«2020 жылы Ұлы Даланың ұлы тұлғасы, ұлтымыздың мақтанышы - Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы тойланады. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігі айрықша датаны ЮНЕСКО деңгейінде тойлауға әрекет етуде. Өтетін іс-шаралардың тізімі жасалып, тиянақты дайындық жүргізіліп жатыр. Әрине, бұл өте құптарлық жағдай. Бұған қоса, кейінге қалдыруға болмайтын бірнеше маңызды мәселелерді шешуіміз қажет», делінген депутаттық сауалда.
Бұдан әрі Әлімжан Құртаев Сириядағы соғыстың тоқтауына байланысты және 1150 жылдықтың қарсаңында, яғни, 2019 жылы әл-Фараби атындағы мавзолейдің құрылысын толықтай аяқтау керек екенін айтады.
«2006 жылғы Сирияға барған сапарымызда әл-Фараби бабамыздың мавзолейінің көшірмесін әкелдік. Бүгінгі күні сол көшірменің үлгісімен мавзолейді салу кезек күттірмейтін игілікті істің бірі болуы тиіс. Мұндай қадам Отырар-Түркістан өңірінде мәдени туризмді дамытуға үлкен серпін берері сөзсіз», делінген депутаттың сауалында.
Сондай-ақ депутат Әл-Фарабидің еңбектерін аударуды ұсынды.
«Бүгінгі күнге дейін бізге 100-ден астам шығармалары мәлім. Алайда олардың бар-жоғы 20 шақтысы ғана қазақ және орыс тілдеріне аударылған. Олай болса, қалған еңбектерін аудару ісін қолға алуымыз керек. Мысалы, Сирия сапарынан әкелінген «Екі ұлы имамның тәпсірі», «Әл-Фарабидің логикасы», «Әл-Фарабидің ғылым және тәрбие туралы еңбектеріне талдау», «Әл-Фараби», «Әл-Фараби және ізгі қалалар», «Әл-Фарабидің философиялық көзқарас туралы», «Әл-Фараби мен Әл-Киндидің терминологиялық энциклопедиясы» және әз-Заһир Бейбарыс сұлтан туралы «Теңіз мәмлүктері» атты туындылар қазақ және ағылшын тілдеріне аударылып, ұлтымыздың және әлемнің оқырмандарының ортақ қазынасына айналса нұр үстіне нұр болар еді» делінген Ә.Құртаевтың депутаттық сауалында.
Бұдан әрі ол ғұламаның өмір тарихы мен шығармашылығын тұтас сипаттайтын «Әл-Фараби энциклопедиясын» дайындауды, бабамыздың өмірінен деректі фильм түсіруді, Астана мен Түркістан қалаларында әл-Фараби ескерткішін орнатуға барынша қолдау көрсету керек екенін сөз етті.