Қазақстан • 20 Ақпан, 2019

Су тасқынына дайындық қалай?

1399 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көктемгі қарбаласты шақ жақындап келеді. Осы қарсаңда халыққа жыл сайын қауіп төндіріп, әуре-сарсаңға салатын, талайларды сан соқтырып, зыр жүгіртетін су тасқынының алдын алу шаралары қоғамымыздағы ең өзекті мәселелердің біріне айналатыны белгілі.

Су тасқынына дайындық қалай?

Соңғы болжамдар бойынша, елі­міздегі бірқатар өзендерде су қо­ры нормадан жоғары көрі­не­ді. Нақтылай айтқанда, биыл­ғы 

1 ақпандағы жағдайға қара­ған­да ыл­ғал қоры Қостанай облы­сын­дағы Тобыл және Тоғызақ өзен­дер­інде 10-30%-ға, Ақмола облы­сын­­дағы Есіл өзенінде – 15%-ға, Қа­­ра­ғанды облысындағы Нұра өзе­нін­де – 55%-ға, Батыс Қа­зақ­стан об­лы­сының өзендерінде 40-110%-ға артық екендігі анықталған. 

Сондай-ақ ылғал қорының кө­лемі тау өзендерінің арасын­да Түркістан облысындағы Арыс өзенінде – 15%-ға, Шығыс Қа­зақ­стан облысында Ертіс өзені­нің оң жағалауында 40%-ға, Та­лас-Алатау, Қаратаудың со­л­түс­тік-батыс бөлігінде 15%-ға, Тар­бағатай бөктерінің оңтүстік-батыс бөлігінде 30%-ға көп. 

Осы жағдайды біліп отырған Үкімет қазіргі таңда нендей ша­раларға басымдық беруде? Әрине, бұл көптің көкейін тескен сұрақ. Өйткені еліміз су тасқынынан аз зардап шегіп келе жатқан жоқ. Қардың мол түсуі, күннің күрт жылуы, толассыз жауған жаңбыр, кейбір кездері трансшекаралық өзендерден келетін су мөлшерінің түрлі себептермен шамадан тыс артып кетуі сынды түйткілдер мен басқа да келеңсіз жағдаяттардың себебінен болатын селдің өзгесін былай қойғанда, соңғы он жыл­дағы көрсеткен құқайын түгел қамтып шығу қиын. 

Әрине атқарушы билік қол қу­сырып отыр деп айта алмай­мыз. Дегенмен, соңғы жылдар­дағы оқиғалар тиісті алдын алу жұ­­мыстарының мардымсыз жүр­гізілгенін көрсетеді. Егер Үкімет еліміз бойынша осы мәселеге қатысты бақылау, бағамдау шараларын күшейтпесе, алдын алу жұмыстарын ширатпаса, ықтимал оқиғалардың себептерімен емес, тек салдарларымен ғана күресуге мәжбүр болып қала береді. 

Рас, табиғаттың алдын ала болжанбаған тосын мінезі киліксе, шара жоқ. Оған қандай да бір қарсы қауқар көрсету қиын. Бірақ біздегі су тасқындарына қатысты оқиғалардың басым бөлігі алдын алу жұмыстарына деген немқұрайлылықты, дәлірегі су жүретін арық-атыздарды аршу, бөгеттердің сапасын тексеру, су бөгеттеріндегі су мөлшерін дер кезінде реттемеу, өзендер мен каналдардың табанын тазалау сынды шараларға баса назар аудармау­дан туындап жататыны өкінішті. Мәселен, Ішкі істер министрлігі таратқан деректерге сүйенсек, 2018 жылы тасқын судың алдын алу бойынша 198 шара қабылданса, соның 33-і жүзеге асырылмаған.

Оның 21-і өз уағында қаржы­лан­дырылмай, аяқ­сыз қалған. Жергілікті атқару­шы органдар жоспарланған қар­жы­ның тек 80 пайызын ғана бөлген. Ақ­мола, Қызылорда, Батыс Қазақ­стан, Солтүстік Қазақстан мен Қо­с­танай облыстарынан өткен жыл­ы осы бағытқа мүлдем қаржы берілмепті.

Сондықтан биылғы көктемге дайын­дық барысы қалай екені көпші­лікті алаңдататыны анық. Бүгінде еліміз­дің энергетикалық кәсіпорындары су тасқынына дайындық барысында 2 мыңнан астам арнайы техникамен жабдықталған жедел бригадалар құрған. Сондай-ақ қаптағы инертті материалдар − 56 мың дананы, жанар-жағармай қоры 360 мың тоннаны құрап отыр. Төтенше жағдайлар резервінде және кезек күттірмейтін шығыстар резервінде 17,7 млрд теңге қарастырылған. Су тасқыны кезінде жедел ден қою мақсатында жалпы саны 15 мың адамнан және 2 мыңнан астам техникадан тұратын ішкі істер органдарының күштері жасақталды. Сонымен қатар азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері техникамен, құрал-жабдықтармен жете жарақталды және арнайы операцияларға қатысуға да­йын. Жалпы, 2017 жылдан бастап су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда. Онда елді мекендерді су басу­дан қорғауға бағытталған 637 шара қам­тылған. Олардың көпшілігі, дә­лірегі 611-і жергілікті атқарушы ор­ган­­­­дардың құзырына жатады. Соңғы 2 жыл­­да 22,5 млрд теңге сомасында 174 қо­р­ғау бөгетін салу және нығайту, 119 гид­­ро­техникалық құрылысты, су өткізу қабі­леті жоғары 64 көпірді жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілген.

Тағы бір айта кетер жайт, су тас­қыны жөнінде әңгіме қозғалғанда транс­шекаралық өзендерден келетін ықтимал қауіпке соқпай өте алмаймыз. 

Сәл шегіне сөйлесек, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан бас­тау алатын өзендерде су көлемі мол болған кездерде, осы елдер өздерінің су қоймаларынан артық суды ағызып жіберуі себебінен Қазақстанның бірқатар аймақтарына қауіп төнген, тіпті кейбір өңірлерді су басып қалған кездер болды. 

Мәселен, 2016 жылы Қытайдан келетін Ертіс суы артып, Шүлбі және Бұқтырма су қоймалары арнасына толуға жақын қалып, елімізді біршама әбіржіткені есімізде.

Қырғыз жерінен бастау алып, Тәжікстан мен Өзбекстан аумақтары арқылы бізге өтетін Сырдария өзенінен келетін қауіп те аз емес. Қыс маусы­мында бұл көрші елдер Сырдария бо­йын­дағы су қоймаларынан артық мол суды ағызған кезде, өзен арнасы­нан асып, Түркістан мен Қызылорда өңі­ріндегі ауылдарды бірнеше рет ша­йып кеткенін ешкім ұмытқан жоқ. Осы қауіптерді ескерген Қазақ­стан Түр­кі­стан облысы аумағында 2008-2011 жыл­дары аралығында Көксарай су қой­масын салды. Бұл су қоймасы ар­тық суды жинап, қажет кезінде Сыр­дарияға рет-ретімен жіберіп отырады. Қырғыз Республикасынан бастау алатын Шу мен Талас өзендерінен де қауіп аз емес. 

Қалай десек те, трансшекаралық өзендерден төнетін қатерді барын­ша төмендетудің бір жолы, осы мәселеде көрші мемлекеттермен тиімді келісім­ге келу. Өйткені Ертіс, Іле, Сырдария, Шу, Талас сынды өзендердің бас­тауында тұрған елдер төменгі ағыс бо­йын­дағы елдердің мүддесіне жеңіл қарайтын­дай. Келтірілген мәлімет­тер­ге сүйенсек, транс­шекаралық су ар­на­лары мен халық­аралық көлдер­ді қорғау және пайдалану конвенциясына жоғарыда атал­ған елдер­дің ішінен Ресей ғана қол қой­ған. Бұл құжатқа қосылмаған Өзбек­стан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттері өз аумағынан басталатын өзендердегі судың «тағдырын» өздері шешіп отыр. Бұл өз кезегінде тек су тасқыны кезінде қолайсыздық тудырып қана қоймай, суды көп қажет ететін мезгілде еліміздің ауыл шаруашылығына да кері әсерін тигізетін жайт. 

Қазіргі кезде Қазақстан мен Ресей Федерациясында аймақаралық та, мем­лекет­аралық та келісімдер бар, оның шеңберінде тиісті қызметтер судың жиналуы туралы ақпарат алмаса алады. Іле, Жайық, Талас, Сырдария, Ертіс сияқты трансшекаралық өзендердің ағысы негізінен көрші мемлекеттер­дегі су қоймаларында реттелетіні бел­гі­лі. Өзендердің еліміздегі бөлігін­дегі көлемі мен ағысын мамыр айына дейін мемлекетаралық бірлескен комиссия бақыламақ. 

Еске сала кетейік, 2008-2018 жылдар аралығында елімізде 20-дан астам су басудың ірі оқиғалары болған. 

Ал тек 2018 жылғы көктемде Қара­ғанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан об­лыстарындағы 6 қала мен 12 аудан су басудан жапа шекті. Мыңнан ас­там тұрғын үйді су басып, оның 128-і тұру­ға жарамсыз болып қалды. Семей қа­ласы, Аягөз, Глубокое, Шемонаиха және Зырян аудандарындағы өзен арналарының жағалауларын нығайту және тұрғын үйді, көпірлер мен автомобиль жолдарын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 3 млрд 225 млн теңге бөлінді.

Қорыта айтқанда, өзен-көлдерге, су қоймаларына жақын орналасқан ағайын қыстың соңы мен көктемнің басында топан су қай тұсымыздан тап береді деп жыл сайын мазасыз күй кешумен болады. Сондықтан аталған мәсе­леге қатысты жаңа талап, тың көзқарас, қатаң бақылау қажет екені сөзсіз.

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»