Күрес • 19 Ақпан, 2019

Дәурен Сүйеукенов: дзюдодан Еуропа кубогінде ел чемпионатындағы есемді қайтардым

132 реткөрсетілді

16-17 ақпан күндері Римде дзюдодан ерлер арасында Еуропа ашық кубогі өтті. Екі күнге созылған жарыста Дәурен Сүйеукенов күміс жүлдеге, Бауыржан Жауынтаев қолаға қол жеткізген болатын. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ақтық финалға дейін қарсылас шақ келтірмеген жас балуан Дәурен Сүйеукенов кубоктік додаға қатысты пікір білдірді. 

- Жарысқа дайындық өте жақсы болды. Осы жарысқа дейін екі жаттығу-жиынын өткіздік. Бұл турнир жыл сайын дәстүрлі түрде Италия астанасы Римде өткізіліп отырады. Биыл 46 елден 275 татами шеберлері қатысты. Қазақстаннан 15 дзюдошы қатысып, күміс пен қола жүлдеге ие болдық.

Жоспарым – ел Чемпионатындағы қатемді түзеп, осы жарыста жоғары нәтижеге қол жеткізу еді. (2018 жылғы Қазақстан Чемпионатында жұбаныш белдесуінде жеңіліп, 5-орын алды – ред.) Жоспарым толық орындалды десем, артық емес. 

Турнирдегі алғашқы қарсыласым Италия спортшысы Д’Анжело Биагио болды. Оның қолына ауырту тәсілін жасап, бірінші кездесуді сәтті бастадым. Одан кейін ресейлік тәжірибелі дзюдошы Монгуш Альбертпен белдестім. Нәтижесінде, отырып арқадан асыра лақтыру әдісімен вазари ұпайын алып, қарсыласыма 3 ескерту (шидо) қағазы берілгеннен кейін бұл белдесуімді таза жеңіспен (иппон) аяқтадым.

Ширек финалда жастар арасындағы әлем чемпионы әзірбайжандық Ровшан Алиевпен күресу қиынға соқты. Қарсыласымның әдісіне қарсы әдіс қолданып, қолына ауырту тәсілін жасап, жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алдым. Жартылай финалда моңғол палуаны Ариунболд Энхтайванмен күрестім. Оған өзімнің сүйікті әдісім - отырып арқадан асыра лақтыру әдісін оңай қолдана алдым.

Ал ақтық сында Әзірбайжан дзюдошысы Орудж Вализадамен күрестім. Маған таныс емес, ыңғайсыз балуан болды. Физикалық тұрғыда менен күшті екені байқалады. Финалда қарсыласым бірінші шабуылдап, әдіс жасап кетті. Осылайша, алтынды қолдан бердім. Енді осы қателіктің орнын толтырып, алдағы уақытта жеңіске жетуге тырысамын, - дейді отандық дзюдошы.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар