25 Ақпан, 2019

Балық шаруашылығының бағы жана ма?

1432 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Балық шаруашылығы – Маңғыстаудағы байырғы шаруашылықтың бірі. Ашқұрсақ кезеңдерде, алмағайып замандарда күнелту қамын күйттеген тұрғындардың теңіз жағалауында балық аулап, оны өңдеп, ас ретінде, сондай-ақ оның майын, сүйегін тұрмыстың өзге де қажеттіліктеріне жаратқаны мәлім.

Балық шаруашылығының бағы жана ма?

Арнайы балық консервілеу зауыттары, балық өңдеу кә­сіп­орын­дары жұмыс істеп, сол кез­дің өл­шемімен заманауи ау-құ­рал­­дары, қайық-сайман­­дары тү­гел қазақ балықшы­лары су жан­­уа­рын аулаудың, кәде­ге жа­рату­дың әдіс-тәсілін толық мең­­герді. Бұл өткеннің әңгімесі. Бүгін­де Маңғыстауда балық ша­руа­шы­лығы қалай қолға алынуда? 

Балық шаруашылығын дамыту, яғни ізі бар байырғы шаруа­ны қайта жандандыру талай жылдан бері айты­лып келеді. Қазіргі таңда атал­ған салаға жан бітіп, қан жү­гір­ген сыңай байқалады. Өңі­р­де өндірістік балық аулау аймағы Каспий теңізінің Түрікмен шекарасындағы Сүйе жерінен Прорва жеріне дейінгі ұзындығы 1350 шақырымды құрайды. Теңіз жағалауы бо­йынша 6 балық шаруашы­лық ауданы 35 учаскеге бөлін­ген. Оның ішінде 27 учас­ке 20 табиғат пайдаланушыға бекітілген болса, 8 учаске резервте тұр. Балық аулауды дамыту мақсатында 2018 жылы облысқа 1859,1 тонна балық аулауға квота бөлін­ді. Балықшылар бүгінге дейін 1741,3 тонна балық аулауға рұқсат алған болса, қазіргі таңда нақты ауланғаны 1667,7 тоннаны құрап отыр. 

Сондай-ақ Ауыл шаруа­шы­­лығы министрлігінің бұй­ры­ғымен Маңғыстау облы­сы секторында бекіре өсі­ретін шарбақты балық шаруа­шы­лы­ғын жүр­гізуге 2 учаскеге кон­курс өт­кі­зіліп, бекі­тілді. Бұ­дан үш жыл бұрын бекі­тіл­ген нысанның бірі – Кен­дір­лі шығанағында ор­на­лас­қан «Caspian Riviera» ЖШС. Ауда­ны 3500 гектар, ұзындығы 5,3 ша­қырым, ені 6,6 шақырым аумақ­та шарбақты балық шаруа­шы­лы­ғының құры­лысы жүріп жатыр. 

Екіншісі – Ақшұқыр ауы­лы­на жақын теңізде 20 ша­қырым қашықтықта, ауданы 324 гектар, ұзындығы 1,8 шақырым, ені 1,8 шақырым жер телімі «Caspian Sea Farm» ЖШС-іне бекітілген. Осында жоспарланған жылдық ба­лық өнімділігі жылына гектарына 6 тоннаны құрайды. Маңғыстау облысында тауарлы бекіре балықтарын шығара­тын «Kazakh osseter» ғылы­ми өндірістік кәсіпорны» ЖШС қызмет етеді. 

Серіктестікте 2018 жылы 7 тонна бекіре тұқымдас орыс, сібір леногі, шоқыр қортпа, гибрид тұқымды балықтар өсі­рілді. Жеке кәсіпкердің Қара­көл көлінен қуаты жылына 30 тонна тоғандық сазан ба­лы­ғы шаруа­шылығын дамыту жобасы инвест жоба ретінде қара­лып, жер телімін беру жұмыс­та­ры жүргізілуде. Жалпы, соң­ғы жылдары өңірде балық шаруа­шы­лығымен айналысатын брига­да­лар саны 127-ден 148-ге артты. 2017 жылы облыста 1139 тонна балық ауланса, өткен жылы облысқа 1 859 тонна балық аулауға квота бөлініп, 1 668 тонна балық ауланған. Маңғыстауда балық шаруашылығын жандандыру бағытында Түпқараған және Қарақия аудандарының басшы­­лы­ғына балық қабылдау пунк­тте­рін, өңдеу, консерві цехтарын құру жұмыс­тарын ұйымдастыру жұмыс­та­ры жүк­телген. 

Балық аулауды, сонымен қатар балық кәсіпшілігін дамытуда жүзеге асырылуы тиіс жұмыстар аз емес. Биылдан бастап өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін, сондай-ақ суүсті және суасты шағын отандық кемелердің, өзге де құралдардың, мұз үстімен жылжитын құралдардың Қазақстан Республикасының аумақтық суларына (теңізіне) және ішкі суларына шығуына рұқсаттамалар беру қағидаларына өзгерістер енгізілетін болады. Бұл жаңалық Каспий теңізіндегі балық өндірі­сін жолға қоюға өз септігін ти­гі­зе­­тін болады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы