Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

Алматыдағы «Women in business» форумы мәреге жақындады

460 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыдағы Ритц Карлтон отелінде  «Women in business» форумы өтіп жатыр. Мегаполисте ұйымдастырылған үлкен жиынға экономиканың әр саласында жетістікке жеткен қыз-келіншектер жиналған.

Алматыдағы «Women in business» форумы мәреге жақындады

Жыл өткен сайын бизнестегі және қоғамдық өмірде әйелдедің рөлі де саны да артып келе жатқаны аян.

Форумға Алматыдағы «Атамекен» Қазақстан іскер әйелдері кеңесі мен «Қазақстан халық банкі» АҚ ұйытқы болып, Қазақстан баспасөз клубы қолдау көрсетуде.

Мұндай үлкен жиынды өткізуге экономика секторындағы әйелдер мен іс жүзіндегі сарапшылар мүдделілік танытты.

Форумға 100-ден аса кәсіпкер әйелдер мен қоғам қайраткерлері және спорт пен мәдениет саласының бетке ұстар өкілдері келді.

Форумда қазақстандық және халықаралық бизнес пен ұйымдарда басшылық қызметте жүрген әйелдер сөз алып, іскерлік саладағы өз тәжірибелерімен бөлісуде.

Ең көп талқыға түсіп отырған тақырып – бизнес-ортаның түйткілді мәселелері, экономикалық саясат, қаланың ішкі құрылымы мен экология, салалық кәсіптер мен шағын және орта бизнестің жайы.

Ал «Жаһандық экономикалық жағдай. Басқару ісіндегі әйелдердің рөлі» дискуссиясына Қазақстан халық банкі басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, China CITIC Bank директорлар кеңесінің төрайымы Ли Цинпин, Гонконг іскер әйелдері кеңесінің жетекшісі Клэр Ло, Hewlett Packard Enterprise Қазақстан, Қырғызстан компаниясының бас директоры Дана Алтыбаева, «Қазақстан тұтынушылар Лигасы» РҚҚ президенті Светлана Романовская қатысты.

Спикерлер ІТ-сала мен банк сферасындағы өзгерістерді, әлемдік валюталық нарықтағы жағдайларды ортаға салды.

«Мегаполис өмірі: кәсіпкерлік, экология, мәдениет, спорт» тақырыбын талқылаған жиында Алматы қаласының экологиялық мәселелері мен инфрақұрылымы және оның шешудің жолдары қарастырылды. Форумға қаытысушылардың ойынша, Алматының экологиялық мәселені шешу үшін билік пен қоғам мәмілеге келуі тиіс.

Сондай-ақ «Women in business» форумы алаңында wellness, fashion, restoclub индустриясына қатысты мастер-класстар мен семинарлар өтіп жатыр.

Қаржыны, беделді және тайм-менеджментт басқаруға туралы тәжірибелік дәрістер үлкен қызығушылық туғызып отыр.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ