Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

Бурабайда қысқы президенттік көпсайыстан облыстық біріншілік өтті

431 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бурабай ауданында қысқы Президенттік көпсайыстан облыстық біріншілік өтті. Жарыс жалпы білім беретін мектептер арасында «Жастар» және орта арнаулы оқу орындары арасындағы «Кезең» атауымен ұйымдастырылды.

Бурабайда қысқы президенттік көпсайыстан облыстық біріншілік өтті

Бұл наурыз айының 1-і мен 7-сі аралағында өтетін республикалық жарысқа іріктеу туры. Спортшылардың қарасы да қалың. Әрқайсысы оқу орнының үмітін арқалап келгендер. Өңірдің 15 жалпы білім беретін мектептері мен 11 орта арнаулы оқу орындарының спортшы ұл-қыздары қатысқан бәсеке тартысты өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Президенттік көпсайыс жастардың спортпен шұғылдануына көп септігін тигізеді.

–Бұл жастардың спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға септігін беретін жарыс. Себебі, мұнда мектеп оқушыларымен бірге студент жастар қатысып, өз бақтарын сынауда. Біз республикалық олимпиадаға дайындау орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудеміз,–дейді облыстық білім басқармасы жанындағы дене тәрбиесі және оқу-әдістемелік орталығының директоры Аман Ермұханов.

Қысқы спартакиада спорттың бірнеше түрінен өткізілді. Алдымен, жарысқа қатысушылар кермеге тартылу, гимнастика, көз мергендігі және кеудені жерден көтеру бойынша сайысты. Кейін жасөспірім ұл-қыздар шаңғы жарысы бойынша бақтарын сынады. Дегенмен, бәсеке жоғары.

Облыс біріншілігінің қорытындысы бойынша жалпы білім беретін мектептер арасында алғашқы орын Степногорск қаласына бұйырды. Ал, орта арнаулы оқу орындарының ішінде үздік шыққан Щучинск жоғары педагогикалық колледжі болды. Облыс біріншілігінде іріктеліп шыққан команда енді республикалық деңгейде өңір намысын қорғайтын болады.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы