Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

2018 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі машина жасау секторының көрсеткіші 14,4%-ке өсті

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2019 жылғы 21 ақпанда Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алқа мәжілісі өтті. Онда комитеттің 2019 жылға арналған негізгі міндеттері тыңдалды.

2018 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі машина жасау секторының көрсеткіші 14,4%-ке өсті

2018 жылдың қорытындысы бойынша Комитет жетекшілік ететін барлық өнеркәсіп салалары бойынша өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсімі байқалады. Тау-кен секторында темір кенін өндіру көлемі 6,5%, түсті металдарды өндіру көлемі 4,3%, көмір мен лигнит өндіру 2,5% өсті.

«Өңдеу өнеркәсібінде металлургияда өсім 2,2% (соның ішінде түсті металлургияда 5,4%), машина жасауда 14,4%(машина жасау салаларының арасындағы ең үлкен өсу динамикасы автомобиль жасауда (40,4%)  және электротехникалық машина жасауда (33,4%)) химия өнеркәсібінде 8,1%, құрылыс материалдарында 0,2%, фармацевтикада 0,9%, жеңіл өнеркәсіпте 4,4%, резеңке және пластмасса бұйымдарында 3,1%, қағазда 4,9%, жиһаз өндірісінде  1,3% өсім болды», - деді алқа мәжілісі барысында комитет төрағасының орынбасары Қанат Баитов.

Комитет жүргізген жүйелі, сондай-ақ оның қызметінің барлық салалары бойынша нақты жұмыстар туралы айтылды. Атап айтқанда, өнеркәсіп салаларын дамыту, өнеркәсіпті цифрландыру (тау-кен металлургия кешені, көмір өнеркәсібі, машина жасау, химия және фармацевтика өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп), жергілікті қамтуды дамыту, өнеркәсіптік қауіпсіздік, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, экспорттық бақылау және лицензиялау, халықаралық ынтымақтастық (соның ішінде ОЭСР, ЕАЭО және ДСҰ), инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингі, АЭА және индустриялық аймақтарды дамыту мәселелері бар.

Алқа мәжілісі аясында ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың жұмыс қорытындылары және 2019 жылға арналған жоспарлар тыңдалды. Олардың қатарында «Электр энергетикасы және энергия үнемдеу институты (Қазақэнергиясараптама)», «Инфекцияға қарсы препараттардың ұлттық орталығы» АҚ, «Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталық» РМК және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті бар.

2019 жылы индустрия мен өнеркәсіпті одан әрі дамыту мақсатында комитет жобаларды іске асыруды және жүйелік шаралардың шешімдерін қамтитын кешенді даму жоспарларын және Жол карталарын әзірлейтін болады.