25 Ақпан, 2019

Қазақстан және Араб Әмірліктері әйелдері: Цифрлы бизнес бағдары

1043 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Биылғы ақпанда Мемлекет­тік хатшы Г.Әбдіқалықова бастаған Қазақстан делегациясы Біріккен Араб Әмірліктеріне барып қайтты.

Қазақстан және Араб Әмірліктері әйелдері: Цифрлы бизнес бағдары

Оның құрамына Туризм индустриясы комитетінің төрайымы М.Мұрзамадиева, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Л.Рамазанова, сондай-ақ барлық өңірден 30 кәсіпкер әйел кірді.

Біздің сапарымыздың мақсаты – БАӘ Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған Қазақ­стан мен БАӘ әйелдерінің бірін­ші бизнес-форумына қатысу еді. Бағдар­лама өте тығыз болды, әр күні түрлі іс-шаралар өтті.

Әңгімемді сол елдегі әйелдердің жағ­дайынан бастайын.

БАӘ-де 1973 жылдан бері әйел тең­дігі, олардың жағдайын жақсарту мәсе­лелерімен айналысатын алғашқы ұйым – Жалпы әйелдер одағы (GWU) жұмыс істеп келеді. Оны шейха Фатима бинт Мубарак басқарады.

Әйелдерге қатысты мемлекеттік сая­сат оларды жан-жақты қолдауға бағыт­талған. 2021 жылға қарай гендерлік тең­дікті қамтамасыз етуден әлемдегі жетек­ші 25 елдің біріне айналу мақсаты қойылған. 

Бүгінде Федералды ұлттық мәжіліс төрайымы болып араб әлеміндегі алғаш­қы спикер әйел – Амаль әл-Кубейси сай­ланған. Қазіргі кабинет 31 министр­ден тұрса, соның 9-ы – әйелдер. Осы­лай­ша, кабинетте әйелдердің репре­зен­та­тивтілігі 29 пайызға дейін ұлғай­тылды. Тұтастай алғанда, олар БАӘ жұмыс күшінің 46%-інен асады.
Әмірліктер қазір Таяу Шығыстың мейлінше тұрақты елінің бірі болып отыр. Бұл оның орнықты экономикалық жағдайына, икемді әлеуметтік саясатына, жұмыссыздық деңгейі төмендігіне байланысты. Аталған үдерістерге араб әйелдері маңызды үлес қосуда.

Дүниежүзілік банк Атласының мәлі­меттері бойынша, 2018 жылы әлем­дегі ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) деңгейі ең жоғары елдер арасынан БАӘ – 29-шы, жан басына шаққандағы ІЖӨ жөнінен – 6-шы, ал араб әлемі елдері арасында ІЖӨ жөнінен 2-ші орын алды. 2018 жыл қорытындысында ІЖӨ 435 млрд АҚШ долларын құраған.

Экономикасының негізгі салалары: мұнай мен газ өндіру және өңдеу, құрылыс, коммуникация, порт және аэропорт қызметтерін көрсету, энергетика мен өнеркәсіп, ақпараттық технология мен банк секторын дамыту, білім беру және денсаулық сақтау.

Әмірліктер шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөледі. Қазір оның тіркелген субъектілерінің саны 400 мыңнан асады.  

Елде саяси, экономикалық және әлеу­мет­тік саланы жетілдіруге бағыттал­ған «Көзқарас-2021» бағдарламасы қабыл­­­данған. Мақсаты – «жақсы дамы­ған және инновациялық әмірліктер бәсе­кеге қабілетті, орнықты экономика құра­тын» мемлекет қалыптастыру. 

Әмірліктер де Қазақстан сияқты экономиканы әртараптандыруға, шикізатқа тәуелділіктен арылуға ерекше көңіл бөлуде. Мәселен, экономиканың мұнай секторынан басқа сегменттері соңғы жылдары 124,3 млрд доллар көлемі және 20%-тен артық өсімі арқылы жоғары тиімділік көрсетіп отыр. Нәтижесінде экономиканың мұнайға сүйенген түрі білімді тірек еткен инновациялық эконо­микаға ауыса бастады. 

БАӘ жылжымайтын мүлік, жаңарты­латын энергия көздері, авиация салаларында өзін маңызды ойыншы ретінде көрсетуде. 2012 жылдан бері алғашқы «Барака» атом стансасының құрылысы жүріп жатыр. Соңғы жылдары Әмірліктер ғарыш саласын дамытуда белсенділік танытып отырғанын айрықша айта кету керек. 2014 жылы БАӘ Ғарыш агенттігі қ­ұрыл­ған. 2015 жылы Әмірліктердің Озық ғылым және технология институты база­сын­да БАӘ Ғарыш орталығы ашылды. Онда Жапония, АҚШ, Ресей және Қазақ­стан ғарыш агенттіктерімен халық­аралық ынтымақтастық дамытылуда. Әмірліктер Халықаралық ғарыш стансасына 2019 жылы «Байқоңыр» космодромынан өз ғарышкерін аттандыратын Таяу Шығыстың бірінші елі болуға дайындалуда. Ал 2020 жылы араб және ислам әлемінен алғаш рет Марсқа ғарыш зонды – марсоход жіберуді жоспарлап отыр.  

Елде мемлекеттік басқару жүйесі бір­тін­деп жаңғыртылуда. Министр­лер кабинеті болашақты, бақытты, жастарды, ауа райының өзгеруін, т.б. бағдарларды ұстанып отыр. Мысалы, бүгінде бірегей құрылымдар – бақыт пен игілік министрлігі, толеранттылық министрлігі, болашақ министрлігі, жасанды интеллект министрлігі жұмыс істейді.

2016 жылы құрылған БАӘ бақыт пен игілік министрлігі жаңа игіліктер жасау және қоғамдағы бақыт деңгейін көтеру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталғанын атап өткім келеді. Олар білім беруді, медицинаны, бизнес үшін жағдайды және өмірдің басқа да қырларын жақсарту мақсатын алға қойған.

Үкімет пен халық арасында сенім деңгейінің жоғары екені байқалады. Атқарушы органдардың халықпен өзара әрекеттестігін күшейту шараларын ел басшылығы тікелей өзі қадаға­лайды. Мәселен, Абу-Даби қаласы муни­ци­палитетінің тұтынушыларға қыз­мет көрсету орталығында 2018 жылы тұтыну­шыларға қызмет көрсетуді жақсарту, қана­ғаттануы деңгейін арттыру жөнін­дегі саясат аясында Тұтынушылар бақы­ты орталығы ашылған.

Отбасыны барынша қолдауға зор көңіл бөлінеді. «Ұлттық отбасылық саясат» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол 6 компонентті қамтиды: неке, отбасылық қатынас, рөлдер теңгерімі, бала мен отбасыны қорғау, отбасы бақы­тына қол жеткізу үшін отбасылық қыз­меттер көрсету реинжинирингі.

Толеранттылық – Әмірліктердің ішкі саясатының маңызды діңгегі. БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаян 2019 жылды «Толеранттылық жылы» деп жариялап, жалпыадамзат­тық құндылықтарды халықтың бойына сіңірудегі ел басшылығының күш-жігерін атап айтқан.

Елдің тағы бір басымдығы – білім беру жүйесі, оны дамытуға  бюджет қара­жатының шамамен 21,1%-і жұмсалады. Заңнама бойынша барлық азаматтардың міндетті орта білім алуы қарастырылған. Білім берудің инновациялық жүйесін дамытуға бағытталған, 2017-2021 жыл­дарға жобаланған Арнаулы стратегия­лық жоспар жүзеге асырылуда. Жаңа өзге­ріс­тер білім беру саласының барлық дең­гейінде енгізілуде. Бұл ретте басты назар қазақстандық модель үлгісіндегі 12 жыл­дық оқуға көшуге аударылып отыр. Жоғары білім беру жүйесі мем­лекеттік университеттер, сондай-ақ негіз­і­нен америкалық және британдық білім беру жүйесіне бағдарланған бір­қатар танымал жекеменшік университеттер арқылы көрініс табуда. Атап айт­қанда, Америкалық университеттер, Сорбонна университеті мен Лондон экономика мектебінің филиалдары.  

БАӘ шетелдік мигранттар саны жөнінен әлемде бірінші орын алады. Үкімет білікті ұлттық кадрлар даяр­лау­ға ерекше көңіл бөлуді жалғас­ты­рып, байырғы халқын жұмыс орнымен қамтамасыз етуде. Елде «Әмір­лік­тендіру» жалпыұлттық бағдарламасы қолданыста. Оның негізгі мақсаты­ның бірі – жергілікті тұрғындардың ба­р­лық салаға, әсіресе жеке секторға ат­са­лысуы. Бұл үшін Еңбек туралы фе­­де­ралдық заңға білікті БАӘ аза­мат­­тарының жұмысқа орналасуына кепіл­дік беретін және олар үшін бос лауазымдарды иеленуде басымдық беретін толықтырулар енгізілген.

Мемлекеттік хатшының БАӘ еліне сапары Әмірліктер тарапына Қазақ­станда 2050 стратегиясы, Ұлт жоспары, Үшінші жаңғыру, Қазақстан Прези­дентінің халыққа Жолдаулары, «Цифрлы Қазақстан» тәрізді стратегиялық бағдар­ла­маларға сәйкес жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және рухани өзгерістер туралы ақпарат жеткізуге септігін тигізді. Аталған реформаларды жүзеге асыру­дағы басты драйвердің бірі – бизнес. Әйелдер қауымы оны күшейтуде маңызды рөл атқарады. Қазір әйелдер шағын және орта бизнесте жетекші орындарға ие. Олар ШОБ саласындағы 500 мыңнан аса компанияны басқарып отыр.

Экономиканы дамытудың негізгі бағыттарының бірі – бизнес-ортаны жақсарту және инвестиция тиімділігін күшейту. Мәселен, 20 жылда Қазақстанға 320 млрд АҚШ долл көлемінде қаражат тартылды. Атап айтқанда, БАӘ елінен Қазақстанға келген шетелдік тікелей  инвестиция 2,1 млрд АҚШ долларына жетті. БАӘ қатысуымен 242 кәсіп­орын жұмыс істейді, құны 1,73 млрд АҚШ долларын құрайтын бірнеше ин­вестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар – көпфункционалды «Абу Даби Плаза» кешені мен Астанадағы халық­аралық мектептің құрылысы, экструзия әдісімен өңделген Алматы облы­сындағы құрама жем өндірісі және жеміс-жидектің өңделуі. Mubadala ин­вес­тициялық қорымен бірге «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнаулы еркін эко­но­микалық аймағы аумағында «А» сана­тын­дағы заманауи қойма орынжайларын салу жобасы жалғасуда.

Қазақстанда қазір Ұлттық инвести­ция­лық стратегия іске асырылып жатыр. Тартылатын тікелей шетелдік ин­вес­тицияның 2022 жылға қарай 1,26 есе ұл­ғайтылуы оның басты міндеті ретін­де белгіленген. Айқындалған 6 басым сала: агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, химия және мұнай химиясы, инфра­құры­лым, тау-кен металлургиялық кешені, сауда инвесторлар үшін салыққа, ке­ден сал­ығынан босатуға, табиғи грант­­тар­ға қатысты преференциялар қарас­тырылған.

Елде кәсіпкерлердің қызметін жеңіл­дету бағытында тұрақты жұмыс жүргі­зі­ліп отырады. Кәсіпорындарды тіркеу рәсімі, келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша реформа жасалды. Қабылданған шаралар нәтижесінде, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Doing business» рейтингісінде 28-ші орын алды. Дүниежүзілік эконо­ми­калық форумның Жаһандық бә­секе­лес­тік индексі бойынша біздің бә­се­келестік артықшылықтарымыз «ең­бек нарығынан» – 30-шы, «бизнестің қар­қын­дылығы» жөнінен 37-ші орында болуымыз. 

Қоғамдық сана тұрғысынан «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасын және «Ұлы даланың жеті қырының» басым­дық­тарын іске асыру аясында қазақ тілі әліпбиін кезең-кезеңімен кириллица­дан латын графикасына көшіру жүзеге асырылуда, Қазақстан мәдениеті жаһан­дық әлемде ілгерілетілуде, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуде. 

Гүлшара Әбдіқалықова Қазақ­стан және БАӘ Іскер әйелдері бизнес-форумында сөз сөйлеп, Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының бағалауы бойынша, гендерлік теңсіздік әлі де адам дамуы жолындағы кедер­гілердің бірі болып отырғанын атап өтті. Олар адам дамуының индексі әйелдерде ерлерге қарағанда орта есеппен 6%-ке кем және оны азайту үшін қазіргі прогресс қарқынымен 200 жылдан аса уақыт қажет екенін айтады. Жаратылысынан бойында әділеттілікке құштарлық сезімі басым келетін әйелдер теңсіздікті жеңуде маңызды рөл атқарады. Олар қажырлы еңбек ете отырып, жетекші орынға ұмтылады.

Қазақстан әйелдері экономиканың қарқынды дамуының негізгі факторының біріне айналды. Әйелдер бизнесін дамыту мемлекеттік бағдарламалар арқылы да, халықаралық институттар желісі бойынша да жүзеге асырылып келеді.  

Экономиканың шағын және орта бизнес секторында барлық жұмыс орнының үштен бірін құрайтын осы саланың 44%-тен астам субъектісін әйелдер басқарып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 12 мыңнан аса жоба субсидияланды, олардың 30%-тен көбі –  әйелдер кәсіпкерлігі субъек­тілері. Еуропа Қайта Құру және даму банкімен бірлескен «Бизнестегі әйел­дер» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Әйелдер басқаратын кәсіпкерлік субъектілеріне 80,7 млн АҚШ доллары көлемінде 20 мыңнан астам займ берілді.

Әйелдердің инклюзивті кәсіпкерлігін да­мыту жолдары жөніндегі қызу пікір­талас барысында Қазақстан мен БАӘ биз­нес-қоғамдастықтарының өзара іс-әре­кетінің перспективалары тал­қы­ланды. Мемлекеттік хатшы форумға қатысушыларды елдеріміздегі әйелдер биз­не­сін жан-жақты ілгерілетуге ша­қыр­ды. Ол бұл үшін цифрландыруға баса назар аудара отырып, бизнес-қоғам­дас­тықтардың экономика, сауда, техно­логия және өзге де салалардағы ынты­мақ­тастығын тереңдетуді, бірлескен сер­пінді жобалардың өзекті кейсін әзірлеу­ді ұсын­ды. Форум екіжақты диалог­ты кеңей­туге арналған дәстүрлі алаңға айналуға тиіс. 

Қазақстандағы әйелдер кәсіпкер­лігінің негізгі бағыттары мен  перспективалары туралы форумда Қазақстан Рес­пуб­ликасы «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы Іскер әйелдер ке­ңес­інің төрайымы Ләззат Рамазанова айтып берді. 

Форум қорытындысы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сы Іскер әйелдер кеңесі мен БАӘ Іскер әйел­дер кеңесі арасындағы ынты­ма­қ­та­с­тық туралы меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы сапар аясында БАӘ мемлекет және қоғам қайраткерлерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Мемлекеттік хатшы БАӘ Әйелдер бас кеңесінің төрайымы шейха Фатима бинт Мубаракпен кездесуде екі елдің әйелдер бизнес-қоғамдастығы ынты­мақтастығының, мемлекеттік отбасылық саясаттың басымдықтарын, ана мен баланы қорғау, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту, гендерлік теңдікті дамыту мәселелерін талқылады. Әмірліктерде ол кісіні «Әмірліктердің анасы» деп атайды. Ол Отбасылық даму қорын, Ана мен бала жоғарғы кеңе­сін басқарады. 2017 жылы Әмірліктерде және шет­елдерде гендерлік теңдік бағы­тын­да жұмсаған күш-жігері үшін БҰҰ тарапынан «Өзгерістер елшісі» деп та­нылды. Сондай-ақ бүгінде Қазақ­стан әйелдердің қоғамдық-саяси, әлеу­мет­тік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету ісі бойынша айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізгені атап өтілді. Мысалы, 2018 жыл қорытындысында, Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауына сәйкес, «әйелдердің экономикаға атсалысуы мен мүмкіндіктері» көрсеткіші жөнінен еліміз 32-ші орын алды. 

БАӘ Федералды ұлттық кеңесінің төрайымы Амаль әл-Кубейсимен әңгіме ба­рысында әлеуметтік-экономикалық ын­ты­мақтастық мәселелері бойынша екіжақты өзара іс-әрекет жайы тал­қылан­ды. Қазіргі кезде Қазақстан мен Әмір­ліктер энергетика, туризм, кө­­лік-логис­тика секторы салаларында бір­­қатар ірі жобаны бірлесе жүзеге асы­­ру­да. Ға­рышты бірге игеру, атом энер­гети­ка­сы, исламдық қаржыландыру са­ла­­сын­да мейлінше кең перспективалар бар. Ел­дері­міз көптеген ұйымдар, соның ішін­де БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК аясы бойын­ша да тиімді өзара ықпалдастық орнатып, өзекті халықаралық түйткілдерді рет­­теу­дегі әрекеттерін тығыз үйлестіріп отыр. 

Сондай-ақ Г.Әбдіқалықова Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының төрағасы Мұхаммед Тани ар-Румей­си­мен, UN Women өкілдігінің директоры Моза әш-Шеххимен кездесті. Кез­десу­лерде елдеріміздің сауда-экономи­ка, инвес­тиция салаларындағы өзара ын­ты­мақ­тастығын тереңдету, әйелдердің жағдайын жақсарту мәселелері тал­қыланды. 

Барлық кездесуіміз жылы шырайлы, достық ауанда өтті, арабтардың қонақжайлылығы мен ақкөңілділігі бізге – қазақстандықтарға ұқсайды.

Бізді заманауи араб әйелдері қоғам­дас­тығы жақсы жағынан таңғал­дырды. Олар Ислам қағидаттарын, байыр­ғы шығыстық отбасы дәстүрлерін ұста­на­ды, сонымен бірге өз бизнесін табысты жүргізе де біледі. Экономикалық тәуел­сіздікке қол жеткізген. Бұған олардың сапалы білім алуға, шет тілдерін үйренуге ұмтылуы септігін тигізіпті.

Араб әйелінің еншісіне тек үй мен от­ба­сы төңірегі ғана тиесілі деген қа­лып­тасқан қасаң пікір көз алдымызда өз­герді. Олар ақжарқын, білімді, өз елдері үшін, әлемдегі бейбітшілік үшін жандары ауырады.

Тұтастай алғанда, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықованың БАӘ-ге жұ­мыс сапары табысты, мазмұнды және же­міс­ті болды. Қазақстан әйелдерінің биз­нес-қоғамдастығы жаңа іскерлік бай­ла­­ныстар орнатты. Біз Төртінші өнер­кә­сіп­тік революция аясындағы жаңа жоба, тың технологиялармен таныс болдық. 
Қазақстан – Араб Әмірліктері арасында әйелдердің цифрлы бизнес-көпірі орнатылды!
 
Майраш КӨЗЖАНОВА,

Мемлекеттік хатшының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары

Астана – Дубай – Абу-Даби – Астана