Сол кезде Қазақстан білім және ғылым министрі білім мазмұнын жаңарту жағдайында балалар мен оқушы жастардың тәрбиесіндегі идеология мен стратегиясын анықтауды мақсат еткен «Тәрбиенің тұжырымдық негіздерін» бекіткен еді. Осы құжатта адами және ұлттық құндылықтарға, патриоттық тәрбиеге, еңбекке және адам құқы мен еркіндігіне басымдық берілді.
Бүгінгі жастар осы тәрбие бағыты мен білім үдесінен қаншалықты шығып отырғанын анықтау үшін ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті «Саналы ұрпақ» фронт-офисімен бірлесе отырып, елімізде бірінші рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы олимпиада өткізді. Бұл бастаманы облыс өңіріндегі барлық жоғары оқу орындары мен қоғамдық ұйымдар қолдады. Олимпиадаға облыс өңіріндегі барлық жоғары оқу орындарынан 50 студент қатысты.
Олимпиадаға қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды реттейтін еліміздің және халықаралық заңнамаларынан білімін тексеру үшін бірнеше сұрақтарға жауап беруі тиіс болды. Тақырыптардың бірі студенттерден мемлекеттік қызмет саласындағы реформа өзектілігіне қатысты эссе жазуды талап етті. Департамент бастығының орынбасары Ерлан Салықбаевтың айтуынша, бүгінде сыбайлас жемқорлыққа төзбеу өмірдің барлық саласын қамтиды. Бұл бағыттағы ақпараттар мен заңнамалар талабын қоғамның әр азаматына жеткізетін табысты саясат ұлттың тұрақты дамуына кепілдік береді.
Олимпиада қорытындысы бойынша А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенті Айым Беркенова бірінші орынды, З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің студенті Кәмила Әбілдинова екінші, ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының тыңдаушысы Әсет Наурызбаев үшінші орынды жеңіп алды.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай