Қылқалам шеберінің Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде салтанат құрған мерейтойлық жеке көрмесі «Бейсаналық экзистенциясы» деп аталыпты. Мұндағы туындылардың идеясы мен мазмұнының желісі бірін-бірі жалғастырып, адамзат бойындағы тылсым дүниелерді айшықтауға бағытталған дерсіз. Оның шығармашылығы ерекше көзқарастардан тұрады. Адам болмысының мәні мен өмірдегі орны, қоғамдағы түйткілді мәселелер, жалпы әлемдегі өзгерістер суретші қылқаламынан шыққан сан түрлі бояулармен ұштасып отырады. Туған дала табиғатын, қазақ халқының ұлттық наным-сеніміне тереңнен бойлап, картиналарында өзіндік көркем тәсілмен жеткізуге күш салады.
Өнертанушы Гүлнұр Жұбанова суретшінің көрмеге қойылған таңдаулы туындылары турасындағы өз ойын былайша жеткізді: «Кескіндемешінің 1983 жылы жазылған «Қара, ақ, қызыл» атты картинасында қою қара түсті фонға ақ және қызыл бейнелер жазылған. Мұнда суретші айналаны түнек басқан әлемнің шырмауынан шыққысы келіп, талпынып жатқан қазақ халқының жай-күйін астарлап жеткізеді. Сонымен қатар «Қара иттің көлеңкесі», «Қаңғыбас», «Кеңістік» және т.б. шығармаларында, қоғамдағы әлеуметтік өктем таптың мәселелері мен шырылдаған халықтың жан айқайын қылқаламның сырымен жырлаған. Сол кезеңдегі, ел өміріне сыни көзбен қарап, тура билерден қолдау күткендей әсерлі жеткізеді».
Есімғали Жұмановтың қаламынан өрілген «Арбаның ұзақ кеңістігі», «Түркістан-Ясауи нұры», «Ұлы көшпенділер», «Әл-Фараби. Отырар кітапханасы», «Еділ мен Рим қасқыры. XXI ғасыр», «Кешкі қонақ», «Ана», «Әке», «Мәңгіліктің алдында», «Ақын Махамбеттің өлімі», «Азия ханым», «Ананың аруағы» сынды шоқтығы биік екі жүзге жуық шығарма әр кезеңдерде өз көрерменінен жоғары бағасын алып келеді. Бұл картиналар оның өнердегі үздіксіз ізденістерінің нәтижесі.
Суретшінің көрерменнен жоғары баға алған бірегей картиналары республикалық, аймақтық, бүкілодақтық, дүниежүзілік көрмелерге қойылды. Шығармалары Францияның Париж қаласында өткен «Қазақстан мәдениеті», Иран, Тегеран қаласында шымылдығын түрген Дүниежүзілік мұсылман елдері және Ресейдің Мәскеу қаласында ұйымдастырылған Суретшілер одағының халықаралық көрмелерінде, Германияның Магдебург қаласында жалауын көтерген «Еуропа-Азия» ІІ халықаралық байқауында көпшілік назарына ұсынылды. Оның көркем туындылары қырғыз, қытай, түрік халықтарына кеңінен танылған. Көрмеге суретшінің 90-нан аса кескіндемелік, графикалық және инсталлияциялық жұмыстары қойылған. Суретші сезімінің нәзік қылын тербеген кенеп бетіндегі мың сан бояулар сырбаз өнердің сиқырына қарай тартады. Үміт пен күдікке толы тынымсыз тіршілік алуан ойлармен арпалысқан адам көңілінің ырғақтарын тап басқандай. Есімғали кенебіндегі алмағайып әлемге сізде үңіліп көріңіз...
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ