Мемлекет басшысы ең алдымен осы олқылықтың орнын толтыруға тырысты, сөйтіп қажетті қаражат пен техникалық мүмкіндіктерді іздестіре білді. Бұл жөнінде Президент «Өмір өткелдері» атты кітабында былай деген екен: «Ел экономикасы алға басып, қуаттанған кезде тұп-тура жарты триллион ақша бөлдік те, 1200 шақырымдық жол салдық. Бұл сан айтуға ғана оңай. Сақылдаған сары аяз бен аптап ыстықта әр шақырым тұрмақ, әр метрге шпал төсеп, рельс салу өте қиын шаруа. Біз соны жасадық».
Мемлекет басшысының айтып отырған уақыты екі мың жылдықтың тоғысына сәйкес келеді. Бұл егеменді ел атанғанымызға он жылдан сәл асып бара жатқан кезең еді. Дәл осы тұста еліміздің шығысында «Ақсу – Дегелең» темір жолы пайдалануға берілсе, еліміздің батысында ел-жұрт «Хромтау – Алтынсарин» темір жолының игілігін көре бастады. Журналист ретінде кейінгі аталған аса ірі стратегиялық нысан құрылысының жүру барысын бірнеше рет көзбен көріп, 2,5 жылға созылған темір жол құрылысы аяқталған кезде осы жасампаз оқиғаға куә болудың сәті түсті.
Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан ғасыр құрылысы дерлік атауға ие аса ауқымды жоба жөнінде көкейде сақталған бірқатар жайттар мен деректерді оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдім. Сала мамандары мен сарапшылары 400 шақырымды жалғайтын өте ірі көлемдегі магистраль құрылысы кем дегенде бес жылға жоспарланатынын мәлімдейді. Ал Президент белгілеген меже − екі-үш жыл. Аталған құрылыстың күрделілігі сонда, Хромтаудан асқаннан кейін Мұғалжар тауының сілемдері басталады. Бұдан кейін темір жол салушылар бірнеше өзендер мен көлдерді және қараған мен шілік өскен құла дүзді кесіп өтуге тиісті. Оның үстіне тек темір жол емес, оның бойында ондаған көпірлер мен стансалар және бекеттер салынғанын ескерсек, уақыт жағынан ұтудың өзі оңай іс емес екені бірден көрінеді. Сондай-ақ Алтынсаринге шығатын жолдың бастауында пойыз құрамын 40 градус өрге сүйрейтін күрделі учаскелер бар. Салынған жолдың бұралаң болуы да сондықтан. Әйтпесе тепловозға салмақ түседі. Сөз жоқ, тау мен тасты жарып жол төсеу қолбайлау туғызады. «Хромтау – Алтынсарин» темір жолы құрылысымен танысу барысында көзіміз айқын жеткен жайт – оның сырт адам біле бермейтін иірімдері, қырлары мен сырлары мол екені. Себебі темір жол күнде салына бермейді. Сирек әрі белгілі бір өңірде тек бір рет салынады.
Журналистік іссапар кезінде жобалаушылардың басқосуына куә болып, осында айтылған өндірістік ұсыныстар мен пікірлерге құлақ түргенім бар. Сонда есімде қалғаны «Ырғыз» стансасын салу жобасы біраз талас-тартыс туғызғаны. Өйткені оны жобалау кезінде мамандар жергілікті жердің жағдайы мен ерекшелігін ескермепті. Яғни, әр екі-үш жыл аралығында бұл маңда көктемде үлкен көл пайда болады екен. Оның Бөгеткөл деп аталуы да содан шығар. Осыған қатысты бекетті қай тұстан салу керектігі жөнінде әртүрлі ұсыныс айтылды. Бір тоқтамға келу қиын соқты. Осындай екіұдай пікірлерді мұқият тыңдап, саралағаннан кейін осы істің басы-қасында жүрген сол кездегі Көлік және коммуникация министрінің бірінші орынбасары Қабиболла Жақыпов бүкіл жауапкершілікті өзіне алып, картаға өз қолымен өзгеріс енгізіп, оңтайлы да сәтті шұғыл шешім қабылдай білді. Бұдан кейін техникалық пойыз жүре бастап, темір жол құрылысының жүгі әжептәуір жеңілдеп сала берді. Яғни, көліктің бұл түрі жол құрылысына қажетті жүкті түйе сияқты өзі арқалап жеткізе бастады. Жұмыстың ең ауыры – 2,5 миллион текше метр топырақты үю болған секілді. Келесі жылы оның мөлшері 3,5 миллион текше метр болғанын білдік. 14 жыл бұрын «Хромтау – Алтынсарин» темір жол құрылысының аяқталуына байланысты түйісу де осы жерде болды.
Оның ашылу рәсіміне осы үлкен жобаның бас иесі, Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Осы арада аталған темір жол құрылысы жалаң емес, кешенді әлеуметтік сипаттағы құрылыс болғанын айтуға тиіспіз. Айталық, Әйтеке би ауданында жаңа стратегиялық нысанның іске қосылуына орай 800 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Соңғы жылдары мұнда темір жол депосы салынды.
Темір жол – өмірді қозғалысқа келтіретін, оған жаңаша әр мен нәр беретін қуатты құрылым. Бұл ретте құлан жортса, тұяғы тозатын, қыран ұшса, қанаты талатын ұшы-қиырсыз дала өзгеше бір түр мен келбетке енгені, осы арқылы аудан инфрақұрылымы түбірімен өзгерді. Екі мыңыншы жылдардың бас кезінде «Хромтау − Алтынсарин» темір жолы құрылысына 30 миллард теңге бөлінген екен. Сол кездің өлшемінде мұның өзі бір облыстың жылдық бюджетінің мөлшері екенін айтсақ та жеткілікті шығар.
14 жыл бұрын тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың екі жақтан басталған темір жол құрылысының түйісуі кезінде айтқан сарабдал сөзі әлі күнге дейін ой-санамда жаңғырып тұрғандай. Мемлекет басшысының айтуынша, «Хромтау − Алтынсарин» темір жолынсыз бірде-бір мемлекеттік бағдарламаны, соның ішінде тұрғын үй құрылысы мен аграрлық мәселені және индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын ойдағыдай жүзеге асыру мүмкін емес.
Мұның мәнісі мынада, деген болатын Нұрсұлтан Әбішұлы, бұрын Қазақстанның өз ішінде жүк тасымалдау үшін пойыздарға Ресейдің шекаралас өңірлері арқылы жүруге тура келетін. Енді бұлай болмайды. Өйткені жаңа жол, біріншіден, еліміздің орталығы мен шығысын жалғастырса, екіншіден, орталық пен батыстың арасын жақындата түседі. Бұл жоба солтүстік және орталық облыстардан азық-түлік өнімдерін батыс жаққа тікелей тасымалдай алады. Оның үстіне жаңа темір жол бойындағы мыс, никель, темір рудасы секілді жаңа кен орындарын игеру үшін мол мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ жаңа темір жол жолаушылардың жолда жүру уақытын әжептәуір қысқартты.
«Хромтау − Алтынсарин» темір жолының іске қосылуы арқылы көрші мемлекетке кіріптарлықтан, Ресей кеденшілері мен шекарашылары алдында сағаттап уақыт жоғалтудан құтылдық. Жүк пойызын айтпағанда, Астанаға жолаушылар пойызы тура тартады. Оның үстіне ғасыр құрылысы Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы алты ауданның әлеуметтік-экономикалық проблемаларының шешілуіне ықпалын тигізді.
Түптеп келгенде, мұның бәрі тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың елге тигізген шапағаты.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі
АҚТӨБЕ