«Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1.Қазақстан Республикасы Үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі міндеттерін уақытша атқару Асқар Ұзақбайұлы Маминге жүктелсін.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра берсін.
Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», делінген Ақордада жарияланған Жарлықта.
А.Мамин 2016 жылы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалған болатын.
Асқар Ұзақбайұлы 1965 жылы туған. Целиноград инженер құрылысы институтын, Г.Б.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын инженер-құрылысшы, экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын «Целинтяжстрой» тресінде монтаждаушы болып бастаған.
1996–2008 жылдар аралығында Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Көлік және коммуникация вице-министрі, Индустрия және сауда бірінші вице-министрі, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі, Астана қаласының әкімі қызметтерін атқарған.
2008 жылғы сәуірден «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті.
1998 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2006 жылы «Құрмет» орденімен, 2011 жылы екінші деңгейлі «Барыс» орденімен, 2010 жылы орыс православиелік шіркеуінің Әулие князь Мәскеулік Даниилдің 3-деңгейлі орденімен, 2013 жылы Француз Республикасының Құрметті Легионы және Латвия Республикасының «Таным кресті» екінші деңгейлі орденімен, 2014 жылы Испания Корольдігінің «Азаматтық еңбегі үшін» бірінші деңгейлі орденімен марапатталған.