Дәрігерлер бастап еді, банктегілер қостады
Жұма, 15 маусым 2012 6:57
Жыл сайын 14 маусымда Дүниежүзілік донор күнін өткізу туралы бастамаға 4 бірдей халықаралық ұйым ұйытқы болып келеді. Бұлар – ДДСҰ, Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық федерациясы, Қан донорларын ұйымдастырудың халықаралық федерациясы және Халықаралық қан құю қоғамдастығы. Бұл ұйымдар қанды тегін және өз еріктерімен тапсыруға үндейді.
Жұма, 15 маусым 2012 6:57
Жыл сайын 14 маусымда Дүниежүзілік донор күнін өткізу туралы бастамаға 4 бірдей халықаралық ұйым ұйытқы болып келеді. Бұлар – ДДСҰ, Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық федерациясы, Қан донорларын ұйымдастырудың халықаралық федерациясы және Халықаралық қан құю қоғамдастығы. Бұл ұйымдар қанды тегін және өз еріктерімен тапсыруға үндейді.
Биыл мұндай шараны Алматы қаласындағы қалалық қан орталығы Дүниежүзілік донор күні қарсаңында бастады. Бұл орталықтың өзі де 2004 жылы 14 маусымда құрылған. Қалалық әкімшіліктің құзырына қарайтын орталық Алматыдағы 20-ға тарта медициналық мекемеге қызмет көрсетеді. Мыңдаған адамдардың өміріне араша болған қан орталығы қан дайындаудың заманауи әдістерін енгізіп, тестілеп, донорлық қан құрамының қосымша қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Ал биылғы Дүниежүзілік донор күні «Әлемді жарылқа!» деген ұранды ұстанған. Бұл бастама кездейсоқ апаттар мен жарақаттардан қан жоғалтып, созылмалы қан ауруларына душар болған жандардың өмірін ұзартуға септесетіні сөзсіз.
Алдымен бұл акцияға қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен Алматы дәрігерлерінің өзі белсене кірісіп, қан тапсыруды бастады.
– Бізде қанға деген қажеттілік өте жоғары, қаланың инфрақұрылымы өсіп келеді, жол-көлік оқиғасы да жиілеген. Бұдан бөлек, соңғы жылдары бала туу көрсеткіші де жоғары, – деді қалалық Қан орталығының директоры Жандос Надиров.
Сондай-ақ 12 маусым күні Алматыдағы «Темірбанк» АҚ-ның қызметкерлері де «Сенің күнің, донор!» атты қан тапсыру науқанына қатысып, 43 адам 19 литр 350 грамм қан өткізді.
Бұл шарапатты істі Қаржы институтының қызметкерлерді басқару департаментінің ұйымдастыруымен Республикалық қан орталығы мен «Бауыржан» қайырымдылық қоры бірлесіп өткізді. «Бүгіннен бастап донор бол» ұранымен өткізіліп отырған науқан Қазақстандағы донорлық институтты дамытуға үлес қосуға бағытталған.
Мұндай игі бастама Темірбанкте осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Оған 2010 жылы – 42, 2011 жылы – 47 адам өз еркімен қатысқан болатын. Биыл жиналған қан Республикалық педиатрия институты мен еліміздің медициналық мекемелеріндегі күрделі онкологиялық және гематологиялық сырқат жандарға көмек ретінде жөнелтілетін болады, – дейді «Темірбанк» АҚ-ның баспасөз қызметінің бас маманы Мәдина Кеңес.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.