Қазақстан • 19 Ақпан, 2019

«Алтын жауынгер» анимациялық фильмі жарыққа шығады

542 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алтын адамның Дүниежүзілік шеруінің қорытындысы бойынша ғылыми-зерттеу фильмдерінің циклі мен «Алтын жауынгер» атты толық метражды анимациялық фильм шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алтын жауынгер» анимациялық фильмі жарыққа шығады

Елордадағы «Қазақстан» концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі басталды. Мәжілісте министр Арыстанбек Мұхамедиұлы өз басқаруындағы ведомствоның 2018 жылғы атқарылған жұмысы мен жоспары туралы баяндама жасауда.

Министр Мәдениет және спорт министрлігі қызметінің негізгі бағыттары «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы мен Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында белгіленгенін атап өтті. «National Geographic, BBC World news, Discovery, Viasat History жетекші әлемдік арналармен бірлесіп, әлемдегі тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттау және көпшілікке тарату үшін Қазақстанның киелі объектілері туралы толық метражды тарихи деректі фильмдер циклі шығарылған  болатын. Атап айтқанда, «Күлтегін. Жаңа көзқарас», «Қожа Ахмет Ясауи және Айша бибі мавзолейлері», «Көшпенділер жері» секілді тарихи фильмдер эфирге шықты», - дейді министр. Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуына қарағанда, 2019 жылы «Ботай», «Тәңіршілдік күнтізбесі», «Ұлы Даланың ежелгі металлургиясы» сериялары жарыққа шығады.

«АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Италия, Франция, Австрия, Қытай жетекші мұражайларына Алтын адамның Дүниежүзілік шеруінің қорытындысы бойынша ғылыми-зерттеу фильмдерінің циклі мен Алтын жауынгер туралы толық метражды анимациялық фильм шығарылады», - деді ол.

Министр өз баяндамасында атап өткендей, тарих ескерткіштерінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін айтып өтті. Оның айтуына қарағанда, өткен жылдың өзінде 3 республикалық «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» қорық-мұражайы ашылып, «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» мұражай-қорықтарында визит-орталықтардың құрылысы басталып кеткен.