Әзербайжан Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Севда МӘМЕДӘЛИЕВА: Көргенім ойлағанымнан да асып түсті
Жұма, 8 маусым 2012 7:42
Ел ісіне қатысып, мемлекеттік жауапты қызметтерде жүргеніме, шетелдік сапарларға шыға бастағаныма талай жыл болса да Қазақстанға еш жолым түспей жүрген еді. Әзербайжан мәдениетінің Қазақстандағы күндері арқасында Астананы алғаш рет көру мүмкіндігіне ие болдым. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деген сөз рас. Қай елге барғанда да сол жерден көрермін дегеніңді ойша екшейсің, кейде көргенің ойлағаныңның өресінен табылмай жататыны да болады. Біз елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен, басшылығымен жаңа астана салынғанын, ондағы сәулет өнерінің деңгейі жоғары екенін жақсы білеміз. Әйтсе де осында келгелі бері менің көргенім ойлағанымнан да асып түсті.

Астана нағыз осы заманның қаласы, оның жоспарлануы, тұрғызылуы, сәулетінің ерекшелігі қазақ халқының, барша қазақстандықтардың заңды мақтанышы. Бүкіл түркі әлемі құрмет тұтатын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жобасы – жасампаздық жоба. Қазақстанды жиырма бірінші ғасырдағы адамзат өркениетінің алдыңғы шебіне алып шығатын ірі іс. Біз Тұңғыш Президенттің музейінде Нұрсұлтан Назарбаевтың өнегелі өмір жолымен танысып, тәуелсіз мемлекет құрудың жай-жапсарынан жан-жақты хабардар болдық. Қазіргі таңда Қазақстанның әлем алдында абыройы асқақтап тұрғанында ел басшысының еңбегі ерекше екенін нақты сезіне түстік. Астана жұртшылығының өкілдерімен сөйлескеніңізде олардың отаншылдығы, ертеңгі күнге сенімі разы етпей қоймайды. Бұл мемлекеттің келешегінің кемелдігінің дәлелі.
Нұрсұлтан Әбішұлының Әзербайжанның басшылығымен қай кезде де жақсы қарым-қатынас жасап, ата-бабаларымыздан ауысқан достық дәстүрін жемісті жалғастырып келе жатқаны белгілі. Біз қазақ бауырларымыздың жанашырлығын бұрын да талай сезінгенбіз. Баку аспанына бұлт үйіріліп, кешегі кеңестік кезеңнің зорлығы батқан тұста атақты қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің, өзі ыстығы көтеріліп, қатты ауырып тұрғанына қарамастан, Бакуге ұшып келгенін, халықтың жігерін көтеретін жалынды сөз сөйлегенін біз ешқашан ұмытпаймыз. Біз Кеңес одағындағы әміршіл-әкімшіл жүйеге алғаш қарсы шыққан, ұлттық намыс туын алдымен желбіреткен қазақ жастары, біздің бауырларымыз болғанын да мақтан етеміз.
Әзербайжан мәдениетінің Қазақстандағы күндері сияқты игілікті іс-шаралар алдағы кезде де жүйелі ұйымдастырылып тұруға тиіс. Осы күндерде өзімнің әріптесім – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиевамен, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әлібек Асқаровпен, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахмановпен, Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраевпен пікірлескенімде мәдени байланыстардың көкжиегі кеңейе түсетініне көзім жетті.
Бір Каспийдің екі бетін жайлаған қос халықтың ғасырлар бойғы достығы баянды жалғас табуын тілейміз.