Жүрек соғуын тоқтатпасын
Сенбі, 9 маусым 2012 7:48
Кеше Алматыда «Almaty Towers» бизнес-кешенінде 6-8 маусымаралығында өткен Қазақстан кардиологтарының ІV конгресі өз жұмысынаяқтады. «Практикалық кардиологияға инновациялық технологиялар»тақырыбында өткен алқалы жиынға еліміздің барлық аймағынан 300-гетарта денсаулық сақтау саласының жетекшілері, бас мамандар,кардиологтар мен кардиохирургтер, сонымен қатар Бельгия, Португалия,Германия, Израиль, Венгрия, Италия, Испания, Ресей, Беларусь, Украина,Қырғызстан, т.б. елдерден арнайы шақырылған білікті мамандар қатысты.
Сенбі, 9 маусым 2012 7:48
Кеше Алматыда «Almaty Towers» бизнес-кешенінде 6-8 маусымаралығында өткен Қазақстан кардиологтарының ІV конгресі өз жұмысынаяқтады. «Практикалық кардиологияға инновациялық технологиялар»тақырыбында өткен алқалы жиынға еліміздің барлық аймағынан 300-гетарта денсаулық сақтау саласының жетекшілері, бас мамандар,кардиологтар мен кардиохирургтер, сонымен қатар Бельгия, Португалия,Германия, Израиль, Венгрия, Италия, Испания, Ресей, Беларусь, Украина,Қырғызстан, т.б. елдерден арнайы шақырылған білікті мамандар қатысты.
Төртінші мәрте ұйымдастырылған конгрестің алғашқы күні тек шеберлік-сыныбына арналды. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, Алматы қалалық кардиология және Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталықтарында өткен шеберлік сыныбында Мәскеудегі РМҒА-ның Бакулев атындағы Жүрек-қан тамырлары хирургия ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкерлері Н.Н.Ломидзе, А.В.Стаферов, Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының бөлімше жетекшісі С.А.Әлімбаевтар жүрекке ота жасаудағы үздік жетістіктерімен тәжірибе бөлісті.
Келесі күні алқалы жиын Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекованың делегаттарға жолдаған құттықтау сөзімен ашылды. Онда аталмыш конгрестің еліміздің денсаулық сақтау саласындағы маңызды оқиғалардың бірі болып табылатыны, тұрақты өткізілетін мұндай басқосулар отандық кардиология қызметінің негізгі стратегиялық бағыттары мен басымдықтарын айқын көрсететіні, практикалық кардиологияға жаңа инновациялық медициналық технологияларды ендіруге көмектесіп, мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруға септігін тигізетіні айтылды. Сондай-ақ құттықтау лебіз білдірген Қазақстан Кардиологтар қауымдастығының президенті Сәлім Беркінбаев мұндай жиындар біріншіден, әйгілі шетелдік және отандық ғалымдарды, практикалық дәрігер-кардиологтарды, терапевтерді, кардиохирургтарды мемлекеттік мекемелер өкілдерімен бірге бас қосуға мүмкіндік беретін маңызды іс-шара екеніне тоқтала келіп, конгресс жұмысына қатысуға арнайы келген Еуропалық кардиологтар қоғамының вице-президенті, профессор Фаусто Пинтоға ерекше алғыс білдірді.
Баршаға аян, елімізде жүрек аурулары өлім-жітім бойынша бірінші орында тұр. 2006-2008 жылдары жүрек-қан тамыры ауруынан жылына 80 мың адам қайтыс болса, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш 71-72 мыңға төмендеген. Бұл әрине, жаман көрсеткіш емес. Ал ауыратындар саны бүгінде гипертониялық, жүрек-қан тамырлары ауруларын қосқанда 1 миллионнан асып отыр. Десек те, Қазақстанда 2007-2009 жылдарға арналған кардиология және кардиохирургия саласын дамыту мақсатында бағдарламалар қабылданып, онымен қатар Елбасының биылғы Жолдауында адам әлеуетінің деңгейін арттыруда көрсетілген медициналық қызметтердің қол жетімділігі мен сапасы, саламатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау маңызды бағыт болып табылатыны айтылған. Міне, бүгінде сол бағдарламалар мен міндеттерді жүзеге асырудың нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жетіп отыр.
– Егер 2006 жылы жүрек-қан тамырлары ауруынан өлім көрсеткіші республика бойынша 100 мың адамға шаққанда 526 адамнан келсе, 2011 жылы 319 адамға кеміген, – деді бізге конгрестің өткізілу мақсатына тоқталған Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ директоры, медицина ғылымдарының докторы профессор Сәлім Беркінбаев. – Оның себебі, біріншіден, 2007 жылы Елбасы тапсырмасымен Үкімет Қазақстанда кардиология мен кардиохирургия салаларын дамыту жөнінде қабылдаған мемлекеттік бағдарлама бойынша елімізде төрт-бес кардиохирургиялық орталық, барлық облыс орталығында кардиохирургиялық және интервенциялық кардиология бөлімшелері ашылды. Бұрындары жүрек-қан тамырлары ауруларына көбінесе консервативтік ем жүргізілсе, қазір әлемдік хирургиялық тәсілдермен емдеуге көштік. Міне, конгресте сол қол жеткізген жетістіктеріміз бен нәтижелерімізді ортаға салдық. Екіншіден, өлім-жітімді одан әрі азайту үшін жүрек-қан тамырлары ауруының алдын алып, оның өзімен емес, себеп-салдарымен күресу қажеттігі сөз болды. Яғни Қазақстанда профилактикалық медицинаны дамытуды ұйымдастыруды қолға алуымыз керек. Сондай-ақ жиында көтерілген басты мәселенің бірі, бұғанға дейін кардиологиялық клиниканың салалары – кардиология, кардиохирургия мен интервенциялық кардиология әрқайсысы бөлек болса, ендігі мақсатымыз барлығымыз бір қауымдастыққа бірігіп, бірге жұмыла жұмыс жасау.
Конгресс жұмысына өздерінің үлкен жетістіктерімен келіп отырғанын жеткізген Алматы облыстық кардиология орталығының бас дәрігері Рахымберді Сұлтанбеков орталықтағы озық технологияларды пайдаланудың нәтижесінде өткен жылы 100 мың адамға шаққанда жүрек ауруларының негізгі түрі бойынша өлім-жітімнің 200-ден 52,2-ге дейін азайғанын тілге тиек етті. Мәселен, Талдықорған қаласына 2008 жылы жаңа құрал-жабдықтар әкелініп, 2009 жылдан бастап облыс халқына жоғары дәрежелі кардиохирургия қызметтері көрсетіле бастаған. Қазір олар бірқатар күрделі операцияларды облыстық орталықта жасауда. Мысалы, бұрын тек ересектердің жүрегіне ғана ота жасалып келсе, ағымдағы жылдан бастап жас балалардың туа біткен жүрек ауруларына да операция жасау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, конгресс аясында «Жүректің ишемия ауруымен және созылмалы жүрек кемістігімен ауыратындарды емдеу мен алдын алудың заманауи аспектілері», т.б. Сателлиттік симпозиумдар мен «Кардиология және кардиохирургиядағы диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиялары» секциясы бойынша ТМД елдерінен келген мамандар дәріс оқыды. Жиын соңында кардиохирургия саласын жетілдіруге қатысты қарар қабылданды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».