Аймақтар • 19 Ақпан, 2019

Талдықорған қаласының шеткі аумақтарын дамытуға баса назар аударылды

629 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше облыс әкімі Амандық Баталов облыс орталығының маңайындағы жаңа тұрғын аудандары мен саяжайларын аралап, олардың даму жоспарымен, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Талдықорған қаласының шеткі аумақтарын дамытуға баса назар аударылды

Бұған дейін де облыс әкімі қаланың шеткі аймақтарын бірнеше рет аралап, қала басшылығына барлық құрылыс жұмыстарының тиісті талаптарға сай болуын қадағалауды тапсырған болатын. Бұл жолы аралау Ынтымақ ауылынан басталды.

Ынтымақта 400 гектардан астам жерде 2232 учаске бар десек, бүгінгі күнге соның 521 учаскесінде үй салынған. Мұнда екі автобус бағыты белгіленіп, олар ауылдың ортасынан жүріп өтеді. Дегенмен, ауқымды ауыл үшін бұл бағыттың жеткіліксіз екенін айтқан облыс әкімі автобус маршруттарын тұрғындарға ыңғайлап қайта қарастыруды, сондай-ақ қоғамдық көлік жүретін негізгі көшені асфальттауды тапсырды.

Мұндағы инженерлік-инфрақұрылым жүргізу құрылысын «Стройсервис-97» ЖШС мердігер мекемесі атқаруда. Олар тартқан электр кабельдері мен бағаналардың орнатылуы облыс басшысының көңілінен шыққан жоқ, заман талабына сай жасалмаған. Әлсіз ток жүргізу қажеттігі, атап айтқанда телефон желісін, интернет желісін тарту сұранысы зерделенбеген. Әкім өзіне ұсынылған Ынтымақ 1, 2 ,3 ауылдарының даму жоспарындағы әлеуметтік нысандардың жобалары жайлы сұрады. Мектеп жобада бар, балабақша белгіленбеген. Берілген жауапқа көңілі толмаған А. Баталов: «Бұл мәселелерді осыған дейін де бірнеше рет тапсырғанмын. Әлі ешқандай нәтиже жоқ. Ең алдымен осы ауылда қанша бала бар, оларға қанша орындық мектеп, қанша орынға балабақша керек деп есептеп, ойлауларың керек қой. Сендерге екі апта уақыт беремін, осы ауылдардың инженерлік-инфрақұрылымы - суы, жарығы, жолы, жарықтандырылуы, сол сияқты мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандары бойынша жан-жақты толықтырылған жобаларыңды әкеліп көрсететін боласыңдар», - деді.

Мұнан соң Жастар – 2 тұрғын ауданының жайымен танысу кезегі келді. Мұнда су құбырларын тарту жұмысы өткен жылы аяқталған. Енді электр желілерін тартуға кіріспек. Бұл ауылға № 227 және № 27 автобустар бағытталған. Облыс әкімі А. Баталов ауылдың автобус жүретін негізгі көшесін асфальттаумен қатар, жаяу жүргінші жолын, арық жүйелерін қоса қарастыруды ескертті. Негізгі көшеден басқа 13 көшеге де қиыршық тас төселмек. Қала әкімі Д. Шалтабаев Жастар – 3 аталатын аумақтың жер учаскелері әзірге таратылмағанын айтты. Осы орайда облыс басшысы А. Баталов: «Жастар – 3 тұрғын ауданын үлгілі ауыл ретінде жасаймыз, ең алдымен барлық қажетті инфрақұрылымын жобаға сәйкес толық жүргізіп барып, тұрғын үй салуға учаскелерді бөлетін боламыз», - деді ол.

Келесі кезекте атқарушы орган өкілдері Қызылтас саяжайының аумағына келді. Бұл аумақта да проблемалар жетерлік. Ең басты мәселе – саяжайды қаламен жалғастыратын жалғыз көпірдің жайы. Бұл мәселеден хабардар облыс әкімі қала әкімдігіне биыл жаздан қалдырмай көпірдің құрылысын бастауды тапсырды. Қызылтаспен қатар Шайқорғанның да тұрғындары көктем кезінде қызыл судан қиындық көретіндерін де айтты. Облыс әкімі осыған байланысты тиісті мекемелер басшыларына төтенше жағдайлар жүйесі бойынша мұнда дамба салуды, бірақ дамбаны су шайып кететіндей емес, берік те сапалы етіп жасауды ескертті. Саяжай тұрғындары коғамдық көліктің бағытын ұзарту, жылы аялдама қою, қылмыстың, соның ішінде ұрлықтың жиі орын алуы, ұрлық-қарлықты болдырмау үшін бейнебақылау камераларын орнату сияқты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Осы мәселелерге қатысты қалалық полиция қызметіне, қалалық әкімдікке тиісті тапсырмалар берілді. «Полиция бөлімшелеріне барлық жағдайды жасадық, материалдық-техникалық базасын нығайттық, бірақ жұмыстарыңда нәтиже жоқ. Қылмыстың ашылуы бойынша ең төменгі көрсеткіштеміз. Естеріңде болсын, полицияның реакциясы қаланың ортасында болған ұрлық пен саяжайда болған ұрлықтың екеуіне де бірдей болуы керек», - деді облыс басшысы полиция қызметі басшыларына қарата.

Осы ретте Үйтас саяжайының тұрғындары да ауыз судан тарығып отырғандарын айтып шағымданды. «Бұл мәселеге республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Бірақ біз оны күтіп қарап отырмай, облыстағы резервтік қордан 200 млн. теңге бөліп, құрылыс жұмыстарын бастай береміз», - деді А. Баталов. Сол сияқты Үйтас саяжайында бес жыл бұрын салынған, қазір жұмыс істеп тұрған мешіттің құжаттарының әлі күнге рәсімделмеу қиындықтарына қатысты да мәселе көтерілді. Облыс әкімі бұл проблеманы шешуге қалалық әкімдікке үш күн уақыт берді.

Көктал шағын ауданы – қаланың халық жиі қоныстанған аудандарының бірі. Бұл жерде де негізгі асфальт жолға орташа жөндеу жүргізу, электр желілерін тарту жұмыстары аяқталмаған екі көшедегі жұмыстары бітіру, жылы аялдамалар қою, түнгі жарықтандыру мәселелері айтылды. Сол сияқты облыс басшысына жобалық құны 116 млн. теңге болатын орталық саябақтың жобасы таныстырылды. Қаржының бөлінуіне қарай ауыл ішін газдандыруға кірісу керектігі де айтылып, ауылдық дәрігерлік амбулатория салу, мәдениет үйін қайта жаңғыртуға қатысты ұсыныстар қолдау тапты.

Аралау соңында көрген-түйген нәрселері мен берген тапсырмаларын қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов:

- Қаланың шеткі аумақтарын ең алдымен сумен, электр жарығымен қамтуға, негізгі көшелерін асфальттауға назар аудару керек. Оларға жүретін қоғамдық көліктің жүру бағыттарын тұрғындардың талаптарын ескере отырып, қайта қараңдар. Жылы аялдамалар қойып, сол жерге бейнебақылау камераларын орнатыңдар. Оны ешкім бұзып-шағып кетпеуі үшін бақылап отыруға камералар міндетті түрде керек. Шеткі ауылдардағы әлеуметтік нысандар бойынша нақты жобаларыңды әкеліп көрсетесіңдер. Атқарылған жұмыс бойынша маған емес, халықтың алдында есеп беретін боласыңдар, - деді А. Баталов.