Қазақстан • 19 Ақпан, 2019

Қостанайда Жастар жылына арналған кітап көрмесі жыл бойы жұмыс істейді

696 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Жастар жылына арналып «Қуатты елдің жастары» деген атпен ашылған кітап көрмесі жыл аяғына дейін жұмыс істейді. Кітап көрмесінің негізгі бөлімдері келушілерге Елбасы Н.Назарбаевтың қазақстандық талантты жастар мен жас мамандарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған саясатынан мол ақпараттар береді. Көрменің ашылу салтанатына кітапхана оқырмандарымен қатар ҚР Ұлттық ұланы №6697 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.

Қостанайда Жастар жылына арналған кітап көрмесі жыл бойы жұмыс істейді

 Көркем безендірілген, 100-ге жуық кітап және мерзімді басылымдар қойылған көрме кітапханаға келушілердің назарын аударады.

«Біздің кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған көрме Жастар жылына арналған шаралардың басталуы болды деп ойлаймын. Жастар жылына арнаған жоспарымыз бар, ол бойынша жыл бойы жұмыстар атқарылады. Бұл көрмеден келушілер Жастар жылының басталуына байланысты барлық құжаттарды, облыста, республикада атқарылған жұмыстарды, жастар жетістіктерін біліп отыратын болады. Себебі, көрмені біз материалдармен толықтырып отырамыз» дейді Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы әмбебап оқу залының меңгерушісі Айгүл Минасова.

«Қуатты елдің жастары» кітап көрмесі жыл бойы жұмыс істейді. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, көрме оқытушылар, ғылыми қызметкерлер, студенттер, сондай-ақ, жалпы еліміздегі және әлемдегі жастарға қатысты өзекті мәселелер, олардың жетістіктері туралы білгісі келетін жалпы оқырман үшін де қызықты болмақ.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай