Қазақстан • 19 Ақпан, 2019

Әлия Юсупова Гран-при кезеңі мен Будапешттегі халықаралық турнирді қорытындылады

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Әлия Юсупова Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, спортшылардың жаңа маусымдағы аяқ алысын бағамдады. Бас бапкердің айтуынша, гимнастарымыз үшін жыл басындағы турнирлер жаман басталған жоқ. 

Әлия Юсупова Гран-при кезеңі мен Будапешттегі халықаралық турнирді қорытындылады

- Ересектер мен жасөспірімдер үшін биылғы маусымдағы алғашқы ресми жарыстар басталды. Ұлттық құрама үздігі Алина Әділханова Мәскеуде өткен ірі турнир – Гран-при бәсекесінде бақ сынады. Иә, Алина үшін жарыс қиындау өтті. Өйткені, ол сырқаттанып қалуына байланысты Астанадағы сынға қатыспаған болатын. Сол себепті, Мәскеудегі турнирде ол толығымен бабында болған жоқ. 

Жалпы, жалғыз Әділханова ғана емес, командадағы барлық спортшылар әлі бабында емес. Жылдың басы болғандықтан, спорттық формаға енуге әлі біраз уақыт қажет. Біздің биылғы маусымдағы басты мақсатымыз – қыркүйекте өтетін лицензиялық әлем чемпионаты мен маусым айында Таиландта жалауы желбірейтін Азия біріншілігінде сәтті өнер көрсету. Аталған турнирлерге дейін гимнастарымыз әлі ысылатыны анық. 

Қазір спортшыларға қойылған негізгі талап – жаңа бағдарламаны толығымен меңгеріп, тұрақты түрде өнер көрсету. Биыл біздің спортта аздаған өзгерістер бар. Нақтылап айтар болсам, жаттығу құралдарымен жұмыс істеу бұрынғыдан да қиындай түсті. Егер биылғы турнирлерді көрген болсаңыздар, мұны бірден байқауға болады. Өткен жылғымен салыстырғанда жаттығу әлдеқайда ауырлаған. 

Сол себепті, Алина бастаған гимнастарымыз аздап қателікке бой алдыруда. Дегенмен, тағы да қайталап айтамын, бұл жылдың басы. Уақыт өте келе бұл кемшіліктерді жоямыз. Бір аптадан соң Әділханова Испанияда өтетін Гран-при кезеңіне қатысады. Баршаңызды спортшыларымызға жанкүйер болуға шақырамын,  - деді Әлия Юсупова. 

Еске сала кетейік, Алина Әділханова Мәскеудегі Гран-при кезеңінде көпсайыс қорытындысы бойынша 19-шы орын иеленді.