Бастадық.
Біздің проза – мақтанға жақсы. Жұрт тез түсінеді, бәрі анық, оқыған сайын ойың тереңдеп, танымың кеңейеді. Тамырсыз деп ешкім айта алмайды. Асфальтты жарып шыққан күштің аты – махаббат, елге деген шексіз сүйіспеншілік. Түркіні сүйген Мағжандай! Тасты жарады, топыраққа байланады.
Қазақ түсінбегені туралы ойланбайды, алайда бір ұққанын жүз айтып қоймайды.
Алашта бәрі түсінікті. Тегі, Асқар ғана түсініксіз, мүмкін, Оралхан, әлде данышпан Мұқтар Мағауин немесе абыз Әбіш Кекілбай.
Сосын, Абайдың қайғысы көп, түсінігі күрделі, мақсаты – бұлыңғыр. Бірақ бұлыңғырлығы толған ақылдан, яғни, асып-тасқан ақылдан туады. Адамның ақылы артқан сайын ақылы жетпейтін ойлары да көбейеді. Бұлыңғыр ойлар. Бұрын білмеген екен. Рас, адамның оқығаны пайымдаған ақылға айналып, ақылына ақыл қосады, сол кезде көзі көреді. Дүние – оңай, өлім қиын емес.
Қаламның сауаты оқығаннан келеді. Сауат ойға кеңістік ашады, санаға да, қиялға да қанат бітіреді, таланттың табиғатын өзгертеді. Білге дарын – талантына танымы тең тартқан тархан. Жөнді де, жолды да біледі және жөнге ұғымтал, жолға ұтқыр.
Жазушылық – туабіткен қасиет, бірақ оның тәртібі кітаптан қалыптасады. Жас ұрпақ қашанда ескі низамнан қашып, жаңа машықтың саясын паналайды.
Қаламгер кітапты көп оқыса – машыққа жетеді, киногер көркем фильмді көп көрсе – кино тілін табады. Тәртіпсіз проза – мәдениетсіз проза. Стиль – тәртіп.
Әдебиет тарихы – стильдердің тарихы. Стиль көп оқып, көп жазғаннан қалыптасады. Атмосфера.
Стиль – атмосфераның авторы. Атмосфера – бір нәзік дүние. Кез келген өнердің, өнерпаздың мұраты – атмосфераға жету.
Стиль атмосфераны тудырады, атмосфера – шығарманың жаны. Атмосферасыз кітап – өлі туынды. Атмосфера барда, кітап та тірі.
Шын, атмосфера жоқта оқылған кітаптың: сағынышы – сенімсіз, қасіреті – күлкілі, махаббаты – жалған. Кітапты оқу үшін шығарма ішінде де, оқырман бойында да, мезгіл уақытында да, төңірек жағдаятында да атмосфера болуы керек. Менің ойым сол.
Толстой – данышпан орыс қазақты, қазақ орысты білмейді. Қазақ білмейтіндігіне мақтанады. Адамзат куә, Толстой – данышпан, Достоевский – ұлы, Пушкин – кемеңгер. Орыс әдебиеті – алыптардың әдебиеті. Жалпы, тамырсыз ағаш, тарихсыз мәдениет, тексіз әдебиет жоқ. Тілдің бәрі – ұлы, өнер тегіс текті, әдебиет біткен кемел дүние – бір-біріне тең, артық та, кем де емес. Самоценность. Яғни, өзіндік құндылық. Біздің ұлт – талантты халық.
Қазақтың ақыл-ойына қазақ ортасы аздық етеді, біздің көріне қоймаған оқырмандарымыз көп, бірақ бір тілде ғана сөйлеген әдебиет көп тілді адамзатқа жете алмай отыр. Сондықтан проза да, поэзия да жарма қақпаларын шалқасынан ашып тастауы керек.
Кек & өкпе
Қазақта өкпе көп. Кейбір топ кешегісін кешіре алмай – кектенеді. Кек – тұйық жол деп айттық. Кегінің түрі – тілінде сөйлемеу, қаріптік нұсқасында оқымау, тегі, сөйлеген мен оқығанды жау көреді. Жазғанды, тіпті Үркітке айдатуға дайын.
Әдебиетіне, мәдениетіне қарсылығы – кәдімгі үлкен философияға айналады. Кешіріңіз, бұл енді – не шовинизм, не фашизм. Адамзатты сүюге шақырған Абайға салсақ та, басқа өркениетті жеккөру – қазақтың жолы емес. Өзін жау көрген өзге оны да жақтырмайды.
Бұл жағдай қос әдебиеттің мұратынан адасуына апарып соғады. Орыс жазушысы қазақ оқырманын, қазақ қаламгері орыс аудиториясын іздемейді.
Бірақ әдебиеттің мұраты – кек, өшпенділік, аярлық емес, ізгілік еді, жарыққа ұмтылған сөз өнерін, сәулелі сөз өнерін қайтіп қараңғылық жайлады, күн көзін неге түнек басты... белгісіз. Пафос – фальш. Негізі, белгілі.
Пафос әдемі нұсқада сөйлеймін деп, кейде фальшті айтып қалады. Фальш – атмосфераның жауы. Әсері бірден сезіледі, нәтижесі шұғыл көрінеді. Архетип шынайылықты оятады.
(Екінші әңгіме)
Қайдасың, архетип?
Жалпы, архетип – екеу, бірі – көшірмелердің түпнұсқасы, яғни көне мәтіндердің, ескі жазбалардың ежелгі, атамзаманғы ең алғашқы көрінісі. Немесе негізге алынатын ең бастапқы, ертедегі үлгісі.
Екінші архетип – лингвистикаға байланысты. Тілдік форманың қалпына келтіруге болатын, алғашқы үлгісі тұрғысында танылатын, түпнұсқа ретінде қабылданған түрі.
Тіпті, аналитикалық психология қалыптастырған үшінші архетип бар. Іргетасын қалаушы – Карл Юнг. Пәлсапашы ілімі бойынша, әрбір адамның бойында туа біткен, ұжымдық санасыздықтың мазмұнын құрайтын психологиялық құрылымдар бар, мүмкін, құрамдар, әдетте түсіңізге кіреді, жалпы, өмірімізден, жеке бір тәжірибемізден қайталанып тұрғандай көрінетін ой-ниет немесе тілек-талпыныстарымыз (мотивтер) бен кейіптер (образдар) кешегіні еске салып отырады. Архетиптердің бұл аталған қасиет-белгілері жалпыадамзаттық әфсаналар мен ертегілер, әлемде кең таралған әдеби көркем сюжеттер негізінде де жатыр. Юнг отызға тарта архетипті алға тартады. Оларды әфсана және ертегілерде баяндалатын, бейнеленетін образдардан байқауға болады.
Архетиптер жеке адамның ғұмырындағы не болмаса қоғам өміріндегі қиын-қыстау сәттерде оянады. Қуанышты сәтте де тұнып жатқан тұңғиық, мөлдіреп тұрған шыңыраудан қалқып жоғары шығады да санадан көрінеді. Дәлірек, сана қызметінен, іс-әрекетінен байқалады.
Архетип – жеке адамның қасиеті емес. Жеке тұлғаның туындысына да жатпайды. Ол – адамзаттық нәсілдік құбылыс. Архаикалық қалдық. Жер бетіндегі алғашқы қадамы, ауыр тіршілігінің куәсі, сақталып қалған белгісі. Бірінші тәжірибелерінің сарқыты.
Сонымен, образды ойлаудың қалыбы бар екенін таныдық. Демек, әдеби архетип, салдарынша, әдеби мотив, желілер, қаһармандардан тұрады. Жазушылық ерекшеліктен, машықтан туатын архетип, мәңгілік тақырыптар мен образдар архетипі, қалыптасқан бейнелердің архетипі. Сосын табиғи архетиптер.
Жазушының архетипті ғылыми тұрғыдан ғалымдай білуі шарт емес, бірақ оны тануы тиіс.
Фабула композициядан үлкен, ал композиция фабуладан гөрі әлдеқайда дәл.
Орыс тілді ортада бойына әлем әдебиетінен жұғып, санасына озық нұсқалардан сіңген жақсы дәстүр бар. Жазушының жеке басында ешқандай шаруасы жоқ. Бар назары – қолдағы мәтінде. Әділетсіз сөйлей алмайды. Жұрт қарап отыр.
Бірінші кезекте, әрине стиль. Фабула – екінші кезектегі мәселе. Әңгімеленетін тақырыптың бір-біріне жалғасқан не қабысқан жайттарының біртұтас жиынтығы.
Ал композиция сол жайттардың орналасуын, кезектесуін, тіпті байланысуымен біріге, бірге өрбуін білдіретін түсінік.
Бірі – уақиғалардың сан мөлшерін, бір желідегі кезектесуін, қабыса өрбуін немесе шын өмірдегі жағдай-жайттарын көрсетсе, екіншісі, сол фабула бойынша авторлық нұсқадағы сюжетті құрастыруды, яғни уақиғаны жүзеге асыруды білдіреді.
Фабула жалпылама әңгіме түріндегі нұсқа болса, композиция мақсат-мұраты бар нақтылы сюжеттік желі.
Қаламгердің оны білуі шарт емес, бірақ сол ізбен жүруді кітаптардан оқып үйренуі керек.
Меніңше, ғылыми фантастика, фэнтези, детектив үшеуін жоқтаудың қажеті жоқ. Біздің қорғау-қолдауымызсыз-ақ олар әлемді жаулап отыр. Фэнтези – бар болғаны – ғылыми емес фантастика. Ойына не келсе соны жаз деген жауапкершіліксіз еркіндік. Детектив те жетісіп тұрған жоқ: қылмыстың ізіне, қылмыскердің соңына түскен агенттің сергелдең өмірі. Ғылыми фантастика ақыл-ойға – ақыл, ой қосады.
Бірақ жалпыадамзат, жекелеген данышпандар Интернетті болжай алған жоқ. Ақпараттық технология дүниені өзгертті. Біз қарыштап дамып, аршындап адымдаған үдерістердің соңына ілесе алмай ілдебайлап жүріп келе жатырмыз.
Кейде қолына тізгін тиген сұңғыла медиа тұлға сипай қамшылап ат шалдырады, оза шауып, топ жарып, қара үзіп кетеді. Шаң-топырақ астында қалған біз қайтіп адамзатқа ақыл айтамыз?
Бұқаралық ақпарат құралдары әлемдегі ең ықпалды билеуші топқа айналды. Қазір барды да, жоқты да өзі жасайды. Медиагер тұлға ақпараттық технологиялар арқасында бизнестегі, қоғамдағы, мемлекеттегі ең көрнекті қайраткерлердің бірі болды.
Дидар АМАНТАЙ,
жазушы