19 Ақпан, 2019

Денсаулық кепілі – қозғалыс

1504 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласында Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы және Бубновский орталығының ұйымдастыруымен «Омыртқа және буын туралы» атты семинар өтті. Ресейлік дәрігер Михаил Бубновский семинарға қатысушыларды ағзаның күш-қуатын дәрі-дәрмексіз, инъекциясыз және операциясыз пайдалануға негізделген емдеу жүйесімен таныстырды.

Денсаулық кепілі – қозғалыс

Бубновский әдістемесі омыр­­­т­­­қа жарығы, артрит, артроз сынды буын және омыртқа ауру­­­­ларын емдейтін заманауи кине­зи­терапияның түріне жатады. Бұл орталық Қазақстанда алғаш рет 2001 жылы Астана қаласында ашы­лып, 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

«Әдістің негізгі авторы елор­да­­­ға жиі келіп, науқастарға кеңес беріп тұрады. Семинар Ұлт­тық денсаулық сақтау орта­лы­ғымен бір­лесіп халыққа бұл әдіспен қал­ай емделетіні, осындай аурулар­мен ауырғанда не істеу қажет екендігі туралы ақпа­рат алу үшін жасалып отыр. Қазір әр орталыққа айына 200-ден астам адам келеді. Астанада 35 мыңнан астам науқас біздің орталыққа келіп, сырқаттарынан айығып кетті. Бұл емдеу әдісінің ерекшелігі науқастар өзі қимыл-қозғалысқа түсу арқылы емделеді. Емдеу Бубновскийдің арнайы жаттығулары арқылы жүргізіледі. Қазіргі кезде Астанада осы аурумен ауыратын науқастарды емдеуге арналған 5 орталығы бар», – деді Бубновский орталығының бас дәрігері Равиль Таирханұлы.

ТМД елдері мен алыс шетелдерде өзін көрсете білген әдістемені Михаил Бубновскийдің әкесі, ресейлік белгілі хирург, профессор, медицина ғылымдарының докторы, ағзаны сауықтыру жөніндегі көптеген кітаптың авто­ры Сергей Бубновский әзір­леген. Әдістемені қолданған жылдары 1,5 миллионнан астам адам қозғалу мүмкіндігіне ие болған. 

«Денсаулық – қозғалыста» деген ұранмен жұмыс істейтін Бубновский орталығы және Қоғам­дық денсаулық сақтау ұлт­тық орталығының миссиясы бірдей. Өйткені басымдық – емдеу емес, халыққа қалай ауырмау керектігін, аурудың алдын алу, денсаулықты қалпына келтіру шараларын үйрету, өз денсаулығын басқару.

«Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Бубновский орталығымен бірлесіп осы семинарды ұйымдастырды. 350 адам қатысты. Оның ішінде науқастар, реабилитолог және невропатолог дәрігерлер бар. Кинезитерапия – ежелден белгілі емдеу әдісі. Өйткені баяғыда Грекияда, Римде осы емдеу түрін қолданған екен. Медицинаның атасы Гипократтың өзі осындай қимылмен, дене шынықтырумен емдеу тәсілін пайдаланған. Соңғы 30 жылдың ішінде бұл емдеу түрі С.Бубновскийдің бас­тамасымен қайта жаңғырды. Оның орталығы ТМД елдерінде ғана емес, дүние жүзінің басқа да елдерінде ашылды», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының кеңесшісі Дәулетхан Серғазыұлы. 

Денсаулық сақтау сала­сын­да­ғы әріптестік шеңберінде жеке меншік сектор мен халықтың мүдделі топта­рының бірлескен күштерімен, ұйымның еш­қай­сы­сы жеке қамтамасыз ете алмайтын ден­сау­лық көрсет­кіш­терін жақсартуға қол жеткізе алады. Осыған байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлт­тық орталығы құрылған сәт­тен бастап халықаралық және қоғамдық бірлестіктермен, ден­сау­лық сақтау және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты. ҚДСҰО халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған міндеттерді шешу аясында Бубновский орталығымен де өзара іс-қимыл жасауға ниетті.

«Егемен-ақпарат»