Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Бірге барайық: Өзімді тани түстім

608 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бірге барайық» жобасының төртінші санын көп адамға кері әсерін тигізіп жүрген әдеттерден арылуға арнағымыз келеді. Оның негізгі себебі де жоқ емес, бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет.

Бірге барайық: Өзімді тани түстім

Әдетте қазақы қауым психологтың алдына барып, көмек сұрауды ерсі көреді. Алайда бүгінде оны қалыпты қабылдайтындардың қатары көбейген. Осы екі тарапқа да пайдалы болатын орталықпен жақында таныстық. Астанадағы «Өнер шеберханасы» деп аталатын орталық осы жылдың басында ересектерге арнап арт-терапия тобын ашқан. Арт-терапия туралы жиі естіген боларсыз, бірақ көбіне балаларға арналған деген ұғым қалыптасқан.

Олай емес, өйткені эмоция кез келген адамда бар. Және оны сыртқа шығару барлығымызға қажет. Орталық директоры, психолог Жадырагүл Жиенғазиева: «Біздің менталитетте қуанғаныңды көп көрсетуге болмайды, көз тиеді. Қайғырғаныңды білдіруге болмайды, осал деп ойлайды. Ал сезімді, эмоцияны, тіпті айтайын деген сөзді іркіп, іште сақтау күйзеліске алып келуі мүмкін. Бұдан бөлек, біздегі ерлі-зайыптылардың ажырасуының көптігіне біразымыз мән бере бермейтін бір себебі – жұптардың шүйіркелеспеуі. Ойын айтпау, қалауын білдірмеу, сөзін жеткізбеу түсініспеушілікті тудырады», дейді. Оның айтуынша, ересектерге арналған топ тәжірибесіндегі кездескен жұптардың және өзін тануға ұмтылғысы келетін жандардың ниетінен соң ашылған.

Ересектерге арналған арт-терапия тобында сенбі-жексенбі сайын әртүрлі ойын-сауық орындарында, кеңседе, саябақта танымдық, дамытатын, жан дүниені тыныштандыратын және өзіңіз білмеген жаңа қырыңызды ашуға мүмкіндік беретін ойындар, тапсырмалар, пікір алмасулар ұйымдастырылады. Астаналықтар мен қала қонақтарына: «Өнер шеберханасы» «Арнау» тұрғын-үй кешені, 6-кеңседе орналасқан. Ал өзге өңірдегілер арт-терапевт немесе психолог мамандарына қолқа салса болады.  

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»