Аймақтар • 19 Ақпан, 2019

Солтүстік Қазақстанда ұн үгу кәсіпорындары тоқыраудың алдында тұр

603 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Өңір кәсіпкерлері ұн  өнімдерін шетелге экспорттай алмаудың салдарынан тығырыққа тіреліп отырған жайы бар.

Солтүстік Қазақстанда ұн үгу кәсіпорындары тоқыраудың алдында тұр

Басты себебі, ұнға қарағанда, қазір бидайдың бағасы әлдеқайда қымбат. Оның үстіне Өзбекстан бидайды Қазақстаннан сатып алып, өздерінде өңдегендіктен, ұнның бағасы төмендеп кеткен.

Ұн үгу комбинатының коммерциялық мәселелер жөніндегі директоры  Таисия Колегованың айтуына қарағанда, бұрындары  жүк вагондарының тапшылығы қатты сезілсе, бүгінде қаңтарулы тұр. Соңғы өнімдер Ресейге жөнелтілуде.

«Астықтың бір тоннасы – 70 мың теңге. Оны өңдеп,шетелге жіберу тиімсіз. Жағдай бұлай жалғаса берсе, ішкі  нарықта шикізат жетпей қалуы мүмкін. Оның ақыры  кәсіпорындардың тоқырауына әкеліп  соқтырады», дейді ол. Диірменде жұмыс істеген 50 жұмысшы түрлі науқандық  шаруаларға тартылған.

Тығырыққа тірелген орта және шағын бизнес өкілдері Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктеріне хат жазып, көмек қолын созуды өтініп отыр.

Салы суға кеткен ұн үгу комбинатының директоры Иса Аллахяровтың бармаған жері, ашпаған есігі жоқ көрінеді. 2017 жылы  38 мың тонна өнім шығарылса, былтырғы көрсеткіш 17 мың тонна ғана. Өндіріс көлемі бірден екі есеге құлдыраған. Ол бидайға баж салығын көтеру керек. Осы мәселе Үкімет тарапынан шешілсе,  баға саясаты реттелер еді, дейді.

Басты тұтынушы саналатын Ауғанстан негізінен Өзбекстанның арзан ұнын сатып алады екен.  Соңғы жылдары ала тақиялы ағайындар диірмен кешендерін көптеп салып, бәсекелестікті күрт арттырып жіберген. Бұрындары еліміз тек Тәжікстанға 700 мың тоннаға дейін ұн экспорттап келген.  

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары  Қуандық Шакубаев осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсету қажеттігін алға тартады.  Оның  ойынша теміржол тасымалы мен өңдеу кәсіпорындарының шығынын жабу үшін субсидия берілуі керек.

Әзірге сөз көп, нәтиже жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанда  250-ден астам диірмен кешені бар. Жағдай реттелмесе, әрбір төртінші кәсіпорын өз жұмысын тоқтатуы ықтимал.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы