Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

Реликті қарағай

1739 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әйгілі Мұхтар Әуезовтің орнитолог ұлы Ернардың 1968 жылы әлемнің тек үш жерінде ғана кездесетін реликті шағаланы Алакөлден тапқаны белгілі. Ал реликті орман, реликті қарағай туралы естуіңіз бар ма? Иә, дүние жүзінде Канададан кейінгі реликті қарағайдың қайда өсетінін және еліміздегі, еліміздегі ғана емес, Орталық Азия көлемінде қарағай көшеттерін өсірумен шұғылданатын ең үлкен тұқымбақтың қайда орналасқанын білесіз бе? Естімесеңіз, білмесеңіз, Бесқарағайға жол тартыңыз.

Реликті қарағай

Аудан жайындағы деректерде Ертіс өзенін жағалай жайқалған мұндағы қарағайлар бес тізбек құрап өскендіктен ауданға Бес­­­қарағай атауы берілгендігі ай­ты­лады. «Семей орманы» та­биғи резерватына қарасты орман­ның 60 пайызының осы аудан аума­­ғында орналасқаны белгілі. «Жүрген соң күнде көріп бауырында, таулардың биіктігі бай­­қалмайды» дегендей, облысымызда Бесқарағай ауданының барлығын білгенімізбен бұл өңір­дің ешкімге ұқсамайтын осындай өзгешеліктерге ие екендігін бай­қамаппыз. Дұрысы, мән бер­меппіз. Осы жолы жұмыс сапарымен барғанда бұған көз же­т­кізіп, өзімізге жаңалық аш­қандай болдық. 

«Үсіген сәбіз» немесе бүршік теру процесі қалай жүреді?

Бесқарағай, Катонқарағай немесе Марқакөлге қарай бет алсаңыз, жолдың қос қапталынан немесе тау бөктерінен, жота бет­кейлерінен сұлу қарағайларды көрер едіңіз. Тіпті көзіңізді ала алмай, көлік терезесінен қайта-қайта қарай береріңіз анық. Асық­пай жүрсеңіз, аз-кем аялдап, суретке түсетініңізге де кү­­мә­­німіз жоқ. Алайда сол сіз там­санып келе жатқан қара­ғай­­лардың кейбіріне 200, кей­бі­ріне 100 жыл болғанын ойлап көр­діңіз бе? Сіз суретке түс­кен қарағайдың бір жылда қан­ша сантиметрге өсетінін тіп­ті де ойға алмағаныңызға бәс ті­гер едік. Хош, мәселе онда емес. Біз жұрт бір күнде өсіп шық­­қан­­дай қызыға тамашалайтын қа­ра­ғайлардың қалай, қандай еңбекпен өсірілетінін «Семей орманы» табиғи резерватына қарасты Канонерка филиалының тұқымбағының жұмысымен та­ныс­қанда білдік. 

Тұқымбақтағы жұмыс күзде, нақтырақ айтсақ, қазан айында қарағайдың бүршігін жинаудан басталады екен. Бүршік дегеніміз – іші толған қарағайдың тұқымы. Бүршіктің қауашағындағы тұ­қым тиіннің де сүйікті асы. Те­ріл­ген бүршік бір қарағанда үсі­ген сәбізге ұқсайды екен. Өзім қоймадан алғаш рет көріп, таң­ғал­дым, бұған дейін бүршік деп ойлап жүргенім орман ішін­дегі пісіп, шашылып қалғаны екен. Қысқасы, тұқымбақта қазан-қараша айларында бүршік теру жұмысы қарқын алып, жел­тоқсанда бүршікті кептіру про­цесі басталатын көрінеді. Үсі­ген сәбіз секілді бүршігіңіз жақ­сылап кептіргеннен кейін барып қана ашылады екен. Кептіру уақы­ты – 40 сағат. «50-60 градус ыстық температурада кептіреміз. Бүршік ашылғанда ішінен ұрық шығады. Биыл біз 11 тонна бүр­шік тердік. Әр филиалдың жоспары әртүрлі. Әуелі өзіміздікін, одан кейін басқа филиалдардан түс­кен бүршіктерді кептіреміз», дейді тұқымбақ бастығы Сырым Елемес.

Кептірілген бүршік әрі қарай сұрыптауға жіберіліп, сапалы тұқым іріктелгеннен кейін арнайы техника көмегімен кішкене ыдыс­қа (өздері кассета деп атайды) бір-бір дәннен жеке-жеке салы­на­ды екен. Салынғанға дейінгі то­пы­раққа су құю, тыңайтқыш қосу деген процестері өз алды­на бө­­лек әңгіме. Кассетаға са­лын­ған тұқым одан кейін үш жы­лы­жайға (әрқайсысына 550 мың да­надан) жіберіліп, бұл жерде нау­рыз айынан мамыр айына дейін күтімге алынып, мамырда қар еріп, күн жылынғанда да­­ла­­да­ғы шынықтыру алаңына шы­­ға­­рылады. Иә, дене шынық­тыру пә­ні деген секілді кішкене қара­ғай­лар да «денесін» шынық­ты­рады.

«Шынықтыру алаңы не үшін керек? Кішкене қылтанақ қара­ғайларды күнге, суыққа шы­нық­тыру, бойларын үйрету үшін қа­жет. Үш жылыжай босағаннан кейін тағы да қарағай көшеттерін әке­леміз. Шынықтыру алаңында көшеттер күзге дейін тұрады. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, осы уа­қыт ішінде, яғни алты ай мөл­шерінде қарағай бар болғаны 7-15 сантиметрге өседі. Қара­ғайды отырғызу, бекітілген жос­парға сәйкес жан-жаққа тарату жұмыстары күзде басталады. Қа­рағайды көктемде де егіп жатады. Өзім күзде отырғызғанды қо­лай көремін. Өйткені  қыс бойы жауған қар көктемде еріп, су тамырларға барады. Көктемде ексе, маусым, шілдеде күн ыстық бол­са, жас көшеттер солып қалуы мүм­кін»,  дейді табиғат жанашыры. 

Көшеттерді шапшаң өсіру – швед технологиясы

Қарағайды күзде отырғызу, көшеттерді осылай күтіп-баптау швед технологиясы көрінеді. Қа­зір жарты жылда өсіп шығатын 15 сантиметрлік қарағай бұрын табиғи жағдайда, далада екі жыл бойы өсірілген екен. Тұқымбақта әуелі жылыжайда, сосын шы­нық­­тыру алаңында өсірілген қа­рағай көшеттерін сақтайтын тоңазытқышы бар үлкен қойма жұмыс істейді. Сырым Мұратұлы бізді сондай қойманың біріне кіргізіп, Елбасының тікелей бас­тамасымен құрылған, бүгінде жай­қалған орманға айналған Ас­тана маңындағы жасыл белдеуге көктем туа жіберілетін 50 мың дана қарағай көшеттерін көрсетті. Тұ­қымбақ қызметкерлері елорда іргесіндегі орман алқабына бұған дейін де 50-100 мың данадан кішкене қарағай көшеттерін бірнеше мәрте жіберген екен. Орман алқабы дегеннен шығады, Мемлекет басшысы Астанада өт­кен Жастар жылының ашы­лу салтанатында: «Ел Тəуелсіздігінің 30 жылдығына қарай «Жасыл ел» қозғалысының базасында «Жасыл қала – жасыл ауыл» жал­пы­ұлттық жобасын іске қосу қажет. 20 жылда Астананың айналасында қолмен отырғызылған орман пайда болды. Бұл – 80 мың гектар жасыл екпелер, со­ның нəтижесінде қаланың іші экологиялық жағынан тазара түс­ті. Астананың үлгісі бойынша бүкіл өңірдегі елді мекендердің жасыл экожүйесін дамыту­ қа­жет» деген еді. «Біздің облыс­та­ғы аудандардың барлығы Бес­қарағай, Катонқарағай, Марқакөл секілді ағашқа бай емес. Егер Абай, Тарбағатай, Аягөз аудандары ағаш отырғызу жағынан көмек сұраса, жәрдемдесуге дайынсыздар ма?» деп сұрадық тұқымбақ басшысынан. Жоғарыда аталған аудандарда, ондағы ауылдарда орман алқаптарының сирек­ екендігі жергілікті жұртқа белгілі. «Бесқарағайдың қарағайы бұл аудан­­дарды жерсіне қоя ма екен?! Әуелі жерді зерттеу керек. Біз тек қарағай көшеттерін өсіру­мен шұ­ғылданамыз. Ағаш егумен айналысатын арнайы мекемелер бар. Солардың көмегіне жүгіну керек шығар», деді С.Елемес.

Қарағай қанша жыл өмір сүреді?

Бесқарағай ауданындағы бұл тұқымбақ жыл сайын 3 миллион дана қарағай көшеттерін өсіріп, шығарады екен. Өсірілген кө­­шеттер өртенген жерлерге, кәрі ағаштардың орнына, еліміздегі орман шаруашылығы филиалдарына жіберілетін көрінеді. Сы­рым Мұратұлының айтуынша, қазіргі таңда «Семей орманы» резерватына 135 мың гектарға, Канонерка филиалына қарасты тұ­қымбаққа 1 мың гектар жерге ағаш отырғызу қажет.

2016 жылы БҰҰ бағдар­ла­­­масы аясында ашылған тұ­қым­бақта бүгінде 35 адам қысы-жазы тұ­рақ­ты түрде еңбек етеді. Ал жаз кезінде 50-ге жуық кісіні уақыт­ша жұмысқа алады. Алайда, Орталық Азия­дағы жалғыз тұқымбақ қыз­мет­керлерін толғандырған мәсе­лелер де жоқ емес. «Біздегі бір мә­селе – жалақының аздығы. Жаз­да күн ыстықта еңбектеп, шөп жұлып, күтіп-баптау оңай ма? Қызметкерлердің ала­­тын­ жа­л­ақы­сы 40 пен 60 мың­ның­ ара­лығында. Олардың жал­ақы­ларын 100 мың теңгеден асыр­са жақсы болар еді», дейді тұ­­қым­бақ басшысы. 

Сырт көзге сұлу көрінгенімен қарағайдың өте баяу өсетінін елдің бірі білсе, бірі білмеуі мүм­кін. Жай ағаштар жылына 1-1 жа­рым, тіпті 2 метрге дейін өссе, қарағай суы мол, жері құнарлы болғанның өзінде әрі кетсе 50 сантиметр қосады. «Неге баяу өседі дейсіз бе? Табиғат солай жаратқан. Нағыз жетілді, өсті, пісті деген қарағайға жоқ дегенде 80 жыл керек. Мына біз өсіріп жатқан кішкене қарағайларды біз де, біздің баламыз да көрмейді. 80-90 жылдан кейін ғана 20 метр­ден асады. Ең биік қарағай – 30 метрге, қалыңдығы 1 метрге дейін барады. Кейбір қарағайлар 200 жыл өмір сүреді. Бесқарағайдың релик­ті қарағайлы орманы елі­міз­дің ешбір аймақтарына ұқ­са­майды. Мұндай орман әлем­де тек Канадада ғана бар.­ Осы­ құндылығымызды, осы­­­ байлы­ғымызды көздің қарашы­ғын­дай сақтауымыз керек», дейді та­биғат жанашыры.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы,

Бесқарағай ауданы