы, жолдың азабы, кейіпкер психологиясы, жан-дүниесінің шарасыздығы, қуанышы, қайғысы жалпы айтқанда қазақ ауылының отыз жыл бұрынғы бейнесі анық сипатталған. Жаңа фильмдегі кейіпкерлері де жаңаша бағытқа жаңаша көзқараспен келген. «Қиянда» Еркіннің негативті бейнесі көрсетілсе, «Әкеге қоңырау шалудағы» Еркінде ілгеріге ұмтылыс байқалады. Бала Еркін мен ересек Еркіннің ішкі жан дүниесі уақытпен байланысып трансформацияға ұшырайды. Сынаққа қарсы тұра алатын батыл Еркін қалыптаса бастағандай. Фильм соңында Еркіннің  Орынбасар атты інісінің барын естиміз. Бұл ағасының ізбасары, бауыры бар деген ойды алға тартқандай.

Әбенова Гүлмира

Қазақ ұлттық өнер университеті

«Кинотану» мамандығының 3-курс студенті