Дәріханаларда баға әркелкі
Алматылықтарды толғандырып жүрген мәселелердің бірі – дәріханалардағы бағаның ала-құлалығы. Осы шағымға байланысты есептік кездесуге қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев бөлшек саудадағы дәрі бағасын мемлекет өз бақылауына алғанын айтты. Ол дәрілік заттардың айналымы бойынша заң қабылданғанын, сәуірден бастап мемлекеттің бөлшек саудадағы баға нарқын реттейтінін, бұл Еуропадағы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп қабылданғанын атап өтті. «Бұл орайда бизнесте табыс қалады. Дәрілік бизнестің табысын шамамен білеміз. Мемлекет бизнес пен тегін дәрі алатын пациенттер арасында дұрыс қатынас қалыптастыруға тырысып жатыр», деді Е.Досаев. Ол сондай-ақ өңірлерде ешкімге қажеті жоқ дәрілерге тапсырыс берілетінін айтты. Осы орайда жүйе тұңғыш рет электронды құжат айналымына келтіріліп, бөлшек сауда бақыланатынын, енді дәрігерлер қажеті жоқ дәрілерді жазбайтынын, бұл жұмыс биыл шегіне жеткізілетінін айтты.
Шаһар басшысы Премьер-Министр орынбасарының сөзін қуаттап, цифрлы технологиялар субъективті факторды болдырмайтынын, дәрігерлердің де өзара байланысы болатынын, олардың үстелінің үстінде белгілі бір фирманың логотипі бар қалам жататынын жайып салды. Мұндай бассыздыққа жол бергендер лауазымымен қош айтысатынын да ескертті. Мәселен, былтыр медициналық мекемелердің басшыларына қатысты 29 тәртіптік шара қолданылды, 12 басшы қызметінен қуылды. Сондықтан қалада денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру мақсатында жол картасы қабылданды.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы
Жалпы, Алматы қаласының әкімі де қала тұрғындарына, оның ішінде көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетудің тиімділігін арттыруға назар аударды. Бұл ретте еліміздің ең ірі мегаполисінде «Бақытты отбасы» арнайы әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы қолға алынбақ. Бүгінде кезекте тұрған 1276 көп балалы және толық емес отбасының көпшілігі тұрғын үйдің алғашқы жарнасын төлей алмайтындықтан оларға қала бюджетінен 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификаттары берілетін болады. «Алғашқы жарна пәтер құнының 10%-ын құрайды, төлем 18 жылға 2%-бен беріледі. Біз өткен екі жыл ішінде «Алматы жастары» бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырдық. Құны 10 миллионға дейінгі 238 пәтер жас отбасыларға 5% несиемен берілді. Бұл істе тәжірибеміз бар», деді Б.Байбек.
Жаңадан салынған үйлердегі құны 15 млн теңгеден аспайтын шағын пәтерлерге ғана несие беріледі. Биыл Алатау және Наурызбай аудандарында осы іспетті 500-ден астам пәтер беру жоспарланып отыр.
Қала әкімінің айтуынша, соңғы екі аптада 600-ден астам анамен кездесу өткізіліп, жүздеген өтініш сараланды. Ең өткір мәселелер қатарында тұрғын үй, коммуналдық қызмет төлемі, оқу мен жұмысқа орналасу тұр. Барлық өтініштер Үкімет жанындағы жұмыс тобына жіберілді. Б.Байбек көп балалы және мұқтаж отбасылардың балаларын балабақшаға тегін апаруға мүмкіндік бар екенін айтты. «Ата-аналар балабақшадағы баланың тамағы үшін 18 мың теңге ғана төлейді, қалған 27 мың теңгені мемлекет субсидиялауда. Тек өткен жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша балабақшадағы 51 мың орынға 16 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл сома 1,8 миллиардқа артты. Егер көп балалы тұрмысы төмен отбасының екі және одан да көп баласы балабақшаға баратын болса, онда отбасылық бюджет жүктемесі де жоғары болады. Сондықтан «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тұрмысы төмен отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшаға тегін беруге болады», деді қала әкімі.
Б.Байбектің айтуынша, полицияның материалдық-техникалық қамтылуына жергілікті бюджеттен 14 млрд теңге бағытталды. Қазіргі таңда қалалық полиция бейнебақылау камераларымен, GPS навигаторлармен 87 пайыз қамтылды. Бұл жұмыстар қалада сыбайлас жемқорлық көрсеткішінің санын азайтуға септігін тигізеді.
Ауаны көліктер ластайды
Алматы әкімі қаладағы автотұрақтарды азайту шарасының соңы дауға ұласқанын жеткізді. Тұрғындар пікірінің бір жерден шықпауы шаршатқан шаһар басшысы тіпті мұның таза ауаны қалыптастыруға да әсері бар екенін ашына айтты. «Мен де сол лас ауамен демалып жатырмын. Балаларым үшін де, жақындарым үшін де, Алматы тұрғыны ретінде де алаңдаймын», деді ол. Қала әкімі Алматы ауа бассейнінің ластануына 70 пайыз көліктердің бөлетін улы газы себеп болатынын жеткізді. Сондықтан 10 шараның жетеуі көлік санын азайтуға бағытталып отыр. «Қалада 30 жолайрық салынды. Көліктер азайды ма? Керісінше, ыңғайлы жағдай жасаған сайын көлік саны көбейе түседі. Қаланың кедей тұрғындары көлікпен жүретін қала бақуатты емес, керісінше жағдайы жақсы адамдар автобуспен жүретін қала бақуатты. Біздің міндет – бәрін автобусқа отырғызу», деді ол.
Қазір қалада жеңіл рельсті көлікті іске қосу бойынша байқаудың бірінші кезеңі аяқталды. Биыл қалада ЛРТ желілері салынады. «Метроның екі стансасының құрылысы басталды. Бұл күнделікті жолаушылар ағымын 86 мыңға арттырмақ. Қосымша тағы вагондар сатып алады», деді Б.Байбек. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасын көтермеген тасымалдаушылармен келісімшарт бұзылатыны белгілі болды.
Жалпы, Алматыдағы өмір сүру сапасының жоғары деңгейі адамдарды көшіп келуге ынталандырады. Жыл сайын қала халқы 50 мың адамға артып келеді. Алдағы 15 жылда Алматы халқы 3 миллионға жетпек. Бұл жұмыспен қамту, әлеуметтік сала мен қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік сияқты көптеген салада жаңа кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»