Спорт • 19 Ақпан, 2019

Шахматтан Сент-Луистегі жарыс аяқталды

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шахматтан АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өткен әйелдер арасындағы Cairnc Cup турнирі 30 жастағы ресейлік ойыншы Валентина Гунинаның жеңісімен аяқталды. 

Шахматтан Сент-Луистегі жарыс аяқталды

Ресей мен Еуропа чемпионаттарында үш реттен топ жарып, блицтен әлем мен құрлық чемпионы және Дүниежүзілік Олимпиадада үш мәрте жеңімпаз атанған Валентина Гунина айтулы жарыста 7 ұпай жиды. Екінші орынды Ресейдің тағы бір атақты шахматшысы, әлемнің экс-чемпионы, 34 жастағы Александра Костенюк иеленді. Ол өзінің отндасынан 0,5 ұпай кем жиды. 

Сент-Луисте Жансая Әбдімәлік те өнер көрсетіп, 4,5 ұпайды иемденді. Нәтижесінде 19 жасар қазақ қызы үндістандық Харика Дроноваллимен бірге бесінші және алтыншы орындарды өзара бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, тұсаукесер кездесуінде америкалық Анна Затонскихты ұтқан Жансая Әбдімәлік келесі ойында франциялық Мари Себагпен тең түсті. Үшінші кезеңде ол ресейлік Александра Костенюкке есе жіберсе, төртінші турда грузиялық Бела Хотенашвилиден басым түсті. Бесінші және алтыншы айналымдарда ол АҚШ пен Үндістанның өкілдері – Ирина Круш пен Харика Дроноваллиден жеңілді. Жетінші және сегізінші турларда грузиялық Нана Дзагнидзе және осы жарыстың болашақ жеңімпазы Валентина Гунинамен ұпай бөлісті. Ал тоғызыншы кезеңде Жансая германиялық Элизабет Петцті жеңді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»