25 Ақпан, 2019

Сарыкемер ауылы әлі ауызсусыз отыр

1210 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғындары әлі күнге ауызсусыз кү­нел­тіп келеді. Ауданда талай жо­балар қолға алынып, іске асырыл­ғанымен, дәл осы су мәсе­лесі шешілмей-ақ қойды. Бүгін­гі таңда ауыл тұрғындары үшін ауыз су талай жылдан бері түйі­ні тарқамаған көкейкесті мәсе­леге айналды. Шағын да емес, аудан орталығы саналатын Сары­кемер ауылының өзінде қазір­гі кезде 30 мыңнан астам халық тұрады. Яғни, облыстағы ауқым­ды ауданның бірі.

Сарыкемер ауылы әлі ауызсусыз отыр

Бір айта кетер­лігі, өңірде 10 аудан болса, орта­лық­танды­рылған ауыз су жүйесі 9 ау­данда толығымен шешімін тап­­­қан. Тек қана сарыкемерліктер ауыз сусыз отыр. Еліміз азаттық ал­ға­­лы бері отыз жылға тарта уа­қыт өтсе де, бұл мәселе әлі күр­меу­лі күйінде. 

Сарыкемер ауылына арнайы атбасын бұрып, жергілікті тұр­­ғындармен кездескенімізде бәрінің басты мұңы ауыз су екенін байқадық. Тіпті бұл мәселенің көп­шілік тарапынан көтеріліп жүргеніне де 15 жылдай уақыт бо­лыпты. Бүгінге дейін жергілікті тұр­ғындардың бәрі де есік алды­нан құдық қазып алып, содан шық­қан суды ішуге мәжбүр. Су терең­нен шыққан сапалы су болса бір сәрі. Өкінішке қарай, олай бол­май тұр. «Су есік алдынан 5-6 метр тереңдіктен шығады. Бірақ талай жылдан бері мұндағы ха­лық құм, қиыршық тас аралас суды ішуге мәжбүр. Бәріміз де суды қайнатып, ыдыс түбіне тұнды­рып барып ішеміз. Бұл − денсау­лыққа зиян. Бір сөзбен айт­қанда, 30 жылға тарта уақыт бойы ха­лық­тың көрген күні осы. 2013 жылы болуы керек, ауылымызға ауыз су тартыла бастап еді, соңы аяқсыз қалды. Оның себебі қарапайым халыққа белгісіз», дейді ауыл тұрғыны Қыдырәлі Оралов.

Көпшіліктің айтуынша, келмеске кеткен Кеңес өкіметінің кезінде бұл ауылда ауыз су болған екен. Орталықтандырылған су құбырлары жүйелері арқылы халық тіршілік нәрін татып отыр­ған. Алайда Кеңес өкіме­тінің құ­лауымен бірге әлгі су құбыр­ларының да тозығы жетіп, ақыры іске жарамсыз болып қалған. Со­дан бері сарыкемерліктер таза су көрмегенін айтады. Осы ауылда 30 жылдан бері тұрып келе жатқан Мекиа Раджамов та мұндағы көпшіліктің басты мәселесі басқа емес, тап осы ауыз су екенін жет­кізді. «Ауылдың кіреберісінде тереңнен шығып жатқан таза су бар. Ол бір нүктеде ғана. Ол жерден бүкіл халықтың су ішуі мүмкін емес. Арасында болмаса, халық та ол жаққа көп бара бермейді. Дүкеннен кейде ішуге, тамаққа пайдалануға литрлеп таза су сатып аламыз. Бірақ үнемі сатып ала беру мүмкін емес. 30 мыңнан астам тұрғынның бәрінің жағдайы бірдей емес. Кейде есік алдындағы құдық суынан шай қайнатқанда шәйнектің аузына құм толып, су ақпай қалады. Бәрінен де балаларға обал. Біраз жыл бұрын ауылымызға ауыз су тартылмақшы болып, жұмыс атқарылды. Сонда тиісті басшылар келіп, орталықтандырылған су жүйесін іске қостық деп лента­сын да қиған. Бірақ үш-ақ күн су болды. Одан кейін тағы тоқтап қалды. Сондықтан ауыл халқына таза су керек», дейді ол. 

Күн тәртібіндегі күрделі мә­­се­леге республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, құба-құп. Нақты айтсақ, аталған ауылға құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 3 миллиард 816 миллион теңге қажет екен. Жер­­гілікті халық ендігі жерде таза су мәселесінің шешілуіне үмітті. Егер биылғы бюджет­те осы мәселе қаралып, тиіс­ті шешім қабылданса, талай жылғы түйінді мәселенің нүк­тесі қойылмақ. «Сары­кемер ауылының халқына орталық­тандырылған ауыз су жүйесі керек. Бұрын су құбырлары ескі жүйеге қосылған болатын. 2013 жылы бұл мәселені шешуге қаржы бөлінген. Алайда, про­кура­тура органдары ауылда жерасты су қоры жоқ, сондықтан қаржы бөлу негізсіз деген қоры­­тынды шығарып, қаражатты ке­рі қайтарды. Енді аудан, ауыл хал­қының атынан айтарым, осы мәселеге республикалық бюд­жетті нақтылау кезінде қара­жат бөлінсе құба-құп болар еді. Жалпы, Сарыкемер ауылындағы су құбырларының ұзындығы 116,6 шақырымды құрайды. Аудан орталығына ауыз су тарту мәселесіне орай, өткен жылы жобалық-сметалық құжаттар да­йындалып, өткізілді», дей­ді аудан әкімі Рахматілда Рах­ман­бердиев.

Аудан әкімдігінің мәліметін­ше, был­тыр Қостөбе, Көктал, Талас, Сеңкібай, Байзақ және Сары­кемер ауылдарының су жүйе­леріне жо­ба­лау сметалық құжат­тары әзір­леніп, мемлекеттік сарап­та­мадан өткі­зілген. Барлық әзір­ленген құжаттар республикалық бюд­жеттен қаражат қарастыру үшін еліміздің Инвестиция және да­му министрлігіне тапсырылды. Ал кезінде жерасты су қоры жоқ делінген Сарыкемер ауылы бү­гінде жерасты су қорлары анық­талған 6 ауылдың қатарында тұр.

Шынында да көпшіліктің күр­делі мәселесі шешімін тапса игі. Қиын түйінді тарқатуға қара­жат қолбайлау болғанымен, тұрғын­дардың ауыз суға деген үміті әлі сөнбеген. Сонымен қатар, рес­пуб­ликалық бюджеттің ат­қарылуын ба­қылау жөніндегі Есеп коми­те­тінің төрайымы Наталья Годуно­ваның Елбасы­на жазған бюджет жобасына жүр­гізілген алдын ала бағам­даудың негізгі қо­ры­тын­ды­лары туралы ақ­пара­тында ха­лық саны 30 250 адамды құ­райтын Сарыкемер ауылы су­мен жабдықталмағаны көрсетілген. Бұл да халықтың көңіліне демеу болып отыр. Ал аудан әкімі Р.Рах­манбердиев ауыл тұрғындары атынан Парла­мент Сенатының депутаттары Абдалы Нұралиев, Мұратбай Жол­дасбаев және Қо­жахан Жа­бағиев, Парламент Мәжі­лісінің депутаты Бақытжан Е­р­таев сияқ­ты бірқатар халық қа­лау­лы­ларының атына осы жоба­ның құ­­ры­лысын қолдап, респуб­ли­калық бюджеттен қаражат бө­луге ықпал етулерін сұрап хат жа­зыпты. Әлі де болса әліптің ар­тын бағып отырған қарапайым тұр­­ғындар жақсылықтан үмітті. Әзір­ге бір игілігі болар деп үміт­тен­ген халық құм, қиыршық аралас суды тұндырып ішіп, өмір сү­ріп келеді.

Байзақ ауданы сулы, нулы жер болғанымен, ауданда ауыз су мәселесі тек Сарыкемерде емес, бірқатар ауылдарда да бар. Бү­гінге дейін аудандағы 43 елді мекеннің 20-сы ғана ауыз сумен қамтылған. Бір таңғаларлығы, тұрғындар саны Сарыкемер ауылынан әлдеқайда аз Түймекент, Қызыл Жұлдыз, Дихан, Абай сияқты ауылдарда бұл мәселе оң шешілген. Ал өткен жылы аудандағы 4 ауылға ауыз су жүйесі 1 миллиард 498 миллион теңгеге жүргізілді. Сонымен қатар, былтыр 6 ауылға су тарту үшін жо­ба­лық-сметалық құжаттар дайын­далған. Биыл Талас ауы­лына құрылыс жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен 218 миллион, облыстық бюджет­тен 24 миллион, барлығы 242 мил­лион теңге бөлінді. Алайда ауыл­дар­ды ауыз сумен қамтудағы ең үл­кен жоба Сарыкемер ауылы екен.

Ширек ғасырдан астам уақыт бойы шешілмей келе жатқан мәсе­ленің мәнісі осы. Күн сайын құмды суды ыдысқа тұндырып ішіп, әупірімдеп күн кешіп келе жат­қан көпшіліктің көкейкесті мәсе­лесі алдағы уақыттарда ше­ші­­мін табады деген үміт бар.

Хамит ЕСАМАН, 

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы 

Байзақ ауданы

Сарыкемер ауылы