Аймақтар • 19 Ақпан, 2019

Алматыда «ғимаратқа жарылғыш зат қойылды» деген жалған ақпарат тараған

427 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күні кеше Алматыдағы Esentai Mall сауда үйі мен «Нұрлы-Тау» бизнес орталығының ғимаратында орналасқан тамақтану орнына жарылғыш зат қойылды деген ақпар жұртшылықты алаңдатқан болатын. Мәлім болғандай, елді дүрліктіріп, қауіпсіздік органдарын әбігерге салған  бұл ақпарат еріккен әлдекімдердің ермегі болып шықты.

Алматыда «ғимаратқа жарылғыш зат қойылды» деген жалған ақпарат тараған

«Комиссиялық тексеріс әр ғимаратта жарты сағатқа дейін созылды. Жалған ақпарат тараған. Аталған ғимараттардан жарылғыш зат табылған жоқ. Аламдар осындай іс-әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін білуі керек. Бұл істі бала жасаса да, ата-анасы жауапкершілікке тартылады. Мысалы, осындай келеңсіз іс-әрекеттерді көктем айларында психикасы бұзылғандар жасайды. Көп жағдайда мас күйдегі адамдардан да мұндай құйтырқылықтар шығып жатады. Бұлай ойнауға болмайды, себебі қалалық қауіпсіздік мекемелерінің көп күші мен ресурстары жұмсалады. Аталған ғимараттардың жұмысы тоқтатылады. Қаншама адам зиян көреді», – дейді Алматы қалалық ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

2015 жылдың қаңтарынан бастап террористік әрекеттен тұратын мұндай жалған ақпарат үшін жауапкершілік ауырлаған болатын. Бұған дейін осындай заң бұзушылық үшін бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, қазір мұндай іске барғандар 6 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ