Қазақ әдебиеті кафедрасының мұрындық болуымен ұйымдстырылған әдеби кешке Қыздар университетінің ұжымы мен студенттері, алматылық әдебиет сүйер қауым қатысты.
Жиынды білім ордасының Оқу және тәрбие ісі жөніндегі проректоры міндетін атқарушы Қайрат Жүніс ашып, қаламгердің қазақ әдебиетіндегі орны мен шығармашылығы турасында сөз қозғады. Сондай-ақ ол жазушыға университет ұжымы атынан алғысын білдірді.
– Смағұл Елубай шығармашылығының негізгі өзегі – қазақ халқының кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдері мен қиын-қыстау уақыты. Жазушының қаламынан туған «Мінәжат», «Ақ боз үй» сынды романдары сталиндік қуғын-сүргін, ашаршылық жылдарындағы аумалы-төкпелі уақытты қамтыған. Бұл туындылар өскелең ұрпақтың ұлт тарихын тереңінен тануға һәм зерделеуге мүмкіндік берді. Бүгінгі біздің рухани ой еркіндігімізге, көздің қарашығындай сақтап отырған Тәуелсіздігімізге өнегелі өмірімен, қаламгерлік қайраткерлігімен жастарға үлгі боларлық тұлғаның бірі – Смағұл Елубай десек артық айтқанымыз емес. Ол тек әдебиет саласына ғана емес сондай-ақ, отандық кино өндірісінің өрістеуіне де елеулі үлес қосып келеді. Бұл ағамыздың еліне деген перзенттік парызы, азаматтық борышы екеніне ешқандай күмәніміз жоқ, – деді ол.
Кеш шымылдығы жазушы туралы арнайы дайындалған бейнебаянмен ашылды. Болашақ тіл мамандары қаламгердің шығармашылық зертханасы туралы баяндама жасап, өзіндік өрнегі қалыптасқан жазушының әдеби мұраларына кеңінен шолу жасады. Сонымен қатар Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің өнерлі студенттері дайындаған шағын концерттік бағдарламаға да кезек берілді.
Жиынның екінші бөлімінде қаламгерге студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, сұхбат-пікірталасқа ұласты. Сауалдар қатарында жазушының шығармашылығы, әдеби туындылардың жазылу тарихы, дін мәселесі, ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық сананы жаңғырту, төл тарихымызды ұлықтау және бүгінгі қоғамдағы өзге де өзекті мәселелер қамтылған. Сондай-ақ қазіргі кинодраматургияның дамуы, әдеби сын, ұрпақ тәрбиесі сынды жайттар да тілге тиек етілді.
– Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ даласындағы ашаршылық адамдардың жанын алды, тірі қалғандардың санасын алды. Алапат аштық пен қуғын-сүргіннен аман қалғандары өзін-өзі рухани жоғалтты. Ең қасіреттісі осы болды. Кейін келе халықта ұждани болмыс кетті, рухани азғындау – қылмыс пен имансыздық күшейді. Тарихи арман – Тәуелсіздік алақанға қонған кезде ғажайып қазақ ұлты болып өмір сүруіміз қажет. Ол үшін әрқайсысымыздың әр күніміз ұлттық болмысты сақтап қалу жолындағы күреске толы болу керек, – деп атап өтті Смағұл Елубай.
Рухани маңызы зор кешті Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департамент директоры Жаңагүл Сұлтанова қорытындылап, ұлттың ұлылығын ұлықтап жүрген жазушыға ізгі ниетін білдіріп, сый-сияпат көрсетті.
Әдеби жиын аясында қаламгердің шығармашылығынан сыр шерткен арнайы кітап көрмесі де ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Смағұл Елубай 1947 жылғы 9-наурызда Түрікменстанда туған. 1961 жылы Қазақстанға қоныс аударған. 1971 жылы ҚазМУ-дің Журналистика факультетін, 1975 жылы Мәскеудегі сценаристер даярлайтын 2 жылдық жоғары курсты бітіреді. 1976 жылдан 1992 жылға дейін «Қазақфильм» киностудиясында шығармашылық жұмыстарда болды. 1992–1995 жылдары аралығында «Парасат» журналының бас редакторы, 1995 жылдан бастап Прагада, АҚШ-тың «Азат Еуропа және Азаттық» радиосында қызметте болды. «Ойсыл Қара», «Саттар соқпағы», «Білте шамның жарығы», «Жарық дүние» хикаялар жинағының және «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние» романдарының, «Қызыл отау», «Өтелмеген парыз», «Ай астындағы үй», «Сұрапыл Сұржекей», «Батыр Баян», «Кек» көркем фильмдері сценарийінің авторы.
Жандар АСАН