Қазақстан • 21 Ақпан, 2019

Қыздар университеті  «Туған жерге тағзым» жобасын бастады

90 реткөрсетілді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Туған жерге тағзым» атты жоба бастау алды.

Аталған университеттің Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен қолға алынған жоба қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи санасын дамыту арқылы ұлттық тұтастықты сақтау, өскелең ұрпақтың бойында ұлтжандылық қасиетті қалыптастыруды көздейді.

Жоба аясында түрлі сала мамандарынан жасақталған экспедиция Алматы облысының аудандарына арнайы сапармен барды.

Департамент директоры Жаңагүл Сұлтанованың айтуынша, сапар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жоба аясында сала мамандары жергілікті ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, мектеп оқушыларына түрлі тақырыптар төңірегінде тағылымды дәрістер өткізді. Қаузалған мәселелер қатарында жас ұрпақ бойында эстетикалық мәдениетті қалыптастыру, адамгершілікке баулу, шешендік өнер, өзін-өзі ұстай білу мәдениеті, мектеп оқушыларының ата-ана мен мұғалім, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын жақсартудың жолдары мен тәсілдері бар. Сондай-ақ оқушылардың өсу процесінде, олардың жас және жеке педагогикалық-психологиялық ерекшеліктеріне қарай қақтығыстың себептері мен салдарларын анықтау және оларды шешудің жолдарына арналған тренингтер де көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Шара аясында  Сарқан және Талғар аудандарындағы бірнеше мектепте «Ұмай ана» арнайы кабинеттері ашылды. Онда қыздарға ұлттық тәрбие беруге байланысты тағылымды істер жүзеге асырылмақ.

Бұл орталықтар Қыздар университеті мен білім ұяларының өзара байланысын арттырып, қыз балаларға тәлімді тәрбие беру бағытында қызмет атқаратын болады.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар