10 Шілде, 2012

Емханасы – жаңа, дәрігері – дара аймақта денсаулық сақтау саласында ілгерілеушілік байқалады

368 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Емханасы – жаңа, дәрігері – дара аймақта денсаулық сақтау саласында ілгерілеушілік байқалады

Сейсенбі, 10 шілде 2012 7:28

«Дертін берген Құдай, шипасын да береді» дейді халық даналығы. Әсілі, шипа көп жағдайда дәрігер­лер­дің қолымен беріледі. Сондықтан адамзат баласы осынау бір мамандық иелерінің алдында әрдайым өзін қарыздар екенін сезініп жүретін болса керек. Ақмешітте ашылған №3 қалалық емханада да осындай абзал жандар  аз емес.

 

Сейсенбі, 10 шілде 2012 7:28

«Дертін берген Құдай, шипасын да береді» дейді халық даналығы. Әсілі, шипа көп жағдайда дәрігер­лер­дің қолымен беріледі. Сондықтан адамзат баласы осынау бір мамандық иелерінің алдында әрдайым өзін қарыздар екенін сезініп жүретін болса керек. Ақмешітте ашылған №3 қалалық емханада да осындай абзал жандар  аз емес.

Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың тікелей мұрындық болуымен өмірге келген «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салын­ған емхана екенін айтқан абзал. Бүгін­де Қызылордада халық саны жыл санап артып келеді. Елдің саны артқан сайын, халыққа қызмет көрсететін орындардың да тапшылы­ғы байқала түсетіні белгілі. Әсіресе, денсаулық сақтау саласында анық байқалып қалып жатады. Аталмыш емхана бір ауысымда 500-ге тарта адамды қа­былдай алады. Қа­ла­дағы №1 және №6 емханалар қашан бар­саң ығы-жығы адамға толы болатын. Жанын шү­берекке түйіп барған адам­­ның  ұбақ-шұбақ кезекке тұрып қа­жи­тынын қала тұрғындары әрдайым айтатын еді. Енді мына №3 емха­наның арқасында жоғарыда аталған екі емдеу орталы­ғындағы жұмыс азаятын болды.

Емханада екі бөлім бар.  Бірінші бөлікте ересектер емделеді. Ал балаларды қарайтын бөлім одан бөлек. Әдетте балалалар мен ересектер емделетін бір болып келеді. Ал жаңа­дан салынған емханада ол екіге бө­лінген. Бұл жұмысты жүйелі жасауға, бірі-біріне кедергі келтірмеуге өте ыңғайлы екенін екінің бірі біледі. Емхананың іші толықтай жаңа құрал-жабдықтармен жарақталған. Бес қаруы сай десе болады. Ашылғанына аптадан жаңа асса да келіп емделу­шілер өте көп. Жалпы емхана бойынша 383 адам жұмыс істейді. Оның 106-сы дәрігер­лер. Күндізгі стационары да адамдарды қабылдауға дайын. Күніне 50-ге тарта адам осы стационардан дертіне шипа таба алады.

Бұл емхана Астана, Арай, Сәулет секілді шағын аудандарда орналас­қан 60 мың адамға қызмет көрсетеді. Мұның өзі үлкен қуаныш.

Жақында республика бойынша 100 клини­каның арасынан үздіктер анықталды. Облыс­тық орталық ауру­хананың ең үздік мекеме­сінің арасынан көрінуі де біз үшін зор сүйі­ніш. Ал осы аурухананың бас дәрігері Нариман Табынбаев «Ең үздік менеджер» атағын иеленді.

Ақжолтай ақпарат бір бұл ғана емес. Хирург дәрігерлердің кәсіби шеберлігі сынға түскен халықаралық сайыс өтті. Осы сайыста облыстық орталық аурухананың хирургия бөлі­мінің меңгерушісі Абдулла Шүлен­баев ІІ орынды иеленді. 39 жылдан бері 11 мыңнан астам отаны сәтті жасап, әр күн сайын адам жанын ажалдан арашалап жүрген дәрігердің еңбегінің еленгені бұл. Аталмыш сыйлық жуырда Францияда табыс етілмек.

Негізі, Қызылорда облысында ден­саулық сақтау саласы бойынша бірта­лай іргелі істер қолға алынып жатыр. Сөз арасында соларды да айта ке­тейік. Алдағы уақытта перинаталды ор­талық қолданысқа берілмек. Сон­дай-ақ биз­нестің әлеуметтік жауапкер­шілігін арттыру аясында бөлінген қаржыға қала­лық перзентхана салынады. Сонымен бірге, 200 орындық балалар және 300 орындық қалалық аурухана­ның да құрылысы жақын күндері басталмақ.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда.