22 Ақпан, 2019

Жамбыл өңіріндегі жақсы бастама

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мемлекет ұстанып отырған салиқалы саясаттың өзегі. Осы орайда аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету де бүгінде негізгі мәселе. Әулиеата өңірінде аз қамтылған әлеуметтік топтарды қолдау өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Осындай игі жұмыстарды жалғастыру мақсатында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қалалық Мәдениет үйінде өңірдегі көпбалалы аналармен кездесті.

Жамбыл өңіріндегі жақсы бастама

Аналар әкіммен кездесу барысында түрлі әлеуметтік мәселелерін көтеріп, тілек-өтініштерін білдірді.

Өз кезегінде Асқар Мырзахметов өңірдегі  аз қамтылған және көп балалы аналарға қажетті көмектер барынша көрсетілетінін, ол үшін биылғы бюджет есебінен 30 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Әкімнің айтуынша, аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында облыста биыл 10 жатақхана салынады. Оның 7-еуі Тараз қаласынан, ал 3 жатақхана Шу, Қаратау және Жаңатас қалаларынан бой көтермек. Бұл жатақханалар тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көп балалалы отбасыларды  қамтитын болады. Ал, осындай отбасылардан шыққан облыс мектептерінде оқитын 29 мың баланың ыстық тамағына 2 миллиард теңге, мектеп формасын алып беру үшін 500 миллион теңге бөлінбек. Бұдан бөлек, 23 мың оқушыға жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама берілмек.

Сондай-ақ, әкім аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан оқушылар мен түлектер үшін де айтарлықтай жеңілдіктер жасалатынын жеткізді. Айталық, биыл колледждерге бөлінетін 13 мың гранттың 50 пайызы аз қамтылған және көп балалы отбасының балаларына тиесілі болмақ. Яғни, 6 жарым мыңға жуық студент мемлекет есебінен колледждерде тегін оқытылады. Олардың  шәкіртақысы мен тамақтануына 1,7 миллиард теңге қаралмақ.

Сонымен қатар, 7500 аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың коммуналдық  төлемдерін төлеп беру үшін 500 миллион теңге бөлінеді. Асқар Мырзахметов өз сөзінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың  70 пайызы ауылда тұратынын ескеріп, оларға демеушілер есебінен қайтарымсыз мал беру шаралары да қарастырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар, өңір басшысы әлеуметтік қолдау көрсету үшін құрылатын арнайы комиссия құрамына да барынша көпбалалы аналардың қосылатынын айтып өтті.

Айта кетейік, республикалық «Бақытты отбасы» акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету үшін облыстық «Қамқор» жобасы қолға алынған. Оған 1 мыңнан аса еріктілер тартылды.

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы