Ресми түрде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жөніндегі жұмыс тобының ІІІ халықаралық өлкетанушылар форумы» деп аталған жиынға еліміздің «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру жөніндегі сараптамалық кеңес мүшелері, еліміздің әр облысындағы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары басшылары, музей, тарихи-мәдени мұраны қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі инспекция мамандары, «Қасиетті Қазақстан» жинағын шығаруға қатысқан өлкетанушылар, барлығы 60-тан аса адам арнайы шақырылған екен. Форум жұмысының негізгі тақырыбы – еліміздің мәдени және өлкетану бағытындағы ұйымдарын қолдау, біртұтас мәдени кеңістікті дамыту және «Батыс жауһарлары» тақырыптық көрмесін ұйымдастыру арқылы Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының қасиетті орындарын насихаттау мәселесіне арналды.
Форум жұмысы аясында Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясы ІІ томының тұсаукесері өтті. Бұл жинаққа Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары аумағындағы киелі нысандар енгізілген. Жалпы, алдағы жылдары энциклопедияның еліміздің өзге аймақтарына арналған томдары жарық көрмек. Жинақ барлығы 5 том болады деп жоспарланған.
– 2017 жылы біз жалпыұлттық киелі нысандарды анықтаумен айналыссақ, 2018 жылы өңірлердегі қасиетті жерлердің тізімін нақтыладық. Бұл жұмыс бастан-аяқ жергілікті өлкетанушылардың, сарапшылардың көмегімен жүргізілді. Бұл іске бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары да атсалысты, ел болып жұмыс істедік. Осы жерде айта кетейін, бұл – ата-бабаларымыз ежелден кие тұтып, қастерлеп келген жерлері. Әрине, кейбірі халық жадынан өше бастаған, біздің зерттеулер арқылы ондай жерлердің біразын анықтап жатырмыз. Қазақ тарихында егемендіктен айырылып, езгіде болған кезеңдегі өлгенді тірілту, жоғалғанды табу біздің мойнымызға осы «Қасиетті Қазақстан» жобасы арқылы түсіп отыр. Киелі жерлер тізімін толықтыру жұмысы жалғаса береді. Тіпті бүгінгі Қазақстан шекарасынан тыс жерде қалған, бірақ әр қазақ үшін қастерлі орындарды да ұмытпаймыз, – деді «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы.
«Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы басшысының айтуынша, Қазақстанның әр өңірінде қасиетті жерлерді анықтайтын комиссия құрылған. Осы сарапшылардың көмегімен 2018 жылы киелі жерлер тізіміне жаңадан 286 нысан қосылыпты. Мұның 129-ы – өңірлік, 14-і – жалпыұлттық нысан. Жалпыұлттық нысандар тізіміне Ақмола облысындағы «Тоғыз әулие» кешені, Көкшетаудағы Ақан сері Қорамсаұлы зираты, Ақтөбе өңіріндегі Әбубәкір Кердері кесенесі қосылған.
Форумда елімізде сакральды нысандар туралы жаңа заң дайындалып жатқандығы туралы айтылды. Ол заң күшіне енген соң киелі жерлер қайтадан тексеруден өтіп, әрқайсының төлқұжаты жасалып, мемлекет қорғауына алынатын болады. Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде киелі нысандарды абаттандырып, ел-жұрттың зиярат жасауына, туристердің келуіне қолайлы жағдай жасап отырған өңір басшыларына алғыс айтты. Мысалы, 2018 жылы Батыс Қазақстан облысында сармат ескерткіші – Тақсай ханшайымына және ағартушы Ғұмар Қараштың басына кесене көтерілді.
Форум аясында Атыраудағы Салтанат сарайында «Батыс жауһарлары» көрмесі ашылды. Көрмеде Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының қасиетті орындары кеңінен таныстырылды.
ІІІ халықаралық өлкетанушылар форумының қорытынды жиынында 2018 жылы «Қасиетті Қазақстан» өлкетану жобасы аясында атқарылған кең көлемді жұмыстар және 2019 жылға жоспарланған іс-шаралар барысы баяндалды. Форумнан соң Сараптамалық кеңес комиссиясының отырысы өтті.
Атыраудағы форумға Германиядағы Мюнхень қазақ қоғамдық қауымдастығының мүшесі Сүлеймен Шадкам, Венгрия Республикасындағы «Барыс» мажар-қазақ қоры төрағасының орынбасары, Этвөш Лоранд атындағы мемлекеттік университеттің ғалымы Оңайша Мандоки, Өзбекстан Республикасындағы қазақ ұлттық мәдени орталығының басшысы, химия ғылымдарының кандидаты Хамза Қалмұратов, Ресей Федерациясынан Санкт-Петербург қаласындағы «Атамекен» қазақ ұлттық-мәдени орталығының өңіраралық қоғамдық ұйымының президенті Сәрсенғали Құспанов, Омбы аймақтық «Мөлдір» қазақ мәдениеті қоғамдық кеңесінің төрайымы Алтынай Жүнісова, Қалмақ Республикасындағы Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының «Жерлестер» қоғамдық ұйымының төрағасы Қатимолла Ыдырысов және басқалары қатысты. Алыстан ат арытып келген мәртебелі меймандардың бәрі де атажұрттағы тарихты түгендеу жұмыстарына көңілі толып, ерекше сезімдерін білдіріп жатты.
Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, болашақта өлкетанушыларға ерекше көңіл бөлініп, олардың жұмысын үйлестіріп отырушы мекеме ретінде әр өңірдің тарихи-өлкетану музейлері белгіленбек. Сондай-ақ қазақ тарихына қатысты шетел архивтерінде жатқан құжаттардың көшірмесін елге жеткізу, қазір қазақ тарихшылары мен өлкетанушыларының қолында жүрген құжаттардың көшірмесін бір орталыққа жинап, бірыңғай база жасау мәселесі де айтылды. Өлкетанушы Айболат Құрымбаев архивтердің сенбі-жексенбі күндері қызмет көрсетуін сұраған ұсынысы көпшілік тарапынан қолдау тапты. Өйткені өлкетанушылардың көбі басқа жұмысы, кәсібі бар жандар болғандықтан, сүйікті ісімен айналысуға демалыс күндері ғана босай алады. Ал бұл күндері архив есігі жабық. Форумда бұдан басқа да талай мәселе көтерілді.
Атырау