Әлем • 22 Ақпан, 2019

Ауылы аралас, қойы қоралас ағайын...

1001 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қырғызстан туыстық жағынан да, тілі, діні мен ділі жағынан да біздің ең жақын көршіміз. Әлемнің барлық елдерінің демократиялық даму деңгейін анықтау бойынша жасалған рейтингтің соңғы нәтижесі (10.02.2019 ж.) бойынша ол 98-ші орында тұр (The Democracy Index). Балтық бойы елдерін есептемегенде Қырғызстан бұрынғы КСРО-дан тараған республикалар арасында тек Молдова мен Грузияны ғана алдына салыпты.

Ауылы аралас, қойы қоралас ағайын...

Жасыратыны жоқ, ашық, нарықтық жүйеде тек азаматтық қоғам институттары жетілген елдер ғана биік табыстарға қол жеткізіп, сыбайлас жемқорлық сияқты қоғамдағы мерездерді сылып тастай алады. Аталмыш тізімде рейтингі жоғары ел­дердің көбінің де экономикасының шарықтай дамып, халқының әлеуметтік жағдайы жақсарып, жан басына шақ­қан­дағы табысының жоғары екендігі соның айғағы. Осы тұрғыдан алғанда, демократия мұраттарын биікке көтеруге тырыса­тын Қырғызстанның да алар асулары жоғары болуы тиіс деп ойлаймыз. 

Былтырғы қарашаның 15-де Қырғыз Республикасының қазіргі президенті Соо­ронбай Жээнбековтің сайланғанына 1 жыл толды. Осы уақыт аралығында оның атқарған істерін, қол жеткізген табыс­тарын ішкі және сыртқы сарапшылар бүге-шігесін қалдырмай, көп талдады. Соның ішінде оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресіне үлкен назар аударылды. Бұл президенттің сайлау алды бағдарламасында ең маңызды мақсат деп жарияланған. Енді сол серті қалай орындалып жатыр деген сұрақтар сарапшылардың қызу талқысына түсті. С.Жээнбековтің өзі осыдан бір жыл бұрын: «Мен сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін проблема деп білемін. Сондықтан да онымен күрес Қауіпсіздік кеңесінің үнемі назарында болады» деген еді. Содан бері С.Жээнбеков осы бағытта біраз шара қабылдады. Кейбір жетістіктерге де қол жеткізді, бірақ толық жойды деуге келмес. «Өкінішке қарай, бұл істе біз қоғам күткен нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз», деп президенттің өзі де мойындаған. (Bulak.kg) Осы орайда, ол сыбайластық соттардың, прокуратураның, қаржы полициясының, ұлттық қауіпсіздік пен ішкі істер қызметінде берік орнап отырғанын да атап өткен. 

Президент С.Жээнбековтің бұл сала­дағы істерінің нәтижесінің қатарына шенеу­ніктердің табыс декларациясын тек­серу мен күреске азаматтық қоғам­ды белсенді түрде тартуы өз жемі­сін бергені айтылады. Алайда кей­бір сарапшылар президенттің сыбайлас жемқорлықпен күресі саяси қарсылас­тар­мен есеп айырысуға жалғасып жатқа­нын да еске салады. Қалай десе, де бір жыл­дың ішінде Қырғыз елінде екі бір­дей бұрынғы премьер-министр тұтқынға алынды. Ж.Сатыбалдиев пен С.Исақовтың екеуіне де Бішкек ЖЭО күрделі жөндеуге жұмсалған 300 млн доллардың жақсы нәтиже бермей, апатқа соқтырғаны үшін сыбайлас жемқорлық кінәсі тағылған. Тағы бір бұрынғы премьер-министр, С.Жээнбековке қарсы президенттік сай­лауға түскен О.Бабанов шетелге қашып кеткен. Соңғы жылдарда премьер-минис­тр­лер қатарында көрінген Т.Сариев те құ­қық қорғау органдарының назарында, оны да Қауіпсіздік комитеті бірнеше рет жауапқа шақырған. Сондай-ақ Біш­кек қаласының бұрынғы екі мэрі де тұт­қындалып, қазір тергеліп жатыр.

Сыртқы қатынастарда Қырғыз елі қазір ұстамды саясат жүргізуде. А.Атам­баевтың кезінде Түркиямен, Қа­зақ­станмен суып кеткен екіжақты қаты­нас­тар қазір қалпына келді. Әсіресе, Қазақ­­станмен жалғасқан қатынас эконо­мика-

ның қалыпты жағдайға келуіне жол ашып отыр. Оның үстіне, Қырғыз­стан аймақтағы басқа елдермен де, инте­грациялық ұйымдармен де байланысын жақсартты. 

Қырғызстанның жаңа президентінің Астанаға алғаш рет ресми сапармен келуі – екі елдің арасында Мәңгілік дос­тық туралы келісімшартқа қол қойыл­ған­дығының 20 жылдығына тұспа-тұс келген. Мұның символикалық мәні бар екендігін екі мемлекеттің басшылары да атап өтті. С.Жээнбеков сондағы сөзінде өзінің Қазақстанмен стратегиялық және одақтастық қатынастарды жақсартуға барлық күш-жігерін салатынын айта келіп,«әлемде қырғыз бен қазақтай туыс халықтар жоқ» деген ойын жеткізген. Содан бергі қатынастарда екі мемлекеттің арасында ешқандай түсінбеушіліктер болған емес. Президент Н.Назарбаев екі жақты тауар айналымы 2020 жылға дейінгі мерзімде бір миллиард долларға жету керектігін алға мақсат етіп қойылғанын жариялаған, қазір сол мақсатқа жетудің жол картасы іске асырылуда. 

С.Жээнбековтің кейбір прагматикалық бастамалары да Қазақстанның тәжірибесін еске салады. Мысалы, ол 2018 жылды «Аймақтарды дамыту жылы» деп жариялады. Осындай, бір өзекті мәселені басым бағыт етіп, арнайы министрлік құрған кезіміз де болды. С.Жээнбековтің аймақтарды дамыту мәселесін де халық қызу қостап кетті. Қырғызстанның жаңа президенті Еуразиялық экономикалық одақ елдері лидерлері қатарына да жақын үйлесіп, ондағы көтерілген сұрақтарды түсіністікпен талқылауға қызу араласуда. 

Осы мәселелердің бәрін сараптай келіп, Қырғыздың Саяси-құқылық зерт­теулер орталығының директоры Т.Ибраимов: «Біздің күткеніміздей емес, президент әлдеқайда прогресшіл және ілгерішіл болып шықты. Оның негізгі қадамдары мен бастамаларын қоғам оң қабылдады. Әсіресе, қоғамды топтастыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы істері қызу қолдау тапты», деп жазды. 

С.Жээнбеков қырғыздың аса белсенді Парламентімен де ортақ тіл табысуға қол жеткізіп келеді. Оның бастамаларын Парламенттің қолдауы соның айға­ғы. Әрине, бәрі бірдей «майдан қыл суыр­ғандай» жайлы болып жатқан жоқ. Әлеу­меттік саланың мәселелері кейде күр­деленіп кетеді. Денсаулық сақтау мен білім беру саласының қордаланған мәсе­лелері де әлі шешімін таппай жатыр. 

Міне, туысқан көршіміздің бүгінгі халі, қысқаша айтқанда, осындай. Олардың табысты болуына әрбір қазақстандық тілектес екені даусыз. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»