Қазақстан • 20 Ақпан, 2019

Мемлекеттік қызметшілер декларациясын тапсыру мерзімі 31 наурызда аяқталады

172 реткөрсетілді

Мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаның міндеттерінің бірі  - тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына табысы және оған тиесілі мүлкі туралы декларацияны ұсыну. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Салық кодексінің 363-бабының 2-тармағына сәйкес жеке табыс салығы және мүлік бойынша декларацияны Парламент депутаттары, судьялар, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес декларацияны табыс ету бойынша міндеті жүктелген жеке тұлғалардың санаттары ұсынады.

Бұдан басқа, осы декларацияны жыл сайын мемлекеттік лауазым атқаратын адамның жұбайы (зайыбы) табыс етуге міндетті.

Теріс себептермен мемлекеттік қызметтен босатылған адамдар босатылғаннан кейін үш жыл ішінде тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына табыстары мен мүлкі туралы декларация тапсырады.

Декларация орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша мемлекеттік кірістер органына есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей табыс етіледі. Мысалы, 2018 жылға декларацияны 2019 жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсыну қажет.

Мемлекеттік лауазым атқаратын адамдар тиісті мемлекеттік кірістер органдарына декларацияны таңдауы бойынша қағаз шығарып әкелу тәртібімен, пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен, электрондық түрде беруге құқылы.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар