21 Ақпан, 2019

Туристік бағыттарды дамыту үшін ғылыми негіз керек

2988 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанда туризмді дамытуға жұмыстың атқарылмай жатқаны емес, сол жұмысты атқаруда дұрыс бағыттың жоқтығы кедергі болып отыр. Себебі осы саладағы бағдарламалар мен құжаттарда  нақты ғылыми-зерттеулердің нәтижесі пайдаланылмаған. Саланы зерттеген мамандар осылай дейді.

Туристік бағыттарды дамыту үшін ғылыми негіз керек

Иә, Қазақстанның туристік әлеуеті орасан деп жиі мақтана­тынымыз рас. Алайда, туризм саласын әлі күнге дейін қарыштап да­мыта алмай отырғанымыз да жа­сырын емес. География ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­да­гогика университетінің қауым­дастырылған профессоры, «Бо­лашақ» бағдарламасы бойын­ша Джордж Вашингтон уни­вер­ситетінің түлегі Кененбай Мәм­бет­әлиев мұның себебін былай деп тар­қатады:

− Кез келген мемлекет бел­гілі бір саланы дамыту үшін оның болашақтағы даму жоспа­рын арнайы стратегиялық құжат ар­қылы айқындайды. Бұл құжат мем­лекеттік органдардың, ға­лым­дардың және салаға қатыс­ты мүдделі тараптардың барлы­ғының қатысуымен жасалуы керек. Біз еліміз тәуелсіздік ал­ғаннан бері қа­былданған барлық туризм бағ­дар­ламалары мен тұжырымда­маларын АҚШ-тың туризм саласының ғалымдарымен бірге толық зерттедік. Сондағы анықтағанымыз, біздегі көп­теген бағдарламалар мен құжат­тарда нақты ғылыми-зерт­­теу­лердің нәтижесі пайда­ла­ныл­маған. Тіпті 2017 жылы қа­был­­данған Туристік саланы да­мы­тудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасында да туристік әлеуе­тіміз дұрыс зерт­телмеген. Бұл жағдайда туризм­нің дамуы ту­ралы айту қиын. 

Осы саланы зерттеп жүрген маманның айтар нақты дәлел-дәйектері де бар. Оның пікірінше, Туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы се­німсіз ақпараттар негізінде жа­­зылған. Мысалы, құжатта ту­ризмді дамытуға қиындық кел­­ті­ретін негізгі себептердің бірі ре­тінде «Туризм саласында білік­­ті кадрлардың, оның ішінде ака­­де­миялық білім сипатының же­тіс­­пеушілігі, білім бағдарла­ма­ла­рының еңбек нарығы­ның талап­тарынан, өндіріс қажет­ті­лік­терінен, жұмыс берушілердің кү­туінен біршама алшақтығы» көр­­се­тілген. Бұл орайда, Тұжы­рым­дама авторлары туризмнің дамымауына басты кемшілік ретінде мамандық беру мекемелерін негізсіз айыптаған.

– Сонымен қатар Тұжырым­да­ма бойынша кем­пинг­тік туризм, автотуризм және караванинг туриз­мін дамыту жоспарланған. Құжат­ты әзірлеушілердің пайы­мы­на салсақ, осы саланы дамыту еліміз үшін өте қолайлы-мыс. Себебі туризмнің бұл түр­ле­рі бар­лық маусымда дами бере­­­ді дейді. Шыны керек, бұл ақыл­ға қонбайды. Себебі елі­міз­­­дің кейбір аймағында қыс мезгілінде табиғат аясында серуендеу тұрмақ, жұмыс пен үйдің арасына қатынау мұң бола­ды емес пе?! Аяз, боранда, тұманда, көктайғақ кезде маңыз­ды қалааралық трассалар да жиі жабылады. Қатты суықта көптеген мекемелер жұмысын тоқта­татынын біле тұра, қысқы мезгілде де туристердің саяхатын жоспарлау тіпті күлкілі кө­рі­­неді. Еліміздің табиғи ер­ек­­­­­ше­­­ліктерін ескермегеніне қарап, Тұжырымдама автор­ла­ры­­­ның географиялық біліміне күмән­­данып қалдым,– дейді К.Мәмбетәлиев. 

Оның айтуынша, дәл қазір Қазақстанда кемпингтік туризм, автотуризм және караванинг туриз­­мін дамытуға мүмкіндік аз. Тұжырымдамадағы осыған қатысты бөлім Германия, Қы­тай және Ресейдің туризмін да­­мытуға арналған сияқты. Се­бебі сол мемлекеттердің әле­уе­ті туралы мәліметтер бері­ліп, Қазақстанның әлеуеті назардан тыс қалған. Қазақстанға шетелдік туристердің барлығы бірдей өз көліктерімен келмейтіні белгі­лі. Мысалы, Аустралия мен Америкадан, Еуропа мен Азияның дамыған мемлекет­те­рінен келетін турис­тер­дің өз көлігімен кел­мей­тіні түсінікті. Ал бізде, өкінішке қар­ай, оларға жалға көлік бере­тін орталықтар өте аз. Оның үстіне, туризм­нің бұл сала­сына кез кел­ген көлік жара­май­тындықтан, жол талға­май­тын, қауіпсіздігі жоғары мықты автокөлік қажет. 

Алыс шетелдерден келетін турис­терге мықты автокөлік бермек түгілі, ТМД көлемінде өз автокөлігімен келетіндердің көлі­гі бұзылған жағдайда техникалық көмек беретін орталықтар да көп емес. 

– Қазіргі таңда туризмнің бұл түріне ұлттық деңгейде көңіл бө­лу­ге әлі ерте. Себебі бізде бірін­ші кезекте туризмнің дайын тұрған нысандарының көпшілігі бос тұр. Осы нысандар пайда әкелуі үшін қажетті туристерді әлі тарт­қан жоқпыз. Алыс шетелден келе­тін туристердің саны он бес-жиыр­ма миллионнан асқан соң ғана туризмнің кемпинг, авто, караванинг сияқты түрлерін дамыту туралы айтуға болар. Ал қазір оны қолға алудан бұрын, елімізде көліктер жүретін жолдардың сапасын ретке келтіріп алған жөн,– дейді ол.

Соңғы кездері Қазақстанның медициналық туризмдегі әлеуеті жоғары бағаланып жүргені белгі­лі. Бұған да күдікпен қарауға тура келеді. Туризмді дамытуға қатысты құжат авторлары меди­ци­на саласы бойынша басқа мемлекет­тердің көшбасшы екенін мойын­дайды. Соған қарамастан, Қазақ­­станда жасалған небәрі 40 жүрек транс­плантациялау және 5 өкпе трансплантациялау опера­циясын үлкен жетістік ре­тін­де қарас­тырып, осы елдермен медициналық туризм саласында бәсекелесуге шақырады. Әрине, бір операцияның өзі үлкен жетіс­тік. Алайда, жоға­ры­­да аталған операциялар қан­ша науқасқа шаққанда сәтті жасалды? Егер авторлар Тұжы­рым­дамада соңғы бес жылдың статис­тикалық де­рек­­терін пайдаланды десек, жы­лы­на бір трансплантация жасау отандық медицинаның жоғары дәрежеде екендігін айқындай ма?! Отандық медицина ел азаматтарын емдеп болып, басқа ел­дің азаматтарын емдеу жағ­дайына жетті ме?! Ертең шетел­дік туристерді емдеу сәтсіз бол­ған жағдайда Қазақстанның әлем алдын­дағы беделі қалай бола­ды? Сәт­сіздікке ұшыраған кли­­ен­т­тің қорғау­шы­лары ха­лық­­­­аралық немесе жер­гілікті соттарға жүгінген жағ­дайда Тур­изм индустриясы комитеті қан­дай рөл атқарып, қаншалықты жауапкершілік арқалайды?! Осы тектес салмақты мәселелер әлі шешілмеген. 

К.Мәмбетәлиев кейінгі жылдары туризм саласына жасалып жатқан мемлекеттік қолдауды ерекше бағалайды. Өкініштісі, оны туризм саласына жауапты мекемелер тиімді пайдалана алмай отыр. Әлемде Қазақстан сияқты туризмді қолдап жатқан елдер көп емес. Жағымсыз сая­сат­тың әсерінен туризм сала­сы­нан түсетін табыстан айыры­лып жатқан мемлекеттер де бар. Мысалы, бірер жыл бұрын АҚШ президенті жеті мұсылман ел­дің азаматтарына елге кіруге уақытша тыйым салған-ды. Ал АҚШ экономистерінің дерегіне қарағанда, бұл елдегі туризм саласындағы 40 мың жұмыс орны­ның жойылуына және мил­лиардтаған доллар табыстан айырылуына себеп болған. Осы­дан кейін АҚШ туристер көп келетін мемлекеттер арасында Франциядан кейінгі екінші орнынан түсіп қалды. АҚШ-қа мұсылман туристерден ғана емес, Еуропа азаматтарының да келуі азайып кеткен. Тіпті Еуропаның кейбір дамыған мемлекеттері өз азаматтарына АҚШ-қа бармауға кеңес беріп, ұлттық туристік порталдарында қауіпті елдер санатына енгізді. 

Бұған кері мысал ретінде Сауд Арабия­сын тілге тиек етуге болады. Кон­сервативті мемле­кет ре­тінде бұл ел бұрын тек мұсылман туристерді қабыл­дай­тын. Қазіргі тақ мұрагерінің сая­саты бойынша барлық турис­тер­дің елге еркін кіруіне рұқсат беріл­ді. Осы арқылы Сауд Ара­бия­сы мұнай таусылғаннан кейін­гі кезеңде де экономикалық даму­­ды төмендетпеу жағын қазір­­ден бастап қолға алып отыр. Осы екі мысалға қарай отырып, туризмге саясаттың тікелей ық­па­лы бар екенін көруге болады. Еліміздегі саяси жағдайдың қо­лай­лылығына қарамастан Туризм индустриясы комитеті турис­тік әлеуетімізді пайдалана алмай, саланы тиісті дәрежеде дамыта алмай отыр.

Шетелдік туристерді көбірек тарту үшін не істеу керек? Бұл сауалға К.Мәмбетәлиев:

− Ең бірінші, туризмнің қан­дай түрлерін дамыту қажеттігін анықтау керек. Шетел­дік турис­тер­дің басым бөлігі табиғат аясында (ұлттық парктер, ұлттық саябақтар мен қорықтар және т.б) саяхаттағанды ұнататынын ес­­кер­­ген жөн. Екіншіден, қай елдің туристерін тарту ел эко­­но­­­микасына пайдалы еке­нін анық­­тап алу керек. Тиісті Тұжы­­рымдама авторлары елі­міз­ге келетін туристердің басым бөлі­гі ТМД мемлекеттеріне тие­сі­лі екендігін, олардың Ресей, Өзбек­стан және Қырғызстаннан еке­н­ін көрсеткен. Меніңше, олар біздің экономикаға жұмсаған қаржы­сы­ның біраз бөлігін қайта­дан өздері алып кетеді. Бұл туристерден еліміз айтарлықтай пайда көрмейді. Сондықтан бізге Аустралиядан, АҚШ-тан, Еуропа мен Азиядағы дамыған елдерден келетін туристерді тарту маңыздырақ, – дейді. 

Сарапшы атап көрсеткендей, азаматтарын елге тартқымыз келетін мемлекеттермен тия­нақ­ты түрде жұмыс жасау жағы да өте өзекті. Демек, осы елдерде Қазақстан туризмін тиімді, арзан және нәтижелі тәсілдермен насихаттау керек. Осы айтылғандарды ғылыми түрде жүйелеп, сол жос­пар бойынша жұмыс істесек, жақсы нәти­же­ге қол жеткізе ала­мыз. 

Бауыржан МҰҚАН,

«Egemen Qazaqstan»