Спорт • 19 Ақпан, 2019

Жер жаһанды шарлаған Мағжан

237 реткөрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өзіне және олардың табысқа жету тарихына мән беріп, сол тұлғаларды танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыруға шақырған еді. Соның нәтижесінде «100 жаңа есім» жобасы қолға алынды. Бұл жобаның негізгі мақсаты - тәуелсіздік алған кезеңнен бері Қазақстанның көркеюіне елеулі еңбек сіңірген жерлестермізді көпшілікке таныту.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Сағымбаев Мағжан Талапұлы. Биыл ғана орда бұзар 30 жасқа толған айтулы азамат Алматыда туып-өсіп, Алатау баурайындағы әсем шаһарда дарынды балаларға арналған Қазақ-түрік лицейі мен «Тұран» университетінде білім нәріне сусындады. Оқу озаты болды, қоғамдық жұмыстарға араласты, спорттық және мәдени шараларға белсенді түрде қатысты. Кейіннен Австрияға аттанып, талай жылдық тарихы бар Зальцбург қаласындағы іргелі институтта туризм мамандығы бойынша білімін жалғастырды. 

Мағжан бала кезіннен ата-ата анасымен бірге Қазақстанның әр қиырын аралап, кең байтақ Отанмыздың ең көрікті жерлерін армансыз шарлаған екен. Іргедегі Жетісу өңірін айтпағанда, Шығыс пен Оңтүстік аймақтарға да ара-тұра ат басын бұрып тұрды. Сағымбаевтар отбасы екі рет Алатаудың арғы бетіндегі Ыстықкөлге жаяу барып қайтты. Қара теңіздің бойындағы Геленджик шатқалында болды. 2013 жылы Өзбекстан, Ресей, Грузия, Армения, Украина және Молдова елдеріне барып қайтты. Осындай мәнді де, маңызды сапарлардан керемет әсермен қайтқан бала келешекте жиһангер болуды армандады.

Уақыт оза арманшыл жас өрен өз жоспарларын бірте-бірте жүзеге асыра бастады. Қазіргі кезде Мағжан «Жер шарында бармаған жерім, баспаған тауым кемде-кем» деп еш қымсынбай айта алады. Расында да, бұл жігіт 30 жасына дейін ерлік деп айтуға тұратындай талай іс тындырды. Мәселен, оның есімі велосипедпен жер жаһанды жалғыз өзі шарлаған тұңғыш қазақстандық жиһангер ретінде ел есінде қалды. Атап айтсақ, 2014 жылдың 1 мамырында басталған «Bike The Earth» жобасы аясындағы айтулы сапар 2015 жылдың 14 мамырында өз мәресіне жетті. 380 күн ішінде 22 мемлекетті шарлаған Мағжан Талапұлы 28 784 шақырымды артқа тастады. Сол аралықта қандасымыз Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Иран, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Болгария, Сербия, Венгрия, Австрия, Германия, Швейцария, Франция, Испания, Колумбия, Эквадор, Австралия, Таиланд, Камбоджа, Лаос және Қытай сынды мемлекеттердің аумағымен өтті.

Әр сапардың қызығы да, шыжығы да болады, – деп бастады өз әңгімесін Мағжан. – Кереметі де бар, күрсіндіретін жайттар да аз емес. Бірде Түркіменстанның Қарақұм шөліндегі +46 градустық аптап ыстықта сусыз қалдым. Қайта-қайта есімнен танып, құмға құлай бердім. Абырой болғанда жанымнан өтіп бара жатқан КамАЗ көлігінің жүргізушісі қолындағы құтысын терезеден лақтырды. Содан аман қалдым. Испанияның Барселона қаласында бәзбіреулер велосипедімді ұрлап кеткенде, осымен сапарым аяқталған шығар деп қатты күйзеліске түстім. Алайда менің ғаламторда жариялаған жанайқайымды естіген жұрт бас-аяғы екі-үш күннің ішінде жаңа көлікке ақша жинап берді. Антрактиада да қолым мен бетімді үсітіп алдым. Қытайда итке таландым, Колумбияда қабырғамды сындырдым, Өзбекстан мен Грузияда жол торыған қарақшылардан әзер қашып құтылдым... Осындай да келеңсіздіктер мен қиындықтар да болды. Бірақ ешбір кедергілерге қарамастан алған бетімнен қайтпай, әркез дітттеген мақсатыма қол жеткізе алдым.

Бір жылдан аса уақытқа созылған айтулы сапар барысында Мағжан Сағымбаев тек Испания мен Колумбия, Эквадор мен Австралия және Австралия мен Таиландқа дейінгі аралықта мұхиттан өту үшін ғана ұшаққа мінді. Тәулігіне ол 100-ден 200-ге дейін шақырымды жүріп отырды. Бәрі де ауа райының қолайлығына байланысты. Күндіз велосипедті тізгіндесе, түнде демалды. Көп жағдайда өзінің туристік шатырында ұйықтаса, кейбір кездері арзан мейманханалар мен хостелдерде немесе қонақжайлық танытқан жергілікті тұрғындардың үйінде қонды.

Әр халықтың мәдениеті мен менталитеті әртүрлі. Көшпенділер мен түркі халықтары қонақжай келеді. Алыстан мейман келсе олар көңілін табуға тырысып, асты-үстіне түседі. Еуропалықтар мен өзге құрлықтардың өкілдері ондай емес. Бірден елпілдей кетулері екіталай. Десек те үйренуге тұрарлықтай олардың да бойында жақсы әрі жағымды қасиеттері көп, – деп жалғастырды өз әңгімесін кейіпкеріміз.

2016 жылдың 19 ақпанында Мағжан Сағымбаев Қазақстанның мақтанышы, әлемге әйгілі даңқты альпинист Мақсұт Жұмаевпен бірге Оңтүстік Америка құрлығындағы ең биік шың – Аконкагуаны (6 962 метр) бағындырды. 18 шілдеде Еуропаның ұшар биігі – Эльбрусқа (5 642 метр) шықты. 16 желтоқсанда өзінің әріптесі, жас альпинист Ілияс Ғалымбековпен бірге мәңгілік мұз басқан Антрактиданың ең жоғарғы нүктесі – Винсонның (4 892) төбесіне ту тікті. Көз арбаған биікке табандары тиген бетте байланысқа шыққан қос қандасымыз барша Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Ал сол жылдың 31 желтоқсанында құрамында Мағжан Сағымбаевтай серке спортшысы бар Қазақ географиялық қоғамы жанынан құрылған шаңғышылар экспедициясы Антрактиданың полярлық платосында орналасқан Оңтүстік полюске аман-есен жетті. 11 күні аралығында олар 217 шақырымды жүріп өтті.

«Жол азабын тартқан білер» демекші, осындай сапаралар барысында менің көп нәрсеге деген көзқарасым өзгерді. Көп нәрсеге көзім жетті. Талай дамыған, дәулеті тасыған, өсіп-өркендеген елдерді көрдім. Олардың экономикалық әлеуеті де, халқының тұрмыс деңгейі де өте жоғары. Бірақ бәрбір кіндік қаның тамған жердің жөні бөлек екен. Арада бір-екі апта өтпей жатып Атамекеніңді аңсап, Атажұртыңды сағынасың. Жалпы қай жерге барсам да, мен Отанымды дәріптеуден жалыққан емеспін. Шыны керек, әлі де Қазақстанды көбі біле бермейді. Алыс сапарларға шыққанда соған көзім анық жетті. Сол олқылықтың орнын толтыру біздің барлығымыздың да міндетіміз. Саясаткерлер мен спортшылар ғана емес, саяхатшылар да осыны қаперлеріне мықтап сіңіруі керек.  Жеке өз басым жол бойында жүздескен әрбір адаммен жеріміздің кеңдігі мен байлығы, тамсандырар сұлу табиғаты мен заңғар таулары, керемет көлдері мен асау өзендері, халқымның салты мен дәстүрі, кеңпейілдігі мен қонақжайлығы, даралығы мен дархандығы және де Қазақстанның түрлі сала бойынша бүгінгі таңда қол жеткізіп отырған жетістігі жайында кеңінен әңгімелеуге тырыстым, – дейді Мағжан Талапұлы.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Дүние»-бақтың жемісі

Руханият • Кеше

Қаламгер мен Қаһарман

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар