Биологиялық әдіс – халық денсаулығын қорғау кепілі
Бейсенбі, 28 маусым 2012 7:34
Дамыған елдерде химиялық пестицидтерді қолдануға және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің құрамындағы токсикологиялық қалдықтарға деген талаптарды күшейтіп, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге биологиялық әдісті кеңінен қолданып, өсімдікті қорғауға мәжбүрлейді. Мұнымен қатар мемлекеттің және жеке сектордың қаржылай көмектесуінің арқасында бұл бағытта іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілуде.
Бейсенбі, 28 маусым 2012 7:34
Дамыған елдерде химиялық пестицидтерді қолдануға және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің құрамындағы токсикологиялық қалдықтарға деген талаптарды күшейтіп, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге биологиялық әдісті кеңінен қолданып, өсімдікті қорғауға мәжбүрлейді. Мұнымен қатар мемлекеттің және жеке сектордың қаржылай көмектесуінің арқасында бұл бағытта іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілуде.
Көптеген елдер өсімдік қорғауда экологиялық таза технологияларға белсенді түрде өтіп жатса, ал Қазақстанда керісінше, өсімдікті зиянкестерден қорғау – бұл тек улы химикаттармен (пестицидтермен) өңдеу ғана деген ұғым қалыптасқан.
Қазақстанда 1991 жылға дейін бірнеше ондаған биозертханалар жұмыс істеген, биоәдісті қолдану көлемі 400 мың гектардан астамды құраған, соның ішінде мақтада – 250 мың га, жеміс дақылдарында – 20 мың га, көкөніс дақылдарында – 35 мың га. Мысалы, 1987 жылға дейін бір ғана Алматы облысында трихограмманы (энтомофаг – пайдалы бунақдене) 25 мың гектардан астам жерге, ал биопрепараттарды 7,5 мың гектарға қолданып, улы химикаттарды қолдану көлемін айтарлықтай төмендеткен. 1960-80 жылдары өсімдік қорғауда биоәдісті қолдану бойынша ғылыми зерттеулер белсенді түрде жүргізілді.
Өкінішке орай, Қазақстанда соңғы 20 жылда биоәдіс бойынша ғылыми зерттеулер және оны өндірісте қолдану 1990 жылдардағы экономикалық дағдарыстың, аграрлық қайта құрулардың, ғылымға бөлінетін қаржының қысқаруының және импорттық пестицидтердің рынокты жаулауы әсерінен тоқтады.
Республикамыздың аграрлық секторында пестицидтерді бақылаусыз қолданудың артуы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарын қатты алаңдатады. Бұл қоршаған ортаның (ашық су қоймалары және жер асты сулары, топырақ, атмосфера) ластануына, пестицидтерге төзімді зиянкестердің пайда болуына және улы химикаттар табиғи экобиожүйенің (құстар, балықтар, жабайы аңдар және пайдалы бунақденелілер) жойылуына әсерін тигізеді.
Адам денсаулығына улы химикаттардың кері әсер етуінің ең аса қауіпті факторлардың бірі – ол бүрку кезінде адамдардың улануы, өсімдік және жануарлар, азық-түлік өнімдерінде токсикологиялық қалдықтардың жинақталуының әсерінен әртүрлі онкологиялық және аллергиялық аурулардың, еркектер мен әйелдердің бедеулігі, түсік тастауы және жаңа туылған балаларда патологиялық белгілерінің пайда болуы. Мысалға, біздің мәліметтеріміз бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысының мақта егетін аудандарында жылдан-жылға әлеуметтік шиеленіс артуда, ол мақтада улы химикаттарды жөн-жосықсыз және шамадан тыс артық қолдануымен байланысты.
Бізге, яғни ғалымдарға осы мақта егетін ауданның фермерлері мен тұрғындары мақтаны аса қауіпті зиянкестерден, атап айтқанда, мақта көбелегі мен өрмекші кенеден қорғау үшін мемлекет қаражаты есебінен берілген пестицидтерді жауапсыз қолдануды тоқтату жөнінде көмек сұрайды. Мысалы, тек қана мақта көбелегіне қарсы мемлекет бюджетінен жыл сайын орта есеппен химиялық күреске (инсектицидтерді сатып алу бүрку үшін) 200 млн. теңге бөлінеді.
Бюджеттік ақшаның орынсыз пайдаланып жатқанына біз нақты дәлел келтіре аламыз, себебі зиянкестердің химиялық инсектицидтерге (зиянды жәндіктерге қарсы қолданатын улы химикат) дағдылануының арқасында пестицидтердің зиянкеске қарсы тиімділігі төмендейді. Мақта егістіктерінде тонналап пайдаланған улы химикаттардың миллиардтаған шығыны жергілікті халықтың денсаулығы мен экологиясына орны толмас зақым келтіруде. Жергілікті халықтың наразылығына қарамастан, инсектицидтердің зиянкестерге әсері болмаса да, мемлекет бюджетінің қаржысы есебінен әлі де сатып алу жалғасып келеді.
Сөйтіп адам денсаулығына әсерін тигізетін тиімсіз улы химикаттар ауыз суға, мал жейтін өсімдіктерге, одан әрі адам организміне түсуі әлі де жалғасуда, бұдан басқа мақта егістіктерін өңдеу барысында ауылға жақын тұратын тұрғындар тұнып тұратын химиялық тұманмен дем алады.
Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, мақташы-фермер Сабыров Елемес осы мәселе бойынша біздің ғалымдарға, аудан әкіміне, депутаттарға, Үкіметке қайта-қайта үндеу жасады. Ақырында, оның пестицидтермен адам организмінің улануына алаңдаушылығы және олардың мақта шаруашылығының арқасында жеткен экономикалық табыстары үшін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі оларды қолдап, 2010 жылы мемлекет-жекеменшік әріптестігі орталығы негізінде Мақтаарал ауданының Жетісай қаласында бір биологиялық зертхана ашты. Пайдалы бунақденелілерді (энтомофагтарды) жаппай көбейту үшін механикаландырылған желіні осы биозертханаға Өзбекстаннан сатып әкелді. Алайда бұл әрекеттер «теңізге тамшыдай» ғана болды, себебі бір биозертхана өзекті мәселені шешу үшін тым жеткіліксіз.
Бұл өңірге мүмкін болса, Қазақстанда шыққан, ғылыми қолдаудағы, технологиялық желілерімен жабдықталған кем дегенде 30 биозертхана қажет. Бұл өзекті мәселемен біздің ғалымдар жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, өсімдікті биологиялық әдісті қолданып, қорғап жатқан ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің субсидия алуына көмек жасауда.
Адамдардың пестицидтермен улануынан, қоршаған ортаның ластануынан сақтау үшін биологиялық тәсіл химиялық тәсілден басымырақ болып, болашақта ол «негізгі» тәсіл болмақ және субсидия мемлекеттік бюджеттен берілуі тиіс. Біздің институттың ғалымдары АШМ-ге бірнеше мәрте өтініш білдіріп пестицидтерді сатып алу үшін, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін субсидияның ең болмағанда 10 пайызын биологиялық тәсілді дамытуға бөлуді сұрады. Ақырында біздің бастамамызды ауыл шаруашылығы министрлігі құптап, 2010 жылы ведомстволық бөлімшелерге биологиялық әдіспен жұмыс істеу үшін Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтында «биометод» бөлімін және толығымен жабдықталған тәжірибелік зертханалар ашуға рұқсат берген. Біз өз ұсыныстарымызды жоғары инстанцияға жібердік, қазіргі кезде сол бастамамыздан белгілі бір нәтиже шығару үшін белсенді жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
Бүгінде Қазақтың өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты «КазАгроИнновация» АҚ және Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен биоагентті зиянкестерге қарсы қолдануға қатысты кең көлемде үгіт насихат жүргізуде. Осы жағдайлардың арқасында ОҚО әкімдігінің биопрепаратпен, энтомофагтарға сұранысы өсіп отыр, мақташы фермерлердің егістігінде зиянкестерге қарсы қолданылған инсектицидтердің тиімділігі төмен болып, экономикалық тұрғыдан алғанда оларды қолдану тиімсіз болып шықты.
Елбасы қойған міндеттерге орай біздің институт инновациялық өсуге ғылыми ауқымды технологияға көшуге бет бұруда. 1990 жылдары әлемге белгілі голландық энтомолог Ван Лентерннің энтомофагтармен биопрепараттарды өсіріп-баптау технологиясы, химиялық пестицидтерді өңдеп шығарып, қолданудан әлдеқайда арзан екенін дәлелдеген. Ол биологиялық әдістің қоршаған ортаға тигізетін әсерінің әлдеқайда жоғары және адам денсаулығына зиян келтірмейтінін, ал пайдасын ақшамен есептеп жеткізу қиын екенін айтады.
Қазақстанда ғалымдар биологиялық әдісті өсімдік қорғау саласында қолдануды әрі қарай дамытуы керек пе? Әрине, керек. Елбасымыздың ғалымдарды жан-жақты қолдауының арқасында ғылымды республиканың бюджетінен қаржыландырудың өзі бізді осы бағытта жұмыс істеуге жігерлендіреді.
Биологиялық әдісті Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс – мақта, көкөніс, картоп, жеміс-жүзім, жылыжай шаруашылықтары дамыған өңірлерінде өркендету қажет. Болашақта жылыжай көлемі жүздеген гектарға жететін болады. Аталмаш дақылдардың көбі, әсіресе көкөніс, жеміс жүзім өнімдері өңделмей, пісірілмей тамаққа тікелей қолданатындықтан, зиянкестерден қорғау жұмысын жүргізгенде негізгі тәсіл биологиялық тәсіл болуы керек.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, экологиялық таза, нақты әдісті және зиянды организмдермен күресу технологиясын жетілдіру, соның ішінде пайдалы бунақ денелілер биоагенттерді және биопрепараттарды зиянкестерге қарсы қолдану ғылымның ең негізгі бағыты болып отыр. Сондықтан бұл жұмысқа Үкімет тарапынан, әсіресе Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау және Қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің қолдаулары қажет.
Бұл ғылыми зерттеулердің нәтижесінде зиянкестерден болатын шығынның төмендеуіне және ауылшаруашылық өндірісінде қолданылатын пестицидтердің көлемінің қысқаратынына, қоршаған ортаны қорғау, халықтың денсаулығын сақтау және Қазақстан Республикасының азық-түлік және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған ғылыми үлес болмақ.
Абай САҒИТОВ,
ҚР ҰҒА академигі, Қазақ өсімдік қорғау және карантин
ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.